Жыр-шежіре
Жырдың басқа шежірелерден ерекшелігі—мұнда қалыптасқан қағида бойынша Адам атадан бастап, өз атасына дейін емес, керісінше, өз атасынан бастап Әнес сахабаға дейінгі ата-бабаларды жырлайды. Соның ішінде орта жүз руларына кеңінен тоқталған.
Жинаушылардың берген мәліметі бойынша, бұл жыршежіре Ақан серінің серіктерінің әрі мирасқорларының бірі және Ақан серінің өзімен де айтысқа түскен, белгілі дүлдүл ақын Қожамбеттің қолжазбасы арқылы жеткен. Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданында тұратын ақсақал Әупіжан Әубәкіровтың айтуынша, Қожамбеттікі деген төрт дәптерден тұратын шежіре-жырдың қолжазбасы 1931 жылы зым-зия жоғалған. Ал мына мәтін аталған ауданда тұратын өмірбай ыбыраевтың жамағайын туыстарының бірі Азнабай Әбілмәжіновтің аузынан жазылып алынған шежіренің тек бір бөлігі ғана сияқты.
Белгілі халық ақыны Ілияс Манкин 1949 жылы «Қожамбеттің шежіресі» атты осы шежіренің бір нұсқасын жазып алып, оҒК-нің қолжазба қорына тапсырған [оҒК:Қ.1115.15-дәп.]. Жырдың осы нұсқасы кейін «Көкшетау» облыстық газетінде жарияланған («Көкшетау»,1991. 16 ақпан).
Томға ұсынылып отырған мәтін Әөи қолжазба қорында сақтаулы қолжазбадан [Әөи:Қ.1125.168-дәп.] өзгертусіз дайындалды.