Әлеуметтік-сүйіспеншілік дастандар.

Әлеуметтік-сүйіспеншілік дастандар. Қазақтың өз топырағында туған әлеуметтік-сүйіспеншілік және ертегілік дастандары ұлттық фольклордың ХІХ-ХХ ғасырларда жалғасқан дәстүрін көрсетеді. Ақындар мен жыршылар ежелгі эпос пен дастанның поэтикасын пайдалана отырып, өзіндік сипаты бар жаңа шығармалар туғызған. Олардың сюжеті әр алуан: өмір шындығы, немесе халық ертегісі, я болмаса ескі кітаптарда баяндалатын оқиға, т.б. Осыған байланысты олардың мазмұны шыншыл, әлеуметтік мәселе мен махаббат, яки ертегі кейіпкерлерінің барлық қиындықты жеңіп, бақыт-мұратына жеткені болып келеді.

Бұл шығармалардың алғашқы үлгілері өмірде болған XVIII ғасырдың оқиғаларын негіз етіп алған. Әуелде ел арасында әңгіме, аңыз турінде тарап жүрген сюжетті XIX ғасыр ақындары дастанға айналдырған. Бірте-бірте мұндай шығармалар (авторлары болса да) көпшілікке тарап, варианттар туғызған («Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек»). Бұлардың кейбірі шежірелік тұтастану процесіне түскен. Мысалы, Еңлік пен Кебектің артында қалған Ермек атты баласы туралы дастан пайда болып, оның кек алуы баяндалады.

Әлеуметтік-сүйіспеншілік дастандардың, әсіресе, көбейген тұсы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бірінші жартысына тура келеді. Бұл кезеңдегі дастандардың басты ерекшелігі – махаббат үшін күрескен жастардың әр түрлі тапқа жататындығы: қыз — бай, ауқатты әулеттен болады да, жігіт – кедей, малшы, қолы қысқа, бірақ кісілігі мықты азамат. Мұндай таптық тартысты енгізу – жазба әдебиеттің әсері. («Айсары-Шорман», «Назымбек пен Күлше қыз», «Ахмет-Кәшім», «Ақбөбек», т.б.). Бұл дастандарда қиял-ғажайыпты жағдай жоқ, махаббат сезімі естен танарлықтай көтермеленіп көрсетілмейді, кейіпкерлердің іс-әрекеті, ауылдың тыныстіршілігі барынша шындыққа жақын суреттеледі. Шытырман оқиға жоқ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *