ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ…
Перзент – ата-анаға Алланың берген аманаты, әрі сыйы. Халық даналығында «ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Кез келген қоғамның келешегі, ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Асыл дінімізде бала бұл – өмірдегі үлкен нығмет, әрі сынақ ретінде қаралады.
Қасиетті Құранда:
«Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды, қалағанына ұл сыйлайды. Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді…» («Шура» сүресі, 49-50 аяттар) – деген.
Аятта баяндалғандай, аманатқа қиянат жасаудан аулақ болып, ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқының әдеп-салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін перзенттеріміздің көп болары сөзсіз. Оларға Алланы танытып, діні мен дәстүр, дүниетанымын дамытып, дұрыс тәрбие беру – ата-ананың міндеті.
«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, ұлыңа, халқыңды тәрбиелеймін десең, қызыңа тәлім бер» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Өйткені қыз – болашақ ұрпақтың анасы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады», — деген.
Қазіргі таңда қыздардың тәрбиесіне аса мән беруге тиіспіз. Қыз баланың абыройы мен ары, өзіне сай сымбаты мен сырын сақтап, қырық үйден тыйып даярлау қиын. Яғни, қыз бала – үйдің бояуы. Қыз баланы тәрбиелеу – бір адам емес, бәлкім бір ұрпақты тәрбиелеу.
Салихалы қыз ғана ұлт болашағын баянды ете алады. Қыз бала мен әке арасындағы қарым-қатынас жасаудың өзінде нәзіктік символ бар. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз балалардың қадір-қасиеті жайында былай деген:
«Қыздар – мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Алла Тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі» дейді.
Тағы бір хадисте: «Егер бір адамның үш қызы болса, оларды киіндіріп, қамқорлық етіп, тамақтандырып, оларға сабырлық етсе, қыздары қиямет күні тозақ отынан сақталуына себепші болады» делінген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз-ұл деп ешқашан перзенттерін бөлмей, әкелік қамқорлығын аямаған. Олармен ойнап, көңілдерін аулап, әрдайым қуантып жүрген. Қыз баласына ерекше ілтипатпен қарағаны баршаға мәлім.
Қыз бала жат жұрттық болған соң, барынша адамгершілік пен имандылықты бойына сіңіруге тырысу керек. Ұлттың тыныс-тіршілігі де осы баланы отбасынан бастап (бесіктен) дұрыс тәлім-тәрбие беріп, түзу жолға қоюдан анық байқалады.
Қорыта келе қыз, мейлі ұл болсын Алланың берген аманаты және нығметіне шүкіршілік етіп, оған діні, тілі, тарихы, салт-санасын таныта отырып, жақсы тәрбиелеуге тырысайық.
Алла Тағала ата-аналарының көз қуанышы болатын иманды ұрпақ тәрбиелеп өсіруді нәсіп еткей! Әмин!
Ислам МАРАТҰЛЫ,
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария»мешітінің наиб имамы
Қымбат Айтқазы парақшасынан.