Бақыұлы Шоқан батыр (1712-ө.ж белгісіз)

Бақыұлы Шоқан батыр (1712-ө.ж белгісіз)

 

Адал ұлдан не пайда?

Ел намысын қорғауға,

Ер намысын қолға алып, 

Қару-жарақ толғанып,

Тәуекелге бел байлап, Атаның жолын қумаса.

 

Б. Момышұлы

 

Шоқан Бақыұлы жоңғар және қырғыз манаптарының жандайшаптарымен шайқастарда ерекше көзге түскен байтана руының хас батыры, Садыбай батырдың ұрпағы. Оның туылған және қайтыс болған жылдары белгісіз. Бірақ Төле би мен Қойгелді батыр кітабында Шоқан Қойгелдімен жекпе — жекке шықпақшы болған жоңғар батырын сауыт — сайман кимей — ақ әпсәтте жайратып салған кезде, Қойгелді Шоқан батырдың сол шайқасқа дейін ел көзіне түспей елеусіз болғандығының себебін сұрайды.

— Қойгелді аға, биыл қырыққа шықтым дейді Шоқан батыр. Бұл кезде Қойгелдінің елуден асқан шағы екен деп жазылған. Осы деректі ескерсек Шоқан батырдың туған уақыты 1710 — 1712 жылдар шамасында болады.

Шоқанның алғашқы ерлігі де сол Қойгелдімен алғаш кездескенде болады. Бұрын тоғыз жекпе — жекте түгелдей жеңіп даңқы асқақтаған батырдан кек алуды көздеген қалмақтың жас нояны Қойгелдіні Байтана жұртына келіп түскен кезінде жекпе — жекке шақырады. Осы кезде торы байталға жайдақ мінген, зор денелі бір қазан бас жігіт Қойгелдіден бата сұрайды. Бұл Садыбай батырдың ұрпағы Шоқан болатын. Сауыт — саймансыз шекпен киіп, байталға жайдақ мініп жауға шапқан ол қалмақ батырын әп -сәтте жайратып салады. Осы айқасты көрген жау есін жиғанша Шоқан батыр жауға қырғидай тиеді. Қойгелді мен Шоқан басқарған осы шайқаста қалмақтарды шетінен қырады.

Шоқан ерлігіне риза болған Қойгелді ақ батасын беріп, астына тұлпар мінгізіп, бес қаруын сыйға тартқан екен.

Қазақ пен қырғыз арасы бүлініп тұрған шақта Шоқан батыр Күркіреусу, Маймақ арқылы Жуалыға шабуыл жасаған кырғыз манаптарының жандайшаптарына қарсы тұрады. Бұл кезде қазақ қолы Меркі жаққа аттанып кеткен болатын.

Осы соғыста Жайыл батыр жекпе — жекте қаза тауып, бес ұлы бірдей қолға түседі. Бүл тарихта «Жайыл қырғыны» ретінде белгілі.

Шоқан аз — ғана жігіттерімен түнде шабуылдап талай жортуылшыларды жер жастандырады. Таң ата Шоқан бастаған жігіттер қоршауда қалады. Сонда қалған жігіттерді елге қайтарып Шоқан жалғыз қалады. Қырғыздың мергені Шоқанның атын атып құлатқан соң да, жаяу жүріп ол ұзақ шайқасады. Шоқан тұтқынға түскен соң намаз оқып отырған кезде қырғыздың бір жасағы оны жазатайым  қылышпен шауып, қапыда өлтіреді. Кейін Шоқанның сүйегі мен сауыт — саймандарын ағайындары қайтарып алады. (Біз бұл деректерді Садыбай Байтана кітабынан алдық)

Бақы ұлы Шоқан батыр Қойгелді батырмен бірге жүріп талай рет соғысқа қатысқан, ту ұстаушы болғаны туралы да деректер бар.

Шоқан батыр туған жері үшін шайқаста қаза тапқан тұңғыш ұлы Қотанбайдың кегін қырғын шайқаста қайтарады. Қотанбайдың қабірінің басына кесілген бастардан үйіп төбе жасаған екен. Ол туралы көнекез қариялардың Қошқарата ауылындағы «Қалмақ қырған» аталатын жазықты осы Шоқан батырдың ерлігімен байланыстырады.

Шоқан ерлігі туралы бұдан басқа — да аңыздар айтылады. Қаратаудың қойнауында Шоқан атты үш қарауыл төбе бар. Біріншісі — Бәйдібек баба күмбезінің жанында, он шақырым жердегі тау басында, екіншісі — Жуалы жеріндегі Боралдайда, ал үшіншісі Созақ өңірінде. Бұл төбелердің барлығы да Шоқан ерлігіне қатысы бар екені даусыз.

Қырда қалмақ болғанда, Ойда қоқан.

Жауына  не  қылмаған  батыр  Шоқан  —  деген  өлең жолдары ел аузында әлі де сақталған.

Шоқан батырдың дулығасы бүгінде Тараз қаласының өлкетану мұражайында сақтаулы, үлкендігі екі адамның басы сыйып кетердей, ал сауыты мұндаға дейін Түлкібас ауданындағы Шакпақата ауылының орта мектебінде сақталған екен, кейін із түзсіз жоғалған.

Бүгінде Шоқан батырдың ұрпақтары Жуалы ауданының Дихан елдімекенінде тұрады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *