Жаңа әліпби — жаңа мүмкіндік


Бажирова Шаттық Рафхатовна


Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының
«Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің
А.М. Горький атындағы гимназиясы»
ММ қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы

Мемлекетіміздің одан әрі дамып, көркейіп, гүлденуі үшін қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – латын әліпбиіне көшу. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» дей келе: “2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз”, – деп мәлімдеген еді.

(Латын графикасына негізделген әліпбидің соңғы нұсқасы)

Латын әліпбиін қолдану арқылы болашағымыз жарқын болады деген сеніміміз бар, өйткені латын қарпі ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологияларының тілі. Рухани болмысымыз байып, ой-санамыз жаңғырады. сол арқылы мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейеді және де жаңа әліпбидің жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілімізді дамыту жайындағы ойын латын графикасындағы қазақ әліпбиімен түйіндеп, латын қарпіне көшіп жатқанымыз Тәуелсіздіктің жемісі деп бағалаған болатын. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, басқа тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделіп, көп ұлтты халқымыздың бірлігі одан әрі нығайып, тіпті бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салады десек артық айтпаған болармыз. Деректерге сүйенсек, әлем халқының 36% — латын әліпбиін, 4,5% — кирилл қарпін пайдаланады екен. Ал дүниежүзі қазақтары латын, кирилл және араб жазуының 30-дан астам нұсқасын қолданады екен. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізіп, онда латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылған болатын. Осы отырыста қазақстандықтар қазақ тілінің латын қарпіндегі жаңа әліпбиіне қашан көше бастайтыны белгілі болды. Үкімет басшысы айтқандай, жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 — 2031 жыл аралығын қамтиды деп жоспарланып отыр. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс — бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Біздің ұжымымыз Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің А.М. Горький атындағы гимназиясының» қазақ тілі мамандарының әдістемелік бірлестігінің жұмысы аясында өзекті тақырыпқа байланысты семинар ұйымдастырылды.

(Пернетақта нұсқасы)

Семинарда латын әліпбиінің жаңа үлгісінің өзгешеліктері мен ерекшеліктері таныстырылды. Тақырып өзекті болғандықтан мектеп мұғалімдеріне де, тіл мамандарына да жауапкершілігі мол міндеттер жүктеледі. Жас ұрпақты жаңа әліпбимен таныстыру жұмыстары бойынша алдағы жоспарлар, іс-шаралар нақтыланып, бекітілді. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мемлекет саясатын барша тіл мамандары қолдап, жүзеге асыруда белсенділік танытуға  дайынбыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *