ӘЛМЕРЕК АБЫЗ Жаншықұлы

ӘЛМЕРЕК АБЫЗ Жаншықұлы (шамамен 16 ғ-дың аяғы 17 ғ-дың бас кезі, қазіргі Жамбыл обл. —18 ғ-дың басы) — батыр, шешен, көріпкел әулие. Ат жалын тартып мінген кезінен бастап қазақ жастарынан жоңғарларға қарсы жасақ ұйымдастырды. Сарбаздардың қатары көбейіп, соғыстың әдіс-айласын меңгергеннен кейін жоңғарларға тұтқиылдан шабуыл жасап, Сілеті тауы, т.б. жерлерде оларға соққы берген. Қазақ халқының жадында Ә.а-дың есімі көріпкел әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Хангелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Тоқсанның үстіне шыққан шағында ел үшін еткен еңбегі және қазақтың бірлігін қорғаудағы қайраткерлік қасиетіне риза болған халқы оған абыз деген атақ қойған.

Ә. а-дан бес бала болған: Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан, Қаракісі. Ұрпақтарының ішінен елін қорғаған қайсар батырлар, көріпкелдер, шешендер шыққан. Жәнібек баласы Байсейіт жоңғардың мыңбасы Шебіктіні жекпе- жекте қолға түсіріп, мұсылман жасаған. Жетісу өңіріндегі 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілісінің басшылары Ұзақ, Жәмеңке батырлар Құрманның тұқымдары. Ә.а-дың екінші баласы Бабадан елге танымал Қашаған, Тұрысбектер тарайды. Тоқаннан Жоңғар шапқыншылығында ерлігімен ел есінде қалған Баржық батыр, Адыр шешен, Бәтжан, т.б. болды. Абыздың қара шаңырағында қалған кенжесі Қаракісіден Қорам батыр, әрі әлие, әрі батыр Бекбау тараған. Ә. а. ұрпақтары Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда да тұрады. Халықтың бүтіндігі мен бірлігін қорғаған Ә. а. жайында, ол айтты деген даналық сөздер, қара өлең шумақтары сақталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *