ӘЛИЕВ Төлесін Нұрмағанбетұлы

  ӘЛИЕВ Төлесін Нұрмағанбетұлы (1892, қазіргі Маңғыстау обл. Форт-Шевченко қ. — 1942, Алматы) — қазақ атты әскер бөлімдерін ұйымдастырушылардың бірі, полковник, Кеңестік мемлекет қайраткері. Форттағы орыс-қазақ мектебінде (1901 — 05), кейін Мәскеудегі Жұмысшы-шаруа коммунистік ун-тінің командирлер даярлайтын бөлімінде (1920) оқыған. Ресей үкіметінің маусым жарлығына ілініп (1916), Сарқамыс, Эрзерумда қара жұмыс істеген. 1918 ж. Ә. Жангелдин экспедициясын ұйымдастыруда айрықша қызмет еткен. 1919 ж. Торғайда ұйымдасқан қазақтың екі атты әскер эскадроны біреуінің және Төтенше комиссарды қорғаушы отрядтың командирі болды. Қызыл Армияның Шығыс майдандағы 5-армиясы құрамында шайқастарға қатысты. Ә. басқарған қазақ отряды 1919 ж. 19 қыркүйекте Ырғыздан ақтардың әскерін ығыстырып шығарды. Ол 1920 ж. қазақтың 2-атты әскер полкінің қолбасшысы, Казревкомының саяси қызметкері болды. 1922 жылдан бастап Маңғыстауда уездік ревком мүшесі, милиция бастығы, әскери комиссар, 1925 — 30 ж. Қазақстан ОАК төрағасының орынбасары, Қазак АКСР Жұмысшы-шаруа инспекциясының халкомы, респ. “Қосшы” одағының төрағасы, Қарақалпақ авт. обл-ның, Шымкент, Алматы қ-ларының әскери комиссары, Өлкелік әскери комиссариаттың жауапты қызметкері міндеттерін атқарды. 1931 — 33 ж. қазақтың ұлттық атты әскер полкын құрып, өзі басшылық етті, командирлер курсын ашты. 1935 — 37 ж. Маңғыстау ауаткомының төрағасы, 1938 — 41 ж. Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. “Қызыл Ту” орденімен марапатталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *