Аңыздар мен шешендік сөздер

Аңыздар мен шешендік сөздер. Аңыз – фольклорлық прозаның ішіндегі ең тарихқа жақын жанр, ол кереметтіліктен ада десе де болады. Аңыздар әр кезде де туып отырады, сондықтан біздің фольклорда ежелгі заманда, сондай-ақ кейінгі уақыттарда пайда болған аңыздар қатар жүреді. Көркемдік сипаты мен шындыққа қатысы жағынан алғанда аңыздар екі түрге бөлінеді. Бірі – тарихи аңыздар, екіншісі мекендік (топонимикалық) аңыздар. Алғашқысында сюжеттің негізі – тарихи оқиға болады да, кейіпкерлер де көп жағдайда өмірде болған, ел тағдырында елеулі роль атқарған айтулы адамдар болып келеді. Топонимикалық аңызда, негізінен, белгілі бір жердің тарихы, оның солай аталу себебі әңгімеленеді. Мұнда да тарихи жәйттер кездеседі, бірақ олар басты мәнге ие емес, сол себепті топонимикалық аңызда қиял да (вымысел) орын алады.

Баяндалатын оқиғалары мен бейнеленетін кейіпкерлеріне қарай тарихи аңыз бірнеше топ құрайды: а) оғыз-қыпшақ заманының оқиғаларына байланысты аңыздар. Олардың біразы уақыт өте келе әпсанаға айналған; ә) Алтын Орда дәуіріне қатысты аңыздар, олардың кейіпкерлері: Шыңғыс хан мен Жошы, Ақсақ Темір мен Едіге, т.б.  Бұларда тарихилық басымырақ; б)  Қазақ хандығы тұсындағы оқиғаларды әңгімелейтін аңыздар, олардың басты қаһармандары; в) XIX ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты туған аңыздар, олардың кейіпкерлері; г) XX ғасырда жасаған тарихи тұлғалар туралы аңыздар.

Тарихи аңыз тобына шешендік сөздер де енеді. Олар мазмұнына және қаһармандарына қарай, негізінен, Қазақ хандығы тұсында және одан кейін де өмір сүрген билердің төрелік жүргізген даулы оқиғалары туралы әңгімелейтін тарихи аңыз болып табылады. Әрине, бұл аңыздарда халықтың өмірде осылай болса екен деген ой-арманы реалды шындықты әсірелей көрсетеді. Ал, мұның өзі, түптеп келгенде, фольклордың табиғатынан туындайтын қасиет екені белгілі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *