Әзірбаев Кенен (1884-1976) — Жамбыл облысы, Қордай ауданы, отар станциясының маңында, Мәтібұлақ деген жерде туып-өскен. Халық ақыны, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық ақыны. Жетісу өңіріндегі сал-серілік дәстүрдің, айтыскерлік өнердің көрнекті өкілі. Ән-жырды әуелі ата-анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыра тартып, өз жанынан өлең, ән шығарады. К.Әзірбаев халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған, оның айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар М.о.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы.