Балалар фольклоры. Фольклордың бұл түрі өзіндік сипатымен ерекшеленеді. Ең бастысы – осы топқа жататын шығармалар кімдерге арналғандығы және қандай мақсатта орындалатындығы, яғни қандай функция атқаратындығы. Осы екі шартқа сүйене топтағанда, балалар фольклоры әр түрлі ішкі жанрларға, немесе түрлерге бөлінеді. Бірінші шарт бойынша балалар фольклоры үлкен үш топ құрайды: а) үлкендердің балаларға арналған фольклоры, ә) үлкендер репертуарынан балалар аузына көшкен шығармалар, б) балалардың өз ортасында айтылатын фольклор. Демек, бұл шарттың ұстанымы – генетикалық негіз. Ал, екінші шарт балалар фольклорының атқаратын функциясын негізге алады. Ол бойынша мынадай топтарды бөлуге болады: а) балалар ойынына байланысты, ойын үстінде орындалатын шығармалар; ә) ойыннан тыс, басқа мақсатта орындалатын шығармалар.
Қазақтың балалар фольклорын үлкен екі сала бойынша қарастыруға болады: а) балаларға арналған шығармалар, ә) балалардың өздері шығарған шығармалар.