ФОЛЬКЛОРДЫ ШЫҒАРУШЫЛАР МЕН ОРЫНДАУШЫЛАР
ЖӘНЕ САҚТАУШЫЛАР. Қай фольклорлық шығарманы болсын оу-баста бір адам шығаратыны белгілі. Уақыт өте келе ол шығарма бірден-бірге тарап, фольклорлық процеске түскенде алғашқы автор ұмытылады да, айтушылар өз жанынан қосып, тілін көркемдеп, оқиғасын ширата түседі.
Сөйтіп, фольклорлық шығарма бірнеше ұрпақтың илеуінен өтеді… Қазақ арасында фольклорды шығарушылар, — сөз жоқ, аузы дуалы, сөзге ебі бар өлеңшілер, әңгімешілер мен ертекшілер, ақындар мен шешендер болған. Елге тарап, дәстүрге айналып кеткен туындыларды арнайы орындайтын жыршылар болған. Олар жыр айтуды кәсіп еткен. Сондықтан қазақ елінде жыршылық мектеп қалыптасқан. Қазақстанның байтақ жерінде бірнеше мектеп болған, олардың жыршылық дәстүрі, орындау мәнері ұстаздан шәкіртке ауысып, ғасырдан ғасырға жетіп отырған. XX ғасырға дейін жыршылықтың мектебі мен дәстүрі қазақ ұлтының рухани талабын қамтамасыз етіп, халық мәдениетінің негізгі саласына айналған. XX жүзжылдықта жыршылық дәстүр бұрынғыдан гөрі сәл саябырлап, жырды кәсіп қылған жыршылардың орнын халық ақындары басты. Олар өз туындыларымен бірге ескі эпосты да орындаған және жаңа дастандар да шығарған. Сонымен, қазақ фольклорын тудырушылар, орындаушылар және сақтаушылар әр дәуірде болғанын, олар біздің уақытта да бар екенін қуаттауға тура келеді. Рас, бүгінде арнайы жыршылар жоқ, жырды жаттап айтып жүргендер, негізінен, — ел ішіндегі өнерпаздар мен кейбір артистер.