ӘЛІМЖАНОВ Әнуар Тұрлыбекұлы

ӘЛІМЖАНОВ Әнуар Тұрлыбекұлы (12.5.1930, Алматы обл. Сарқанд ауд. Қарлығаш а. — 9.11.1993, Алматы) — жазушы, журналист. Лепсі пед. уч-щесін (1949), ҚазМУ- ды (1954) бітірген. “Алма- Атинская правда”, “Литературная газета” (Ресейлік), “Ленинская смена”, “Правда” (Ресейлік) газеттерінде қызмет істеген. “Қазақфильм” студиясының, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы, Қазақстан тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесі төралқасының төрағасы болды. “Ақ дос, сары дос, қара дос” (1958), “Достар кездескенде” (1959), “Мәңгілік тамырлар” (1960), “Сумен, құрлықпен елу мың миль” (1962), “Күнге бет алған керуен” (1963), “Жалындаған найза” (1965), “Көгілдір таулар” (1964,1967), “Отырар ескерткіші” (1966), “Махамбеттің жебесі” (1969, 1972, 1987), “Жәмшид айнасы” (1970), “Қарасұңқар көпірі” (1969), “Жаушы” (1974), “Ұстаздың оралуы” (1978, 1981), “Адамдар жолы” (1984), т.б. кітаптары жарық көрген. Екі томдық “Таңдамалы шығармалары» (1979), үш томдық шығармалары (1989 — 90) жарияланды. Ә-тың шығармаларында бүгінгі өмір кешегі тарихтың заңды жалғасы ретінде суреттеліп, халықтың жарқын болашаққа ұмтылған жасампаздық күресі, сарқылмас күш-қуаты, өршіл үні, арман мүддесі көрініс табады.

Бірсыпыра шығармалары Азия, Африка халықтарының ұлт- азаттық күресіне арналған. Ол “Күнге бет алған керуен” повесі үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын (1965), “Көгілдір таулар” кітабы үшін Қазақстан Мемл. сыйлығын (1967), “Отырардан жеткен сый” және Үндістан тақырыбына жазған басқа да шығармалары үшін Джавахарлал Неру атыңд. халықар. сыйлық (1969) алды. Ә. шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылған. Жазушы бірнеше дүркін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Бейбітшілікті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық Кеңесі төралқасының төрағасы, Азия және Африка елдері жазушылармен байланыс жөніндегі к-ттің, т.б. қоғамдық ұйымдардың мүшесі болды. “Құрмет белгісі”, “Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *