Ертегілік дастандар. Бұл шығармалардың екі түрлі сипаты бар. Бірі – сюжет ертегілік болғанмен біршама шыншыл болып келеді, әрі кейіпкерлердің махаббат үшін күресін де қамтиды («Жаскелең», «Құбыл», «Құбығүл», т.б.). Мұнда ертегіге тән қиял мен ғажайыптық қатар жүреді: бас қаһарман ерекше болып туады, ол батыр болып өседі; қызға түсінде ғашық болып, соны іздеп шығады, т.б. Екіншісі – таза ертегінің сюжетіне құрылғандығы. Мұндай ертегі дастандар шығыста да кең тараған. Алайда, біздің ертегілік дастандар оларға қарағанда тым әсірелеуді пайдаланбайды, оқиғаны қоюландырмайды, тартысты күрделендірмейді. Көбінесе, белгілі бір мақсатқа құрылады, ғибрат айтуға, үлгі көрсетуге бейім болады. Қиялғажайып ертегілермен қатар новеллалық, кейде сатиралық ертегілер негіз етіп алынады. Соның өзінде де дастанның бүкіл құрылымы, оқиғасы, көркемдігі, кейіпкерлердің іс-әрекеті эстетикалық түрде баяндалғанмен практикалық-тәрбиелік міндет атқарады («Құламерген», «Қисса-и Дотан Құбанақбайұлы», «Аяз би», «Ақыл, Қыдыр, Бақ», т.б.).