Бейсембина А.Е., қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі
Дүйсенбекова Ә.А., «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті
Қазақ әліпбиі мен жазуын латын қарпіне көшіру мәселесі туралы еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап ғылыми ортада сөз қозғала бастаған еді. Ғылыми қауыммен кездесулерде, басқа жағдайларда да тіл мәселесіне ерекше назар аударатын Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясындағы сөзінде «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік», – дей келіп, «біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген болатын [1]. Одан кейін 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп тағы да атап көрсеткен еді [2]. Осы себептерді ескере отырып, еліміз әліпбиді тиімді өзгертуді мақсат етуде.
Тарихқа жүгінетін болсақ, V-VІІ ғасырларда көне түркілер ғылымда «Орхон-Енисей жазуы» деген атпен белгілі руна жазуын пайдаланған. Х ғасырдан бастап қазақтар араб жазуына ауысты. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына реформа жасап, төте жазуды ұсынды. 1929-1939 жылдары латын графикасы қолданыста болды. 1940 жылы кирилл әліпбиі енгізілді. 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлыққа қол қойды.
Байқап отырғанымыздай, осы уақытқа дейін араб, латын, кирилл жазуларын қолданған қазақтар бүгінде қайтадан латын графикасына көшуді қолға алды. Латын графикасы осыған дейін қазақ елінде біршама уақыт қолданыста болған. Алайда, қазіргі қоғамның талаптарына сай, латын графикасының үлгісі алғашқы нұсқаларынан әлдеқайда өзгешелеу.
Дегенмен, қабылданған нұсқаның ерекшеліктеріне назар аудару маңызды. Ұлттық комиссия латын жазуының жаңа үлгісін талдау барысында графикаға байланысты барлық тараптың сын-пікірі ескерілгенін атап өтті. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ақпаратына сүйенсек, соңғы әліпби 40 шақты нұсқаның арасынан таңдалған.
Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә (ä), ө (ö), ү (ü), ұ (ū) және ғ (ğ), ш (ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умлаут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Бұл жолы ғалымдар диграфтардың орнына диакритиканы қолданған.
(көрнекі сурет)
Әліпби «бір дыбыс – бір әріп» принципіне сүйеніп жасалған.
Жалпы берілген әліпби қоғамның оң пікірлерімен қатар, қарсы пікірлерін де тудырған.
Әлеуметтік желі қолданушылары: «Неліктен барлық әріптердің үстінде белгілер бар, ал бір әріпте жоқ? Осындай жүйе бойынша жазу ыңғайсыз», — деген пікірлер қалдыруда.
Ел арасында осындай сыни көзқарасқа ие болған кейбір таңбалар кездеседі. Солардың ішінде «ң» әріпінің таңбалануы. Ғылыми тұрғыдан «ә» — умлаут, «ұ» — макрон, «ғ» — бревис, «ш» әрпін седиль деген белгілер ерекшелесе, «ң» әрпі ондай түсініктемеге ие болмаған.
Бұл әліпбиді жасауға 70-тен астам ғалым қатысқан. Солардың бірі, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері Гүлфар Мамырбек фонетикалық таңбаны таңдаудағы логиканы былай түсіндіреді: «Ң» әрпін айта алмайтын адамдар бар, сол үшін «ң» екенін көзге де, санаға да сіңіретіндей, аяғын қайырып жазатын фонетикалық таңбаға топтады. Ол бір жағынан қазіргі кириллицадағы «ң» әрпіне ұқсас» [3].
Академик Алтынбек Шәріпбаевтың да жаңа нұсқа көңілінен шықпады. Ғалымның айтуынша, «У» әрпін дауысты қылып, тәуелдік жалғауының емлесін бұзып отыр» [4].
Сонымен қатар, жаңа әліпбидің тағы бір қызықты тұсы – әріптер қатарында «Ч» әрпінің болмауы. Ғалымдардың айтуынша, «чемодан, чек» сынды сөздер енді «шамадан, шек» деп жазылады. Бұл жөнінде ғалымдар: «Қазір біз кириллицамен орыс сөздерін таза емлесімен жазамыз. Солай жазғаннан кейін таза орыс тілінің дыбыстық жүйесімен айтамыз. Ал латынға көшкен соң, сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, орыс сөздері қазақтың шапанына оранып шыға келеді. Оны сіз қазақша айтуға бастапқы кезде бәлкім мәжбүр боласыз. Содан кейін ол сізге ұнай бастайды. Сөйтіп, біз өз тіліміздің шет тілінен енген сөздерді игеру тетіктерін жандандырамыз. Рухани жаңғыру дегеніміз – осы», — деп атап көрсетеді [5].
Аталған кемшіліктер латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің қолданысын шетке ысырмайды деген ойдамыз. Бұл уақытқа дейін жалпы латын графикасының негізінде бірнеше әліпбилер жасалған болатын. Алайда, неліктен жаңа әліпбиді жасап шығаруға себеп туды? Және ол қандай себеп? Бұл сауалдардың туындауына түрткі болған мәселелерді қарастырсақ… Ең алдымен, мәселенің түп тамыры ұсынылған әліпбилердің жүйесіне келіп тіреледі. Яғни, осыған дейінгі қолданысқа ұсынылған әліпбилер арасында қандай айырмашылықтар немесе кемшіліктер бар.
Ең алғашқы латын графикасының ұсынылған жобасы 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен бекітілген.
Латын әліпбиінің алғашқы нұсқасы мен соңғы нұсқасының арасында айтарлықтай өзгерістер бар. Екі нұсқаның салыстырмалы ерекшеліктері:
1) Әріп саны – 31.
2) Әріптердің умлаут, макрон, бревис, седиль жүйесі арқылы таңбалануы.
3) «Ч» әрпінің орнына «Ш» әрпінің қолданылуы.
4) «Ы» дауысты дыбысы «У» түрінде келген.
5) «У» дауыссыз дыбысын дауысты қылып бекіткен.
6) Әліпби «бір дыбыс – бір әріп» принципіне сәйкес жасалған.
Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғырлы байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым А.Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген [6]. Ендеше, латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің сенімді тірегі болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:1. Н.Назарбаев. Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясында сөйлеген сөзі. 2006 ж.
2. Н.Назарбаев. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауы, 2012 ж.
3. Г.Мамырбек. Жетілдірілген әліпби жобасында W таңбасы жоқ. https://baq.kz/news/othernews/g-lfar-mamyrbek-zhetildirilgen-lipbi-zhobasynda/.
4. https://24.kz/kz/telepoject/s-khbat/item/196660-s-khbat-altynbek-sh-ripbaj.
5. https://bilim-all.kz/