Жүсіпбек Аймауытов
( 1897- 1931) Жазушы, ақын драматург, аудармашы, сыншы, классикалық қазақ прозасының негізін салушылардың бірі. Алаш қайраткері.
***
Туған жердің артығын, жазатайым іс істеп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айрылған, шеттен дәм бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе, кім білген?!
***
Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек?
***
Қазақтың тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығаны.
***
Оқыған- қара халықтың шырағы.
***
Сөз – ойдың айнасы.
***
Тіл- ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал.
***
Бала өз тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды.
***
Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз.
***
Адамның өмірдегі ісі- алған тәжірибесінің жемісі.
***
Халыққа қиянат жасаған үкіметтен, биліктен кешірім сұрамаймын.
***
Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық- ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.
***
Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін өз жұртының күшеюіне жұмсайды.
***
Өзіңе тілегенді біреуге де тіле, адам баласын бауыр тұт.
***
Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.
***
Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.
***
Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей- жалықпай бақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын.
***
Адам сүю, күю, азап шегу үшін жаралады екен.
Ана тілі… жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлықтолқындарын ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына.
***
Ана тілін жақсылап меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес.
***
Ана тілі –халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі.
***
Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт- жас күнде көрген өнеге.
***
Қазақы тәрбие алмаған, қазақша сөйлеп, қазақша ойлай алмайтын қазақтардың өзін жоғары билікке жақындатуға болмайды.
***
Адамның өз басының көркеюімен ұлт көркеймейді, ұлт көркейсе, өзі көркейеді. Бір ұлт бақытты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарға да ортақ.
***
Мектеп деген- ең үлгілі орынның бірі, сондықтан мектептің барлық ісі тәртіпті жолмен ешбір мүлтіксіз жүріп отыруы керек.
***
…тілмәдениетінің өсуін қолымызға алып, күнде көріп отырмасақ болмайды, өйткені, тіл мәселесі өте қиын, бірақ, барынша керекті мәселе.
***
Қазақтың әдеби тілін, білім тілін тудыру жөнінде біздіңнегізгі мақсатымыз- сол тілді көпшілікке барынша ұғымды қылу, сол тіл арқылы қазақ еңбекшілерініңқалың бұқарасын дүниежүзінің өнер- біліміне, техникасына ие қылу.