Шежіре

Шежіре

Қазақтың арғы атасын арабтан таратқан бұл жырда Аннас сахабаны Ансари деп атайды. Басқа шежірелерден тағы бір ерекшелігі—Қазақтың Наурыз, Алаш деген екі ұлы болады да, Наурыз ұрпақсыз дүниеден өтеді. Сондықтан Наурыздың қайтқан күніне арнап жыл сайын көктемде ас беріліп, жыл басын «наурыз» деп атаған деген қызық деректер келтіреді. Алаш үш баласы Ақарыс, Жанарыс, Бекарысқа енші бөлгенде талас болғанын, сол себепті Алаш үш баласына жүз-жүз жылқыдан бөліп беріп, «өсіп-өніңдер» деп батасын береді. Жыршы «жүз» деген атаудың түп төркіні осы бөлістен шыққан деген тоқтамға келеді. Сонымен қатар үш жүздің руларына жеке-жеке шолу жасалады.

Қарасөзбен жазылған шежірені жырға айналдырған— Шоңбай Жұбанұлы. Ақынның берген мәліметтері бойынша шежіренің негізгі нұсқасын 1876 жылы қажыға барғандар (Құнанбай, Мырқы, Шабдан, Досжан қазіреттер) Меккеден әкелген. Қайқыұлы Бекжан деген кісі қарасөзбен жазылған шежірені Шоңбайға тапсырып, өлеңмен жырлауын өтінген. Жыр-шежіре 1945 жылдан бастап елге тарай бастайды. оны 1945 жылы Қызылорда облысында болған ақындар айтысына қатысқан Қармақшы ауданының ақыны Молдахмет Дабыл ұлы Шоңбайдың өз аузынан жазып алған. Қолжазбаны 1964 жылы белгілі ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Ә.Қайнарбаев қорға тапсырған [Әөи.Қ.917/7.1-дәп.]. осы шежіренің тағы бір нұсқасы Әөи-дің Қолжазба қорында [Қ.781.14-дәп.] сақтаулы. Жинап, қорға тапсырушы—Абыт Нүркенов. Қолжазба араб әрпінде жазылған.

Аталған мәтін Х.Мадановтың құрастыруымен 1993 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Кіші жүз шежіресі» атты кітапта жарияланған. Айта кетерлік тағы бір жайт—осы жыршежіренің бас жағында берілген қысқаша түсінікке сүйенсек, жырды құрастырушыға қызылордалық Мәди Кереев деген азамат тапсырған. Бірақ жинаушы қайдан, қашан, қай жерде, кім жырлағаны туралы мәлімет бермеген.

Томға ұсынылып отырған мәтін қолжазбадан [Әөи.Қ.917/ 7.1-дәп.] өзгертусіз дайындалды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *