Рысбекұлы Батырбек датқа (1795-1885)

Рысбекұлы Батырбек датқа (1795-1885)

 

Батар деген жарқ-жұрқ еткен бір алмас,

Батыры жоқ елдің басы құралмас.

Батырларын қастерлеген халықты Басқалар да бағаламай тұра алмас.

 

М.Қалдыбаев

 

Қилы заманда халқына пана болған, елді әділетті ақ жолымен болашаққа бастаған, бір ұлыс елдің данасы мен панасы болған тарихи түлғалардың бірі Батырбек датқа Ырысбекұлы. Ол жоңғар шапқыншылығында ерекше ерлігімен көзге түскен, алты алашты ерлігіне тәнті еткен Рысбек батырдың тұңғышы, Қарабатырдың шөбересі, ал Шінеттің немересі.

Батырбек датқа 1795 жылы Жуалы өңірінде дүниеге келген. Ол өз дәуірінде яғни XIX ғасырда Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі қазіргі Жамбыл облысына қарайтын Жуалы ауданының, Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Түлкібас, Сайрам аудандарының аумағына, сол сияқты Шымкенттің төңірегіне билік жүргізген.

Батырбек датқа бір рудың еншілейтін кісісі емес, ол – қазақ халқына ортақ тұлға. Рысбекұлы Батырбек – шебер саясаткер, ұстамды, парасатты, ислам дініне, салт-дәстүрге өте берік, еліне, халқына шын берілген кемеңгер тұлға болған.

XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласы аумақтық жағынан үш бөлікке бөлінгені өткен тарихтан белгілі. Ресей отаршылары кіші жүзді бодандыққа көндіріп, саяси орталығын Орынбор қаласы етіп, ел билеу жүйесін өздеріне ыңғайлап, өзіндік ерекшелігі бар сұлтандық билікті ендірді. Орта жүзде ел билеудің аға сұлтандық жүйесі бойынша ол орында әуелі төрелер тізгін ұстаса, Кенесары Қасымұлы хандығынан соң халық өкілдері билікке қол артты. Бұл отаршылардың төре тұқымына сенімсіздікпен қараудан туындаған еді. Бұл кезде оңтүстік өлкедегі Қоқан хандығы тарапынан тағайындалған датқалар билік жүргізді.

Әскери экспедицияны басқарып оңтүстік жеріне келген генерал Черняев алдымен Әулиеата қаласын күшпен басып алды. Одан соң Шымкент, Ташкент қалаларына шабуыл жасаған тұста қазақ датқаларымен тікелей араласа бастады. Бұл кезде оңтүстік өңірдегі Байұзақ, Батырбек, Сапақ, Шоқай датқалар заман ағымын жақсы сезінген рубасылары болатын. Осылардың ішінен Батырбек датқаға Черняев соғыс министріне жолдаған құпия хатында мынадай баға береді: «Батырбек датқа мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт-дәстүріне өте берік. Орыстарды жат дінділер дейді. Басқа датқаларға қарағанда оңтүстік өңірде халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды» — деген.

Арқаның от тілді, орақ ауызды айтыс ақыны Шөже оңтүстік өңірді аралап, ел танып, жер танып ел иесі датқаларды жырға қосқанда Батырбек датқаға ерекше

тоқталып:      … немесе

Сиқымның болған қаласы

Дулаттың болған панасы, — деп 

Батырбек датқаны ел қорғаны болған, халық үшін бар күшін аянбаған қоғам қайраткері деңгейінде көтере бағалаған.

Ақындардың алтын діңгегі саналған, заман шындығының сыншыл сұрқылтайы атақты Сүйінбай ақын Батырбек датқамен бірнеше рет кездескен. Ол – Батырбек датқаның халқының мүддесіне беріле қызмет еткен әрекетін жырлаумен бірге оның кемшілігін де айтып жырға қосқан. 

Ресей отаршылары қазақ елін жаулауда – ондағы руларды бір-біріне айдап, араздастырып отаршылдық саясатын қырқысқан қазақтардың өз қолымен жүзеге асырған. Оңтүстік өлкесін жаулау кезінде осы саясатты ұстанған Черняев Батырбек датқа мен Байзақ датқаның арасындағы жерге байланысты тартысты пайдаланып екеуінің арасына от қойған. Оған Черняевтың соғыс министріне жазған: «Байзақ датқаның өліміне Сопақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады, — деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым» — деген құпия хаты дәлел. Черняевтың мұндағы мақсаты – өзіне қол ұшын берген Байзақ, Батырбек, Сапақ, Шоқай датқаларды қоқандықтардың қолымен жойып, жергілікті халықты көсемсіз қалдыру болатын.

Майлықожа – Батырбек датқаны қалың қазақ жұртына пана болған, еліне жайлы қоныс әперіп, канал қаздырып, тоған салдырып, отырықшылық тұрмысқа бастауын – оның көрегендігі деп бағалаған. Ол – «елге қоныс әперген» — деген жырында:

                             Жуалыда Батырбек                              Келмеген жау қасына,

                             Арыстан онда жатыр деп.

                             Арғы атасын сұрасаң,

                             Ырысбек, Шінет – асылтек

                             Сыйқымға қоныс әперді,                              Аямай күшін әзірлеп,                              Соңына ерген халқына.

                              Не десе соны мақұл деп, — деп ақын сол заман тайталасындағы ең күрделі – жер мәселесін қаз-қалпында сөз етеді. Жуалы аймағында арғы аталары Ырысбек, Шінет жайлаған сүбелі қонысты иемденіп, Бөкей тауының етегінен Күреңбел жотысының солтүстік аймағынан қоныс алады. Батырбек датқа өз ордасын Күреңбелдің жанындағы Теріс өзені бастау алатын көк майсалы сазға орнатады. 

Генерал Черняев жергілікті халықтың көсемдерін түрлі дәрежедегі атақтар мен сыйлықтар беру арқылы, өзіне тарту арқылы араздастырып тәуелді етуді көздейді. Осы мақсатпен датқалардың барлығына да майор атағын берген кезде Батырбек датқа ол атақты алмайтынын айтады. Профессор Мекемтас Мырзахметовтың еңбектерінде Черняевтың Батырбек датқаға полковник шенін беріп, оған арнайы қылыш жасатып сый ретінде ұсыну арқылы басқа датқалардың араздығын қоздырып, тартысқа түсіру үшін жасаған әрекеті екенін жазады.

Оңтүстік өңірге ресейлік отаршылар келе жатқанда датқалар жиналып кеңес құрады. Сонда датқалардың барлығы да Ресей отаршыларына көмек беруді құптаған кезде Батырбек датқа оларды жақтамайтынын айтады. Ол: «Мен мұсылман бауырларыммен біргемін, салт-дәстүрімді, дінімді, тілімді сатпаймын. Болашақта Ресей отаршылары халқымызға апат алып келеді. Олардың діні, тілі бөлек, доңыз етін жеп, улы су (арақ) ішеді. Орыстың темір ноқтасын басыңа бір кигізсең ұзақ уақыт азаттығыңды ұмытасың. Қоқан ханының шылбыр ноқтасын халқымыз көбейіп өз-өзімізге келген кезде сыпырып тастап, азаттығымызды алуымызға болады. Біз бұрынғы Есім хан, Тәуке хан бабаларымыздың саясатын қолдауымыз керек» — дейді. (Батырбек датқаның бұл көрегендігін кейін тарих өзі дәлелдеп берді).

Көпшілік бір жарым ғасыр бойы «Байзақ датқаны Батырбек датқа қоқандықтарға ұстап берген» — деген Черняев таратқан жалған мәліметке иланып келген Бауыржан Момышұлы: «Аспанда құдай, жерде архив бар» дегендей бұл құпия сырды тарихшы ғалым Д.Даниярбеков Ташкент архивінен тауып,Батырбек датқаның бұл жаладан таза екендігін дәлелдеп, елдің көзін ақиқатқа жеткізді.

Батырбек датқа билік жүргізіп тұрған кезеңінде Оңтүстік өңірлердің Сайрам, Талас аудандарында сәулетті мешіт – медресе салдырған. Жұма және айт намаздарында Исламның құндылықтарын насихаттап, жастарға тәрбие берген. Оларды жатын орын, тамақпен қамтамасыз етіп, тегін оқытқан.

Түлкібасы, Сайрам, Жуалы, Талас аудандарында суармалы егіншілікті, диханшылықты дамыту жұмысына көп еңбек сіңірген, су каналдарын қаздырып, тоғандар салдырған.

Батырбек датқаны қазақтың игі-жақсылары қатты сыйлап, қадірлеген. Датқаның осындай беделі туралы бұрын айтылып, жазылып жүрген бір-екі оқиғаны баяндай кетейік.

Бірде Сыпатай батыр қонаққа Батырбек датқаны шақырады. Датқа қонаққа өзімен бірге нағашысы Майлықожаны да ертіп барады. Қонақ болып қайтар кезде Сыпатай батыр Майлықожаға қырғыздардан 500 қойға алған, әлі өзі де мініп үлгермеген су жорға атын күмістелген ер тұрманымен сыйға тартады. Қонақтар аттанып кеткен соң, батырдың туыстары ренжіп:

-Өзіңіз мінбеген жорға атыңызды Майлықожаға бергеніңіз не? – дегенде Сыпатай батыр:

-Батырбек датқаның көңілінен шығуым үшін, ол кісі разы болсын деп бердім. Оңтүстік өңірде датқа жәкемнен дана, кемеңгер кім бар? – деген екен.

Және бір оқиға Батырбек датқаға сәлем беруге барған Иманберді датқа Батырбектің екі иығынан екі айдаһар көріп, табалдырықтан аттай алмай тұрып қалады. Батырбек датқа:

-Оу, Иманберді, босағада бөгеліп қалғаныңыз қалай? – дегенде Иманберді:

-Қайтемін енді иығыңыздағы екі қорғаушыңыздан именіп тұрмын, — депті. Сонда Батырбек датқа:

-Ол екі қорғаушым көрінгенге көрінеді, сізге зияны жоқ, өзіңіз бір күмәнді ойға берілген боларсыз, — депті.

Өткен Кеңес өкіметінің тұсында Датқа сазында жатқан Батырбек датқаға

Т.Рысқұлов, Қ.Қошмамбетов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Б.Момышұлы,

А.Асқаров т.б. қайраткерлер келіп зиярат еткен.

1971 жылдың жазында Жуалы ауданына келген Д.Қонаев арнайы ат басын бұрып, датқаның жатқан жеріне келіп Құран оқытқан. Димекең:

-Бұл кісіні әкем аузынан тастамай үнемі айтып отырады, өзін пір тұтады, — деген. Сол күні ол кісі Датқаның сазында тігілген ақ боз үйде ауыл қариялары мен аудан басшыларымен әңгімелесіп аттанған (Көптеген басылымдарда: «Димекең сол жерде киіз үй тіккізіп, қонып шыққан» — деп жазылады. Сол кезде Димекеңмен киіз үйде бірге дәм татып, әңгімелескен қариялардың көзі әлі тірі. Олар: «Димекең ел-жұртпен әңгімелесіп, тамақтанып болған соң қонбай жүріп кеткен» — дейді)

Батырбек датқа Рысбекұлы өзінің әділдігімен және халқына қамқорлығымен ел құрметіне бөленген жан болған. Арқаның от тілді, орақ ауызды ақыны Шөже:

 

                                Дулаттың Құдай сүйген сұңқарысың,                                  Өңкей бек, серілердің сұңқарысың.

                                Жарқырап карағанда жарық қылған.

                                 Ішінде ұлы жүздің сұңқарысың… деп баға берген.

 

Ел ішінде беделі зор Батырбек датқа 1863 жылы Шоқан Уәлихановпен, патша полковнигі Черняевпен жолығып, Оңтүстік өңірді қоқандықтардан азат ету жайлы пікірлескен және сол қанды соғыстан өз ұлысын алдын ала қам жасап аман алып калған.

Өз заманының озық ойлы, көзі ашық азаматы ретінде ол Кенесары хан, Мұса Шорманов, Шыңғыс Уәлиханов, Құнанбай қажы, Сыпатай батыр, Майлықожа, Мәделі ақындармен Байзақ, Сопақ, Шоқай датқалар сияқты атақты адамдармен белсене араласқан.

Батырбек датқаның қайраткерлігі адамдық болмысы тұрғысында Әбжаппар Жылқышиев «Дауылдан кейінгі жарық» кітабында жазған. Оның қазақ халқы үшін жасаған шарапаты туралы Ташкенттегі Архивтен алынған мынадай мәліметтер дәлел болады: «Қазақтардың Меккедегі Қонақ үйін1874 жылы Батырбек датқа, Құнанбай мырза мен Аңдамас бай, кіші жүзден — Мырқы, Нүрпейіс байлар салдыртқан. Оларқажылыққа барғанкездерінде қажылыққа келген қазақтардың үйсіз — күйсіз, панасыз жүргендерін көріп қынжылады. Өзара патуаласып, қаржы шығарысып, Мекке шаһарының хакімінен қонақ үй (тәқия) тұрғызатын жердің рұқсатын алып, құрылысшылар жалдап, екі жылдың ішінде үш қонақ үй тұрғызады.» -делінген.

Сол Батырбек датқа мен оның сапарлас серіктері тұрғызған тәкия 1960 жылдарға дейін қажылыққа барған қазақ қауымына қызмет еткен көрінеді. Кейін оның орнына көп қабатты қонақ үй салынып кеткен. 

Осы аталған игі жақсылар қажылыққа жүрер алдында өзара ақылдасып: 

-Билігіміз бен байлығымыздан не пайда оның ел-жұртқа —  пайдасы, әруақтарға шапағаты тимесе, — деп Бәйдібек бабаның мазарын қайта жаңғыртады.

Сондай ақ Батырбек датқа өзінің ерекше діндарлығымен мұсылмандық жолды берік ұстануымен, халық арасында имандылықты талмай насихаттауымен кейінгі ұрпақтың жадында калған. Ол қажылықтан оралған соң, 1874 жылы Бөкей тауының етегінен Самарқаннан арнайы алдырған күйдірілген кірпіштен мешіт пен медресе салдырады. (Бұл жерді жұрт қазір «датқаның сазы» — деп атайды.) Көнекөз қариялардың айтуы бойынша сол мешітке жұма намазы мен айт мейрамдарында бүкіл Оңтүстік өңірдің халқы жиналатындығы, ол медреседе балалар мұсылманша білім мен тәлім — тәрбие алған. Олардың көбісі жетім балалар болған дейді. Әулиеата мен Шымкент өңіріндегі теңдессіз осы мешіт 1928 жылға дейін халыққа қызмет еткен көрінеді. 1885 жылы Батырбек датқа дүниеден өткен соң, денесі өзі салдырған мешіт — медресенің қасына жерленді. Ұрпақтары оның басына сәулетті күмбез салдырған. Алайда Кеңес үкіметінің тұсында күмбез бұзылып, талқандалып кеткен. Қазір мешіт — медресе мен күмбездің орны 2014 жылға дейінтөбешік болып жатты.

Батырбек датқа туралы Жамбыл облысының «Ақ жол» газетінде журналист Талғат Талапұлы «Батырбек датқаны неге аяламаймыз?» атты мақаласында: «Ақсұңқар ұшар жем үшін, туады ерлер ел үшін» — делінген емес пе, біздің аталы сөздерімізде. Біздің Жуалы жерінде де сол елдің елдігін танытып, өз жерінің жақсылығын жалпыға ортақ етіп көрсеткен, сырттан көмек сұрап келген жұрттарға өз жерінен жер бөліп беріп (Қоңыртөбе ауылындағы наймандарға, Көлтоған ауылындағы қыпшақтарға, Билікөл аумағынан келген шымырларға, сондай — ақ іргелі елдің ұрпақтары арғындар мен қаңлыларға), оларды өз алдына еңселі ел еткен, билігін басқаларға бұлдамаған, өз тұсында барымта мен ұрлыққа тйым салған, қалың жұртты — қайран елі үшін «елім — айлап» өткен бір ер азамат бар болса, ол – кешегі Батырбек датқа еді» — деп жазады. Журналист — жазушы сол тарихи тұлғаны ардақтау тұрғысынан, келер ұрпақ киесін танып, өз тарихына тамырын терең жайып өссін деген ниетпен елеусіз жатқан Батырбек датқаға күмбез орнату керек екендігін ашына жазды.

Батырбек датқаның жатқан жеріне белгі қойып, Күреңбел ауылына Батырбектің есімін беру, ескерткіш орнату мәселесі бойынша газеттерде А.Бекбосын, Н.Дәутайұлы, Е.Солтыбаев, А.Әбдуалы, Ж.Мұратай, А.Дүрәліұлы бастаған ел ағалары бірнеше рет көлемді мақалалар жариялады.

Жуалы ауданына әкім болып Батырбек Құлекеев келген соң аудан ардагерлері мен құрметті азаматтарының өтініш-тілектерін қолдап, өзі бас болып, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылына кіре беріс күре жолдың үстіндегі дөңнен 2014 жылдың жазында Батырбек датқаға еңселі ескерткіш орнатылды. Ескерткіш төңірегі абаттандырылды. Сүйегі жатқан Датқаның сазына кесене тұрғызылды.

Батырбек датқаның ескерткішінің ашылу салтанатында көпшілік алдында оның парасаттылығын, даналығын, көрегендігін, жомарттығын сипаттайтын «Жасайды мәңгі есімі» атты өлеңімді оқыдым. Ол төмендегідей болатын:

Жасайды мәңгі есімі

Талайдан  бергі түйінін шешіп көкейдің, Ұрпағы болып кез келді парыз өтейтін.

Батырбек сынды ұланын қайта тірілтті,

Елеусіз қалып баурында жатқан Бөкейдің.

 

Өмірі күрес, жаралған от пен жалыннан,

Маңдайға біткен жұлдыздай мәңгі жағылған, Тарихи талай тұлғалар келген өмірге,

Жуалы жері кенде емес дархан-дарыннан.

 

Келешек үшін ізгілік нәрін ектіріп,

Батырбек даңқын бүгінге жайғап жеткізіп. Қарабатыр, Шінет, Ырысбек батыр ұрпағы, Сиқымнан шыққан тұғыры биік тектілік.

 

 

Елжанды ердің ісі көп артта қалдырған,

Бәйдібек баба күмбезі қайта жағңырған. Қажыға барған қазақтың ойлап жағдайын, Меккеге барып тәкия-жатақ салдырған.

 

Жомарттық жасап, айналып нұрлы шуаққа, Жер бөліп берген арғын мен найман, уаққа. Қастерлеп дінін, медресе-мешіт салдырып, Иманды жолмен бастаған елін жұмаққа.

 

Жанашыр болып ел-жұрттың қайғы-мұңына, Қоқандықтардың мойымай өткенсынына.

Кемеңгерлігі арқауы болған ақындар,

Сүйінбай менен Мәдінің мадақ жырына.

 

Бодандықпенен кимеске ноқта темірден, Азаттық жолға үндеген елін езілген. Құнанбай, Шоқан, Сыпатай, Тезек төрелер, Батырбекпенен сыйласып өткен өмірден.

 

Жүрегі дархан, жаралған елдің бағына.

Бабалар өткен кеудесі көмбе-қазына. Димаштай ұлы тұлға да келіп тәу еткен, Батырбек жатқан киелі «Датқа сазына».

 

Арада жылдар өтсе де тіпті ғасырлар,

Ақтаңгер тарих айғақтап ерін айқындар. Ұрпақпен бірге жасайды мәңгі есімі,

Батырбек сынды біртуар дана, асылдар!

 

XIX ғасырда Жуалы өңірінде өмір сүріп саналы ғұмырын халқының жарқын болашағына арнаған айтулы қолбасшы, мемлекет қайраткері, данагөй басшы Батырбек Рысбекұлының есімі ұрпақтар санасында мәңгі сақталуы тиіс.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *