Нұртас Исабаев

Нұртас Исабаев

(1954)

Қазақстан Жазушылар одағының және Ораз Жандосов қоры сыйлығының        иегері.        ҚР        Мәдениет        және        ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған. Көптеген танымал әндердің авторы.

 

Досы жоқ сараң байдан қалтыраған Досы көп кедей артық жарқыраған.

***

 Жеңбедім деп болма налып наразы, Шын өнерге уақыт қана таразы.

***

Тастамайтын қиындықта, кездеріңде ауырған,

Жақын бар ма бұл өмірде ата-ана мен бауырдан?!

***

Адал достар сыйласар алданбастан, Таныс артық алдайтын жалған достан.

***

 Өздері түкке тұрмайды, Өзгенің ойын ұрлайды.

***

Бақытсызды мүсіркеме, аяма,

Жақсылықпен, мейіріммен аяла.

Өмірдің сырлары көп біз ұғынар, Әр жастың, мезгілдің өз қызығы бар.

***

Тартпау үшін тозақтың бар азабын, Арақ ішпе кезінде оразаның!

***

Елім түгел кедейліктен арылар,

Таусылғанда жемқор ұры-қарылар.

***

Көп сөйлесе жалықтырар ақылды да, дарын да,

Мылжыңдамай тоқтала біл беделіңнің барында.

***

Жақсылыққа жұмса да уақытты мол, Таң нұрына шомылып бақытты бол!

***

Тағдыр кімді сүйген дейсің, Бәріне де үйренесің. Сүйгеніңе үйленбейсің, Бұйырғанға үйленесің.

***

Қызықсаң да, қимасаң да қаншама,

Болмайтынды болдырам деп шаршама.

***

Сүйген адам адамдарды, құдайды Қиындықтың бәріне де шыдайды.

 Өмір — өзен, жүзіп өту жеңіл ме?

Арманыңа жетем десең , жеңілме!

***

Байлық дейді сол байлықтың құлдары, Айлық дейді елдің адал ұлдары.

***

Сүймегендер махаббатқа сенбейді,

Шын махаббат сөндірсең де сөнбейді.

***

Мейірім бізді менмендіктен, қаталдықтан сақтасын, Жүрегіміз аяздағы мұздай болып қатпасын.

***

Жас адам армандайды болашағын, Кәрі адам көп ойлайды бала-шағын.

***

,,Өзіңнен кейінгілерді көріп қартаясың»,

Өзіңнен алдағыларды көріп жасарасың.

***

Айып емес, кемтарлығың, қарттығың,

Бақыт деген түсінгенге — шартты ұғым.

***

Жауын-қарсыз ауа бұзылады, Иман-арсыз адам бұзылады.

***

Сақтамас сені байлық, жиған мүлік,

Сақтайды Алла, мейірім, имандылық.

***

Өмір қымбат, атақ-байлық, жар қымбат, Бәрінен де ұят, намыс, ар қымбат!

***

Ғаламда орман таусылмайды, Адамда арман таусылмайды.

***

Кімнің көп жақсы досы бар —  Шалқыған көңіл қошы бар.

***

Батырсынып үрер қанден алыстан, Үндемей-ақ алысады арыстан.

***

 Жаман ой жамандықты шақырады, Жақсы ой жамандықты қашырады.

***

Жемісті болса жұмысың,

Тасады байлық-ырысың.

***

Қадірлі жан болғың келсе халыққа, Адал еңбек етуден бір жалықпа.

***

Мейірімді болса жүрегің,

Көп болар досың, тірегің.

***

Қолыңнан келсе жақсылық жаса досыңа, Қамқорың болар іс түскен кезде басыңа.

***

Өмірде дәйім көп болсын досың, жолдасың, Досыңды қолда, досың да сені қолдасын!

***

Сарыуайымнан адам жүдеп-азады, Үміт сенім дертіңді де жазады.

***

Жақсы әйел көңілді марқайтады, Жаман әйел күйеуін қартайтады.

***

Құмар болсаң бос күлкіге, өсекке, Өмірді құр өткіздім деп есепте.

***

Болмаса адамдарға жамандығың, Ол сенің адалдығың, адамдығың.

***

Тарылмасын жақыныңа пейілің, Өмір мәні — махаббат пен мейірім. Мықтысың азғыратын сөзге ермесең, Өмірің өзгермейді өзгермесең.

***

Сүйкімді жоғалтпаса қыз қылығын, Ұл жақсы жоғалтпаса ізгілігін.

***

Ойды ой қозғайды,

Сезімнен сезім қоздайды.

***

 

Болмайды даналықпен шалалық тең, Озарсың өнерде де даралықпен.

***

Бақыт бар ма махаббатқа тең келер,

Махаббатты ұқпайтын көп пенделер.

***

Адамдар бар махаббатын таппаған, Адамдар бар махаббатын сатпаған. Мен қорқамын пенделерден опасыз, Ардан аттап пәк сезімді таптаған.

***

Жаман болса алғаның, Бір бәлеге қалғаның.

***

Барлық өмір күннен жерден нәр алған,

Махаббаттан, құштарлықтан жаралған.

***

Поэзия қасиетті, киелі, Жаны нәзік жандар оны сүйеді.

***

Мақтағанға есіріп данасына,

Қалып жүрме жұртыңның табасына.

Халық деген сыншы ғой, бір-ақ сәтте, Әдепсізді түсірер сабасына.

***

Арақ ішіп, күйге түсіп албасты,

Талай адам ақылынан алжасты.

***

Қояйықшы рушылдық, тайпалықты, Бөлінуден талай ел шайқалыпты. Арандатып қанша жау шапқанымен, Жеңе алмайды бірлігі бай халықты.

***

Қарынды тойғызатын — мәзір, Көңілді тойғызатын — әзіл.

***

Тұзсыз астың дәмі жоқ, Қызсыз үйдің сәні жоқ.

***

Қыстың қары жақсы, Мезгілдің бәрі жақсы.

***

 Дәптері өлеңге толса да, Ақынның көңілі толмайды. Өмірде қанағат болса да,

Өнерде қанағат болмайды.

***

Кез бола ма өмірде ұрламайтын,

Жандар барда шындықты бұрмалайтын?

***

Болмаған соң саф алтындай салмақты, Заман желі билетеді қаңбақты.

 

***

Шындықтың да шындығы бар, Зиянсызы, сұмдығы бар.

Өсек, қулық,, бақталастық,

Сау адамды жынды қылар.

 

***

Жылы сумен тән тазарады, Сұлу сөзбен жан тазарады.

 

***

Арман қуып асқар шыңға талпындың, Білім алып, қасиетін ұқ халқыңның.

Азамат бол абыройлы, өнерлі,

Бақытты бол, баласы бол халқыңның!

***

Өмір деген қозғалыс пен күрес депті данышпан, Әрбір адам бақыт үшін қиындықпен алысқан. Өзің үшін өмір сүріп, масыл болып жүргенше, Елің үшін арпалысып өлген жақсы намыстан.

 

***

Ұйқтай берсең тұрмай ұзақ төсектен, Өкінерсің күндеріңе бос өткен. Ғұмыр кешсең, мағынасыз, мақсатсыз, Айырмаң не ішіп-жеген есектен?

***

 Білім — мөлдір бұлағың,

Жол көрсетер шырағың.

***

Шешен болып өссін десең ақылың, Есте сақта даналардың нақылын.

***

Зая кетпес елге еткен еңбегің,

Нағыз ерлік — өзіңді өзің жеңгенің.

 

***

Дүниеге, байлыққа құныққандар, Жалғандығын фәнидің ұмытпаңдар!

***

Досыңа қамқор болсаң ақсағанда, Қонады бақыт болып бақ саған да. Басына қанша зұлмат төнсе дағы,

Жамандық жолдас болмас жақсы адамға.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *