Мифтер. Әлем фольклорында мифтің түрі көп. Олар әр елдің өмір салты мен рухани даму деңгейіне сәйкес әр алуан сипатта болады. Айталық, жаңа дәуірге дейін алғашқы рулық қауым формасында өмір кешкен австралиялықтардың, африкалықтардың мифтерінде архаикалық белгілер көп сақталған. Ал, феодалдық мемлекет түрінде ғұмыр кешкен жұрттарда мифтер ежелгі қасиеттерін жоғалтқан, немесе басқа бір жанрға айналып кеткен, я болмаса өзге жанрларға сіңіп, сарқыншақ түрінде көрінеді. Қазіргі ғылым осының бәрін зерттей келіп, мифтің мынадай түрлерін анықтаған: жасампаздық мифтер, космогониялық мифтер, этиологиялық мифтер, эсхатологиялық мифтер, тотемистік мифтер, шамандық мифтер, генеалогиялық мифтер, дуалистік мифтер, т.т. Қазақ фольклорында бұлардың барлығы дерлік ұшырасады, бірақ олар көбінесе таза күйінде емес, басқа жанрлардың құрамында, кейде жеке әңгіме түрінде кездеседі. Мифтің басты міндеті – жер бетіндегі нәрселердің, аспан шырақтарының, адамның, жанжануардың пайда болу себептерін түсіндіру. Бұл үшін алуан түрлі ежелгі наным-сенімдер, ұғым-түсініктер пайдаланылады. Солардан мифтік сананы, оның өзгеруін, сөйтіп бірте-бірте көркем құралға айналғанын көруге болады. Қазақ мифінің ішінде әсіресе кең тарағаны – жер бетіндегі тау-тастың, көлдің пайда болу тарихын баяндайтын, сондай-ақ аспан әлемінің құрылысын түсіндіретін және әртүрлі жануар мен жәндіктердің кейбір қасиеттерін әңгімелейтін шығармалар. Айталық, Жетіқарақшы, Ай мен Күн, Құс жолы мен Кемпірқосақ туралы әңгімелер – космогониялық мифтер болса, қарлығаштың құйрығы неге айыр, қоянның ерні неге жырық, суыр неге адамша қол қусырып тұрады? – деген сұрақты-себепті баяндаулар этиологиялық мифке жатады. Ертедегі адамдар табиғаттың құбылыстарын, аспан әлеміндегі шырақтарды түсіну үшін олар туралы неше түрлі миф шығарып, өз тұрмысын соларға көшірген, көп нәрсені күнделікті шаруа мен тұрмыс, адамдық қасиеттер мен қатынас тұрғысынан түсіндірген. Мифтердің басты кейіпкерлері – ілкі ата, жасампаз қаһарман, тотем-баба мен шаман. Бұлармен бірге ежелгі рух-иелер: желаяқ, көлтауысар, саққұлақ, таусоғар жүреді.