Итаяқ батыр (т.ө.ж белгісіз)
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен ел үшін,
Қазақтың абырой-атына, Сарып қылған бар күшін…
Бұқар жырау
Итаяқ батыр Жаныстан тарайтын Шегір руының жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлік көрсеткен айтулы батырларының бірі. Батыр туралы деректер тым мардымсыз, тек қана ел аузында сақталып қалған бір – екі көмескілеу аңыз әңгімелер ғана сақталып қалған.
Итаяқ батыр 1723 жылы жоңғар шапқыншылығы кезінде «Елім — айлап» көшкен руластарына ілеспей Жуалының Қаратау аймағында қалып қойған. Өзі жасақтаған мерегендер тобын басқарып жауға тұтқиылдан шабуыл жасап шығынға ұшыратып отырған.
Батырдың ерлік істері туралы Хамза Амандықұлының «Ақпан батыр» атты дастанында біршама деректер келтірілген. Онда Итаяқ батырдың жаудан қорғану мақсатында ту сыртынан жау келе алмайтын Алатаудың үлкен аңғарына тастан қамал салдырған. Сол қамалда бекініп алып мергендерімен жебе жаудырып жауды жолатпай қояды. (Ол қамалдың орны қазіргі кезде де бар. Оны ел «Шегір қамалған» деп атайды.
Итаяқ батыр жайында тағы да бір деректі біз Тәттібай ауылының тұрғыны болған марқұм Ордабек ақсақал мен Амангелді орта мектебінің мұғалімі Орал Батырқұловтан естідік. Олардың айтуынша «Итаяқ батырдың елуден асқан шағында оған бір балгер оның алдағы өміріне болжам айтады. «Жасың 60 – қа жетпей қара құрт шағып қайтыс боласың» — дейді. Көріпкелдің айтқан болжамының қате кетпейтінін білетін батыр Шегірқамалдан табиғаты салқын әрі қарақұрт болмайтын Көксалаға қоныс өзгертеді. Алайда, Ташкент жақтан алып келген сәлем – сауқат, жеміс – жидек, жүзіммен ілесе келген қара құрт батырды шағып өлтіріпті. Біз бұл әңгімені өз аталарымыздан естіген едік» — деп баяндайды.
Итаяқ батырдың жерленген жері туралы Ынтымақ ауылының өмірден өткен қариялары. «Ол мына ауыл іргесіндегі Жартытөбеге жерленген» деген мәлімет алдық. Алайда, бұл деректің жаңсақ екендігіне біз Итаяқ батырдың Көксаладағы бейітін тапқан кезде көз жеткіздік.
Итаяқ батырдың жерленген жері Көксаланың оңтүстік беткейіндегі шағын қорымның ортасында. Басына тастан қаланып күмбез тұрғызылыпты, алайда ол құлап тек қана биіктігі 1,5 метрдей болатын үйінді ғана жатыр.
Осынау кең байтақ қасиетті туған жердің төсінде бабаларымыздың биік рухынан дарыған батырлығымен ел жұртына аңыз боп қалған Итаяқ батыр туралы бар тірнектеп жинағанымыз осы ғана.