Бұқар Қалқаманұлы
(1668-1781)
Ұлы жырау, ойшыл. Баянауыл маңында туып-өскен. Хан билігіне араласып, алымды да жалынды, ойлы жырларымен ел мүддесін қорғаған. Қабірі Далба тауының етегінде.
***
Өлең – сөздің данасы, шындықтың анасы.
***
Қалмаса қайнар азайып, аққан дария суалмас.
***
Жалғызға зорлық қылмаңыз, жағасынан алмаңыз.
***
Арғымағын жоғалтып, тай жүгірткен заман-ай.
***
Сыпайы сырын білдірмес.
***
Өтірікті шын қылған – ол адамның қызыл көзді пәлесі.
***
Екі жақсы қас болмас, екі жаман дос болмас.
***
Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес.
***
Ажал жетпей жан шықпас.
***
Қара көзден нұр тайса, қарға адым жер мұң болар.
***
Айтқан сөзде тұрмаған – Жаман емей немене?! Кісі ақысын көп жеген – Арам емей немене?!
Сыртыңдағы құлағың – Амал емей немене?! Сусағанда берген су – Шекер емей немене?! Ынжық ерге біткен мал – Бекер емей немене?!
***
Асқар таудың өлгені – басын мұнар шалғаны, Көктегі бұлттың өлгені – аса алмай таудан қалғаны. Ай мен күннің өлгені – еңкейіп барып батқаны, Айдын шалқар өлгені – мұз болып тастай қатқаны. Қара жердің өлгені – қар астында қалғаны, Өлмегенде не өлмейді – ғалымның хаты өлмейді.
***
Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де,
Ай нұрын ұстап мінсе де, қызыққа тоймас адамзат.
***
Әлемді түгел білсе де, қызығын қолмен бөлсе де, Қызықты күн қырындап, қисынсыз үйге түссе де, Өмірге тоймас адамзат!
***
Жақындап ажал тұрса да, жанына қылыш ұрса да, Қалжырап, көңіл қарайып, қарауытып көзі тұрса да – Үмітін жоймас адамзат.
*** Ер жігіттің қадірін – ағайын білмес, жат білер.
***
Келіншекке жарасар емшектегі баласы.
***
Тоқсан бес деген торы екен, дүйім жанның қоры екен,
Қарайын десең,екі жағың ор екен,
Найза бойы жар екен, түсіп кетсең түбіне, Түбі жоқ терең көл екен, ел қонбайтын шөл екен – Келмейтұғын неме екен!
***
Тоқсандағы қарт бабаң топқа жаяу бармағай.
***
Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда.
***
Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кескен жең болмас.
***
Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес.
***
Ежелгі дұшпан ел болмас, көңілінде кір, даты бар.
***
Абысынның аразы ағайын сәнін кетірер, Ағайынның аразы елдің сәнін кетірер.
***
Жар басына қонбаңыз – дауыл соқса үй кетер, Жатқа тізгін бермеңіз – жаламенен бас кетер.
***
Аталыдан би қойсаң – адаспас жол мен жорадан, Атасыздан би қойсаң – босамас аузы парадан.
***
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, жат жанынан түңілсін: айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін.