ӘЛІПБИ

ӘЛІПБИ, алфавит — жазуда қолданылатын әріптердің белгіленген тәртіп бойынша орналасқан жиынтығы. Әріптердің рет тәртібін де білдіреді. Ұғымды белгілейтін идеограмма жазудан, сөзді бейнелейтін логограмма жазудан Ә-лік жазудың жүйесі мүлде бөлек. Өйткені Ә-лік жазу — жеке дыбыстарды бейнелейтін және сол арқылы тілдегі сөздердің дыбыстық мағынасын беретін жазба таңбалар жүйесі. Жазудың Ә-лік үлгісін, яғни таңбаның бір ғана дыбысқа (фонемаға) сәйкес келуін б.з.б. 3- мыңыншы жылдардың ортасында семит халықтары ойлап тапқан. Олар сына жазудағы таңбаларды пайдалана отырып, дауыссызды дауыстылармен тіркесуіне қарай үш түрлі таңбамен берген (мыс., т дауыссызын та, те, ти), өйткені семит тілдерінде үш-ақ дауысты дыбыс бар. Ал 2-мыңыншы жылдың алғашқы жартысында консонанттық буын жазуының жаңа түрі пайда болып, кез келген дауыстымен тіркескен дауыссыз жоғарыда айтылған сына жазудағыдай әр түрлі таңбамен емес, бір ғана таңбамен белгіленетін болған. Б.з.б. 2, 1-мыңыншы жылдары қалыптасқан финикий (семит тілдерінің бірі, өлі тіл) Ә-і жазу тарихындағы Шығыс және Батыс Ә-леріне негіз болған. Финикий Ә-і негізінде финикийлермен, басқа да семит тілдерімен туыстас көлбеу сызықты (курсив) арамей (көне семит тілі) Ә-і Таяу Шығыс, Орт.

Шығыс елдерінің бәріне дерлік тарады. Б.з.б. 6 — 4 ғ-ларда Кіші Азиядан Үндістанға дейінгі билік құрған Ахемен әулеті билеген парсы мемлекетінде қолданылған парсы-арамей жазуы (парфян, соғды, хорезм жазуларына негіз болған), еврейлердің шаршы жазуы, сирия-арамей жазуы (манихей, несториан, яковит жазуларына негіз болған), жол асты, жол үсті дәйекшелерімен толықтырылған араб жазуы, т.б. арамей жазуының жергілікті тармақтарына жатады. Түзу сызықты финикий Ә-і бастапқы түрінде Кіші Азия, Грекия, Италия, т.б. елдерде қолданылды. Ал көне грек Ә-і бірнеше тілдердің жазу-сызуына негіз болды. Бұлар жазу-сызу тарихында батыс Ә-лері деп аталды. Классик. грек жазуы, Византия жазуы, копт (христиан мысырлықтар), гот, славян жазулары көне грек Ә- нің Шығ. тармақтарына жатады. Ал италий, этрус, көне герман сына жазуы, т.б. батыс грек Ә-нің тармақтары болып саналады. Бұлардың ішінде этрус Ә-і лат. Ә-не негіз болған. Түркілер 12 ғ-дың өзінде- ақ латын Ә-ін қолданған. Мыс., дүние жүзіне әйгілі “Кодекс куманикус” кітабы осы Ә. негізінде жазылған. 8 — 13 ғ-ларда Орт. Азиядағы түркілердің арамей-сирия тармағынан тараған несториан, манихей жазуларымен жазған жазба ескерткіштері болды. Сондай-ақ парсы-арамей тармағына жататын соғды Ә-і Шығыс Түркістанда кеңінен қолданылған көне ұйғыр Ә-іне негіз болған. Ал көне ұйғыр Ә-і негізінде 13 ғ-дан кейін тұңғыс-манжұр жазулары қалыптасты. Түркі халықтарының әлемге әйгілі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің Ә- іне соғды жазуы негіз болған деген де пікір бар. Дания ғалымы В. Томсен мен орыс ғалымы Е. Поливанов түркі Ә- ін арамей Ә-іне жанасымы жоқ идеограммалардың негізінде пайда болды деген болжам жасады. Ал орыс шығыстанушысы Н. Аристов түркі Ә- ін ешбір бөгде Ә-дің ықпалынсыз, түркі таңбалары негізінде туған төл жазу деп санайды. Жазу-сызу мен сауаттылық, әсіресе, орта ғ-ларда дінмен тығыз байланысты болды. Діни уағыздарды таратуда жазу-сызу кеңінен қолданылды. Арамей жазуы зоратуштрашылдық, шаршы қаріп жазуы (Израильдағы иврит тілінің жазуы) иудаизм, сирия-арамей жазулары яковит, несториан (христиан секталары), манихей діндерімен байланыста тарады. Араб Ә-і мұсылман дінінің, ислам мәдениетінің кеңінен таралуына байланысты көптеген түркі халықтарының жазу-сызуына негіз болды. Араб Ә-ін қазақ және түркі халықтары сан ғасыр бойы пайдаланып келді. Қазақ жазба мұраларының көпшілігі араб Ә-і арқылы біздің заманымызға жетті. Мыс., “Гулистан би-т-Турки” (Сайф Сараи), “Диуани лұғат- ат-түрк” (Махмұд Қашқари), “Құтадғу білік“ (Жүсіп Баласағұни), “һибат-ул-хақаиқ” (Ахмет Иүгінеки), т.б. шығармалар. Араб Ә-і қазақ халқының рухани өміріне, мәдениетіне, зиялы қауымның қалыптасуына ықпал етті. Ә. баспа жұмысының жандануына игілікті қызмет етті. Алайда араб Ә-нің ана тілді таза сақтауда және халықты сауаттандыруда өзіндік қиындықтары болды. 1912 ж. А. Байтұрсынов араб Ә-не негізделген қазақ жазуына алғаш реформа жасады. Ол қазақ тілінің басқа түркі тілдерінен даралығын анықтап, ұлттың өзіне тән дыбыстық үнін танытатын таңбаларды Ә-ге енгізді. Байтұрсынов Ә-і қазақ жазуы тарихында “жаңа емле” (төте жазу) деп аталып, халықты сауаттандыруда ірі бетбұрыс жасады. Ә. 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде, 1929 жылға дейін кеңестік мектептерде қолданылды. 20- жылдардың аяғында Ә-ді ауыстыру жайлы түркі, қазақ зиялылары арасында айтыс жүріп, А. Байтұрсынов реформалаған Ә. қолданыстан шығарылды (Шығыс Түркістандағы (ҚХР) Шыңжаң автон. ауданындағы қазақтар Байтұрсынов Ә-ін қазіргі кезге дейін қолданып келеді. Ә-ді туыстас қырғыз халқы да қолданды). 1929 ж. қоғамдағы саяси- әлеум. өзгерістер салдарынан КСРО құрамындағы түркі халықтары латын Ә-іне көшірілді. X. Досмұхамедов латын Ә-іне қарсы болса да, мемлекет қайраткері ретінде қазақ тіліне үйлестіріп латын Ә-ін жасады. 1940 ж. Кеңес Одағы халықтары біртекті Ә-ді қолдануы қажет деген саясатпен осы халықтарға орыс Ә-і қолданысқа енгізілді. Орыс тілінде жоқ қазақ тілі дыбыстарының таңбалары кирилл таңбаларына ұқсастырылып (қ-к, ғ- г, ө-о, ң-н), қазіргі қазақ Ә-і қабылданды. Бұл Ә-дің қазақ тіліне тән ерекшеліктердің бәрін толық таңбалай алмауына байланысты кейінгі жылдары қазақ жазуын латын Ә- іне көшіру мәселесі көбірек көтерілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *