Қаңлы Құлан батыр (т.ө.ж белгісіз)

Қаңлы Құлан батыр (т.ө.ж белгісіз)

 

Тағдырдың салғанына халық көнбек

Маңдайына жазғанның бәрін көрмек.

Бірде бал-ау бұл өмір бірде кермек, Елдің қамын ерте ойлан, болсаң зерек!

 

Төле би

 

Ел намысын ту еткен батырлар шоғырына жастай араласып, атақты батырлармен тізе қосып талай — талай шайқастарға қатысқан батырлырдың бірі — қаңлы руынан шыққан Құлан батыр.

Құлан батыр заманында жазу сызудың өркендей қоймағаны белгілі, алайда батырдың ерлік істері қағазда емес халық жүрегінде сақталып шағын да болса деректер кейінгі ұрпаққа жетіп отыр.

Абылай дәуірінің айнасы болған, ақыл ойға кемел, «Көмекей әулие» атанған Қалқаманұлы Бұхар жыраудың толғаулары мен жырларынан бізге жеткен мәліметтер бар. Оның «Қабанбай батыр» жырына сүйенсек, мыңдықтан әскер құраған қас батырларының ішінде Қаңлы Құлан батырдың есімі де аталады. Тағы да бір дерек көзі Ақпан батыр жырында Құлан батыр Ақпан екеуінің замандас әрі жақын жолдас болғандығы айтылады.

Жоңғар шапқыншылығында Шымкент, Ташкент төңірегі мен Қаратау баурайындағы қазақтардың басына түскен жағдай өте ауыр болды. Төле би мен оның төңірегіндегі батыр билерді Қазақстанның шығыс, батыс, солтүстік, бөлігінен қол үздіргендей еді. Осындай қиын — қыстау кезеңде Төле бидің қасында Қойгелді батыр бастаған азын — аулақ батырлар қалып, Өтеген, Сәмен батырлар Жетісу жерінде кейде Арқада айқасты. Сеңкібай, Шойбек, Ошақты Саңырық, Сіргелі Елшібек, Қаңлы Құлан батырлар Абылай әскеріне барып қосылды. Жазушы Еркінбек Түрысов Бәйдібек атты тарихи хикаят — эссесінде Қошқарата өңіріндегі болған бір шайқасты былай баяндайды: «…Жаудың енді қалай да қазақты осы жерде бір қанға бөгейміз, — десіп бекінген жері Шығыс Қостұра, Боралдайдың аңғары еді. Сол жерге табан тіреген төрт мыңдай ойрат шерігін тұс — тұсынан қамаған шымыр Қойгелді, Ошақты Саңырық, Сиқым Қарабатыр, Қаңлы Құлан, Жаныс Өтеген, Сеңкібайдың бір түмен қолы төрт күндік қиян — кескі ұрыста тас — талқан етті.» (Е.Тұрысов. Бәйдібек. Алматы

Нұрлы әлем 1998)

Төле би мен Қойгелді батыр бастаған қолдың Ташкентті алудағы Құлан батырдың ерлігі Хамзе Амандықовтың «Жолбарыс ханның қазасы» атты әңгімесінде төмендегідей баяндалады: «Сиқымнан Қарабатыр, Мәлік батыр, Қаңлыдан Құлан батыр, Рамаданнан Алшынбай батыр, Сіргеліден Қаратай, Төлебай батырлар, шегірден әлі «жілік майы толмаған» Ақпан батыр секілді жауымен талай ұрысқан… батырлар мен ежелгі ардагер — асылдар бір сапқа тұрды. Тәуке ханнан қалған дәстүрге айналған әскери тәртіпті білетін Қойгелді қазақ жасақтарын ондыққа, жүздікке, мыңдыққа бөліп, әр рудың сарбаздарын өзеріне басқартты. Шабуылдың далада, қалада, көшеде өтетін тәсілдерін үйретті. …Бозсуды қалаға бұрып, Жолбарыс ханның ләшкері ініне су кеткен тышқандай далаға шыққан кезде жалаңдаған жауынгерлер шетінен басын қоспай жаншып, кәлләсін алмадай домалатыпты.

Құлан батыр туралы көптеген тарихи кітаптарда қысқаша деректер кездескенімен оның туылған уақыты, жекпе — жек сияқты жеке ерліктері, қайтыс болған мезгілі мен жерленген жері туралы айтылмайды.

Ілгері бала кезімізде үлкендердің ; баяғы біз заманда осы өлкеде ержүрек Құлан деген батыр болыпты. Мына тұрған Құлан тауы, анау Құлан асуы осы өңірде жаумен шайқасқан сол батырдың атымен қойылса керек, — деп ескінің елесінен көмескілеу хабар беретін. Ту ұстап тұлпар мінген Құлан батыр жайлы әңгіме әрі қарай өрістемей үзіліп тынатын. Өйткені ол кісілердің де бар білетіні осы болса керек.

Осы үзілген әңгімені жалғайтын Құлан батыр туралы қысқаша мәліметті біз жергілікті жазушы-журналист Мақұлбектің «Бақатерек» атты кітабынан кездестірдік. Жазушының баяндауынша Құлан батырдың өмір сүрген кезеңі сонау Шыңғысхан заманындағы моңғол шапқыншылығы тұсында болуы керек. Біз бұрын баяндаған жоңғар шапқыншылығындағы Құлан батыр мен Шыңғысхан шапқыншылығындағы Құлан батырдың арасын аттай алты ғасыр бөліп жатыр. Бұл екі батыр аттас, әрі екеуі де қаңлы руынан шыққан. Ендеше жазушының Құлан батыр жайлы жазған дерегіне кезек берейік.

«Қайран ұлы бабамыз Құлан батыр моңғолдарға жерімізді таптатпаймын деп жан беріп, жана ала айқасқан ғой. Осы Құлан тауы мен Күйіктен жауға асу бермей шайқасқан. Аңыз бойынша Отырардың билеушісі бауыры Қайырхан Құлан батырды басшы етіп моңғолдардың алдынан жібереді. Мақсаты Отырарға келер күшті алдын ала әлсірету болса керек.

Құлан батыр Шыңғысханның Боралдай тауының бөктеріне тіккен шатырына да шабуыл жасап, жауды талай әбігерге салған дейді. Ақыры Құлан батыр мекен еткен асудан асу аса қауіпті және көп шығын болатынын білген жау бетін Созаққа түзеп, Отырарға сол жақпен жетсе керек. Отырар қаласын алты ай бойы жаудың бағындыра алмауы моңғолдардың арттан келер күшін Құлан батырдың әлсіретуі әсерін тигізген. Күн сайын Отырарды қоршаған жаудың ту сыртынан шабуылдап, қырғын салған. Сонда Құлан батырдың күш алар, қайрат жинар жері осы Шақпақ әулие болса керек… (М.Рысдәулет. Бақатерек,«Тоғанай Т».  Алматы, 2014. 11 бет).

Азаттық туын көтеріп жортуылды күн кешкен, елдік пен бірліктің мызғымас ұстыны болған қаңлы Құлан батыр жайлы қысқа болса да нұсқа бар білетініміз осы. Ұрпақтар үшін ұлағатқа жаралаған батырларымыздың рухы әрқашан да биіктен көріне бергей.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *