Нұрбайұлы Ақпан батыр (1701-1772)
Ердің сыншысы-елі,
Ел күйінгенде күйінген батыр,
Ел сүйінгенде- сүйінген батыр Ерегісте ерлігі мыңға татыр.
Халық даналығы
Ұлан — байтақ жерімізді осы бүгінгі ұрпаққа жеткізу үшін, елінің тәуелсіздігі үшін жанқиярлықпен шайқасқан жаужүрек батырлардың бірі Ақпан батыр.
Ақпан Нұрбайұлы 1701 жылы Қазығұрт тауының етегінде дүниеге келген, Ұлы жүз ішіндегі Жаныс тармағынан шығатын Шегір руынан. Ақпанның азан шақырылып қойылған аты Өтеуіл болған, жеңгелері оның көзінің ерекше ұясына сыймай ақшиып тұратындығынан «Ақпан» атап кеткен.
Ақпан батыр отыз бес жыл қалмақ шапқыншылығымен, жиырма бес жылдай Қоқан басқыншыларымен күресіп ат үстінде ғұмыр кешкен.
Ақпанның батырлығы түйе бағып жүріп барымташылардың Сандыбай атты батырын жекпе — жекте жеңіп, алдына өңгеріп, ел алдына алып келген жас кезінен — ақ шығады.
Қоқан ханның баласы Қатаған қаңлының баласы Кұлан батырының аулына шапқан кезде де Ақпан көзсіз ерлік жасап Сарман сартты бұғалық тастап қолға түсіреді. Осы оқиғадан соң Төле би ер есебінде ел көзіне түскен Ақпанды шақырып алып ақыл — кеңесін береді. Алда жойқын соғыс бар екендігін ескертіп, дайындалуды тапсырады.
Бұл кезде, яғни 1723 жылы Цеван Рабтанның қазақ жеріне жойқын жорығы басталады. Төле бидің ұйымдастыруымен Шымырдан — Қойгелді, Жаныстан — Өтеген, Ботбай Қосын — Сәкен, Қаңлыдан — Құлан, Ыстыдан -Төлек, Тамадан — Алшынбай, Қарақалпақтан — Құламбек, Қоңыраттан -Төлебай өз руларынан, жауға қарсы қол жинай бастайды.
Сол кезде Ақпан батыр да Шыршық пен Жуалыға жаушы шаптырып, алғаш жүздік, сонан соң мыңдық жасақтап Қаратөбе деген жерде туын тігеді.
Шегірдегі «Жердің шетін бер, жаудың бетін бер» — деген Ұлы жүзге мәтел қалдырған Айт атаның ұрпақтары; Назардың Рысбегі, Досқожа, Апақ, Ақмырза, Әлімбек Қарқара ұрпақтары; егіз ер Бақабай мен Сейбек Таңбай сынды ержүрек ұлдары «жүздік» бастап, қос мыңдық қосынды ақбоз атын ойқастатып Ақпан батырдың өзі басқарады.
Ақпан батырдың «Амансай», «Қанды айлақ» қырғыннан соң дүркіреп аты шығады, сол соғыста шегірлер жауға қарсы «Бақтиярлап!», «Ақпандап!» ұрандап шыққан еді.
Сонан соң Ақпан батырдың жасағы Төле би, Қойгелдіге қосылып Жетісуды азат етуге аттаныс жасайды.
Ақпан батыр туралы Қазақ білім академиясының аға ғылыми қызметкері болған академик Сәбит Дүйсебаевтың еңбегінен үзінді келтірейік:
«1729 жылғы Алакөл маңындағы шайқаста үш жүздің біріккен жасақтары қалмақ қолымен жан аямай соғысады. Жердің шетінде, жаудың өтінде жатқан найман, жалайыр, албан, суан елдерінің жанқиярлық ерлік күресінің бел ортасында Ақпан да өз қолымен бірге болады. Содан кейін Ақпан батыр
Шыршықта қалмақ қолбасшысы Жоғастың әскерін талқан етіп, қалың дулат, қоңырат, қаңлы елдерінің рухын көтереді. Бұдан соң тарихтан белгілі «Қара қыстақ соғысында»(Қордай мен Іле арасында), «Бұланты» қорғанында (Жетісуда), әйгілі Аңырақай соғысында Ақпан соғыс тактикасын жете меңгерген қолбасшы ретінде көзге түседі. Ақпан, мәселен 100 ден 1000 ға дейін мергендер жасақтап, топ — топқа бөліп, үнемі дайын алып жүрген, өзінің шебер қолданатын «Ай қораланды» әдісімен жауды айнала қоршауға алып, әр тұстан атқылап қырып, артынша жау шебіндегі абыржушылықты пайдаланып, негізгі қолмен жайпап өтетін болған. 1756 жылы Шу маңындағы соғыста Төле би, Қазыбек би, Жолбарыс хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлармен тізе қосып қалмақтың қолбасшысы Донықтың отыз бес мыңдық әскерін талқандауда ерлік көрсеткенде Ақпан бар қазаққа танымал еді» — деп жазады.(Қазақ тарихы. 2002, №1. Ақпан батыр.)
Ақпан батыр сол сияқты Бұқар әмірлігінен бөліне сала көптеген шет жерлерді басып алған Қоқан хандығының басқыншылығына да қарсы соғысады.
Хамза Амандықовтың «Ақпан батыр» атты тарихи дастан романында «Ақпаннның Қоқан хандығына қарсы күресі», «Қожабек пен Ақпан айқасы» атты тарауларында бұл оқиғалар өлең тілімен шынайы етіп суреттелген.
Сол сияқты дастанда Жуалы жеріндегі Алатау қойнауындағы Шегір қамалының тарихы және Ақпан батырдың Шақпақ ата әулиесіне сиынғаны туралы да мол деректер келтіреді.
Ақпан батырдың тарихын зерттеуде талантты қаламгер Уәлихан
Сүлейменұлы да үлкен еңбек сіңірген.
Ақпан батыр Әулие Ата маңында Қоқан хандығы датқаларының зомбылығына араша түсіп, жауды қуып келе жатқанда Жуалы жеріндегі Құлан асуында жау оғынан, 70 тен асқан шағында мерт болады. Оның сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне қойылады. Бір ескертете кететін жәйт кесенеде жатқандардың тізімінде Ақпан батырдың есімі жоқ, оның себебі ол өзінің азан шақырып койған Өтеуіл атымен жерлеген.
Бүгінде Ақпан батырға ұрпақтары Қазығұрт баурайынан ескерткіш тұрғызған, Шымкент қаласындағы бір орта мектепке Ақпан есімі берілген.
Күллі қазақ халқының ұлы азаттық шайқасында жоңғарлар мен қоқандарға қарсы күрескен Ақпан батыр сияқты елін, жерін сыртқы жаулардан азат ету жолында қан төккен асыл ерлер ешқашанда ұмыт болуға тиісті емес.