Мысал. Кең тараған жанрдың бірі. Оның қайнар көзі екі түрлі: а) ежелгі фольклор, дәлірек айтқанда миф пен хайуанат туралы ертегі; ә) көне кітаптар, шығыстық кітаби тәмсілдер. Қазақ арасында мысалды (прозалық) әңгіме түрінде де, өлеңмен де орындау дәстүрі болған. Мысалдың негізгі мақсаты – мораль айту, тәлім беру. Бұл тұрғыдан ол мақалға жақын. Оларды жақындастыратын тағы бір нәрсе – нақты бір жағдайға байланыстылығы. Бірақ мақал мінез-құлықтың моделін көрсетеді, ал мысал – өмір салтының түрін жасайды. Мысалда аллегория басым, бірақ ол жалаң болмайды. Аллегория мысалға эстетикалық функция дарытады. Оның эстетикалық болмысы баяндаудан көрінеді: кейіпкерлер контраста болады, олардың ісәрекеті тартыста көрсетіледі. Сюжет мықты мен әлсіз кейіпкердің күресіне құрылады да, көбінесе әлсіз жеңіп, әділеттілік орнайды. Осы аркылы ғибрат беріліп, мораль айтылады, халықтық утопия жүзеге асады.