ӘЛІШЕР НАУАИ, Ә л і ш е р Низамаддин Мир Науаи

ӘЛІШЕР НАУАИ, Ә л і ш е р Низамаддин Мир Науаи (9.2.1441, Герат, — 3.1.1501, сонда) — түркі халқының ұлы ақыны, ойшылы, мемл. қайраткері. Әкесі өлгеннен кейін 12 жасар Ә. Н-ды Әбілқасым Бабыр өз тәрбиесіне алған. Ә. Н. 15 жасында түркі және парсы тілдерінде бірдей жазатын белгілі ақын болды. Гератта, Мешхедте, Самарқанда оқып, логика, философ., матем. пәндерінен мағлұмат алды. Өзінен бұрынғы Фирдауси, Низами, Дехлауи, Хорезми, Сайф Сараи, замандастары Атаи, Саккаки, Лутфи, Жәми шығармашылығымен танысты. Өзінің мектептес досы Хұсайын Байқара Хорасанның әмірі болған кезде, 1469 ж. оның мөр сақтаушысы (мұхрад) қызметін атқарды. 1472 ж. уәзір болып тағайындалды және әмір құрметті атағы берілді. Ә. Н. осы қызметтерде жүріп, ғалымдарға, суретшілерге, музыканттарға, ақындарға, хуснихатшыларға (каллиграфтарға) қамқорлық жасады. Өз қаржысына жолдар, көпірлер, каналдар, керуен сарайлар, мектептер, шеберханалар салдырды. Ә. Н-дың халық арасында абырой-беделінің артуын қызғанған басқа уәзірлер оны Байқарамен араздастырып, 1476 ж. уәзірліктен босатылуына себепші болды. Ол шығармашылық жұмыспен айналысып, “хәмсә” жырлар тобына енетін “ Жақсылардың таңдануы” (1483), “Фархад пен Шырын”, “Ләйлі мен Мәжнүн”, “Жеті әлем” (1484), “Ескендір дуалы” (1485) атты шығармаларын жазды. Ә. Н. “хәмсәсының” Низами,

Дехлауи, Жәми “хәмсәларынан” ерекшілігі — араб-парсы тілінде емес, түркі-шағатай тілінде жазылуы, халықтың ой-арманына, мақсат-мұратына жақындығы.

1487 ж. Байқара Ә.Н-ды Гераттан аластау үшін Астрабадқа қалаби қызметіне жіберді. Ол мұнда шаруаларды алым-салықтан құтқарды, парақор, зұлым өкімдерді қызметтен босатты, мектеп, медресе салдырып, ғылым, өнер, әдебиет істеріне қамқорлық жасады. Бір жылдан кейін өз өтініші бойынша Гератқа қайтып келіп, шығармашылық жұмысына кірісті. 1488 — 1501 ж. арасында көптеген ғылыми және көркем шығармалар жазды. Олардың ішінен тарихи-өмірбаяндық (“Әджәм патшаларының тарихы”, “ Саид “Хасан Ардашердің өмірі”, “Пәһлован Мұхаммедтің өмірі”), дидакт.-филос. (“Құстар тілі”, “Көңілдердің сүйгені”), әдеби-теор. (“Өлең өлшемі”), лингвист. (“Екі тілдің таласы”), әлеум.-экон. (“Вақфия” ),діни-ғұрыптык(“Пайғамбарлар мен хакімдердің тарихы”, “Мұсылмандық нұры”, ‘Тауһарлар шоғыры”) туындыларын атауға болады. 40 мың жолдық “Ой қазынасы” (“Хазоин ул-маони”) аталатын кітабы төрт жинақтан (“Чар диуан”) тұрады: “Балалық базары”, “Жастық жарасымы”, “Егделік ерсілігі”, “Қарттың өсиеттері”. Парсы тілінде 12 мың жол өлеңін “Диуан- фани” деген атпен дербес жинақ етіп құрастырды. “Бес қайрат” (“Хәмсәт ул- мутахаиринд») кітабын ұстазы Абд әр-Рахман Жәмиге (1414 — 92) арнады. 15 ғ-да өмір сүрген 400 шайырдың шығармашылығынан мәлімет беретін “Ғажайып мәжілістер” (“Маджолис ун- нафоис”) кітабын жазды.

Ә. Н. шығармалары 15 ғ-дың өзінде Мауераннахр мен Хорасанда ғана емес, Иран, Әзербайжан, Шығ. Түркістан, Үндістан, Мысыр, түркі елдеріне, кейіннен Еуропа мен Америка кітапханаларына тарады. Ақын шығармашылығы 19 ғ-дың орта шенінен шығыстанушы ғалымдардың назарын аудара бастады. Ә. Н- дың ақындық дарынына ұлы Абай да тәнті болып,оның шығармашылық дәстүрін жалғастырған. 20 ғ-да науаитану қазірде дербес ғылым саласына айналды. Ә. Н. образына әдеби-көркем, муз. шығармалар да арналды. Шығармалары көптеген тілдерге аударылған. Тандамалы өлеңдері қазақ тілінде екі рет (1948, 1968) кітап болып басылды. Айбектің “Науаи” романы қазақ тілінде жарық көрді (1950). Ә. Н. шығармашылығын зерттеуге қазақ ғалымдары да (М. Әуезов, Е. Ысмайылов, Р. Бердібаев, К. Сейдеханов, т.б.) елеулі үлес қосты. Ұлы шайырдың мерейтойы КСРО көлемінде аталып өтті (1948, 1968). Ақын Н. Айтовтың Ә.Н-дың ғазалдарын қазақ тіліне тәржімалап, жеке кітап етіп шығарды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *