Мəнжі Күржікейұлы
(1815 – 1911ж.)
Мəнжі Күржікейұлы — Сарыарқа жері мақтан тұтқан аруақты батырлардың бірі, есімі ел есінде қалған атақты адамдардың қатарына жатады.
Сарыарқаның ең ірі өзені Нұра екенін білеміз. Батысқа қарай ұмсына ұмтылған, оған қосылуға Байбура, Ащысу, Шерубайнұра, Соқыр, Көкпекті, Тентек тəрізді ағын сулар асығады. Қариялар аузындағы сілем-сілем əңгімелерге құлақ түрсек, Қареке руының Байбура бұтағы жазда Байбура, Нұра, Соқыр, Тентек өзендерінің
бойын жағалағаны белгілі.
Осы шүйгінді алқапта, ұлт тарихында өзіндік орны бар тұлға — Мəнжі Күржікейұлының мəңгілік мекені бар. Қазіргі Қаражар ауылынан екі шақырымдай жерде «Манжин» фермасы орналасқан. Бұл мекеннің Мəнжі батырдың есімімен аталғаны ешқандай күмəндік туғызбайды.
Мəнжінің шыққан тегі — Орта жүздің Арғын-Қуандық тайпасына жататын Қареке руы. Ол 1815-1911 жылдары өмір сүрген. Батыр жас шағынан ат құлағында ойнаған ержүрек болса керек. Өзі əрі мерген екен. Ел шетіне жау тисе, қолына найзасын алып, тойтарыс беруді өзіне міндет санаған.
Бір деректі əңгімелерде Мəнжінің ержүректігіне сай күші де болғандығы айтылады. Ол ат үстінен сəл еңкейіп, қалың өскен жыңғылды жас баланың білегіндей саусақтарымен уыстай тартқанда, жыңғылды тамырымен қиналмай суырып алады екен. Сонан кейін екі қолымен кір сыққандай бұрағанда тобылғы, не жыңғылдың сөлі тамшылап, суы сорғалап аға жөнеледі екен.
Есімі қасиетті тарих бетіне өзіндік айшық-бедерімен түскен Мəнжі батыр бала кезінен-ақ қатарынан озық тұрды. Ол қиянатқа көнбейтін, əділетсіздікке төзбейтін мінез бағдарын он- он алты жасынан байқатқан батыр.
Мəнжі Күржікейұлы — өз заманының көзі ашық азаматтарының бірі болған. Ол аузымен құс тістеген, алдына қара түсірмеген, атқанын құлатқан, қосқанын оздырған, істің ағын ақ деген, қарасын қара деген, ар-намысын ешкімге бермеген, құдайдан өзгеге бас имеген кісі екен.
Мəнжі батыр Қарпық-Қаратоқа руынан шыққан Тиес батырмен дос болған. Екеуі Кенесарының қолына кіріп ұлы жорықтарға қатысқан. Мəнжі мен Тиес қазақ жерін жат жұртқа бермеу ұшін талай ерлік көрсеткен. Бір қатты ұрыста Тиес батыр жаяу қалып, жауымен жалғыз шайқасады. Сол кезде Мəнжі батыр атпен шауып келіп, Тиеске «Аға баласы» едің деп өзінің астындағы атын мінгізеді. Жан-жақтан қаптаған қалың жаудан тайсалмай, астындағы атын түсіп беріп, досы үшін өлімге бас тігу – жүрегінің түгі бар хас батырларға ған тəн ерлік екені даусыз.
Мəнжі батыр: «Ел намысын қорғайтын батырсың, елге аман бар. Ал мен дос алдындағы парызымды орындап өлсем, арманым жоқ. Елге менің де сəлемімді жеткіз»- деп өзі жаумен жаяу шабысуға кіріседі. Осылайша екі дос қалың жаудың бетін қайтарып, өз тобына қосылады.
Мəнжі Күржікейұлы Кенесары бастаған азаттық күрестің алдыңғы шебінде болды. Ержүрек батыр «соқтықпалы, соқпасыз» қиын заманда ғұмыр кешті. Орта жүздің көп руларына отаршыл Ресей көк сүңгісін аш бүйіріне қадады. Бірақ Мəнжі сияқты жүрек жұтқан аруақты бабалар басын бəйгіге тігіп, туған жердің ұлтарақтай пұшпағы үшін ата жаумен қаймықпай қидаласып өтті.
Мəнжі тек батыр ғана емес, ойда жоқ жерден сөз тауып айтатын өткір тілді щещен адам болыпты. Бұл жағынан ол əкесі Күржікейдің туған ағасы Шағырай шешенге ұқсаған болса керек.
Мəнжі батыр 96 жасқа келіп дүниеден қайтқан. Өлер алдында: «Мақалым түйдек-түйдек кел алдыма, Елек қойып болмайды ел аузына.
Жас жетіп 95-ке келгеннен соң,
Ойладым келдім ғой жол аузына»-
деген нақыл сөздері қалыпты.
Бірде Мəнжі батыр:
«Күн артынан күн туар,
Жыл артынан жыл туар,
Бабамыз, -деп Мəнжі батырды іздейтін
Артынан қашан ұл туар?» — деп торыққан екен.
Дəуірдің қарама-қайшылықтары мол оқиғалары, əсіресе, Кенесары Қасымов басқарған ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысуы, Мəнжі батыр есімінің де кешегі репрессияға ілінуіне үлкен сылтау еді. Кенесарымен бірге оның да аты тарихтан сызылып, құлыпқа салынды. Қазақтың сайын даласын дүбірге бөлеп, дүр сілкіндірген, бар атпал азаматтарын атқа мінгізген Кенесарының елдің тəуелсіздігі, жердің азаттығы үшін арпалысқан ұлт-азаттық қозғалысы көп жылдар бойы тасада қалды. Коммунистік үлкен саясатпен үндес болғандықтан, ол қозғалыс кешеге дейін ұлтшыл, феодалдық, хандық дəуірді аңсаған көтеріліс болып бағаланып келді.
Бүгінгі күндерге дейін аумалы-төкпелі заман қойнауындағы қым-қиғаш тарихи окиғалар сорабын бағамдағанда, маңдайының соры қалың қазақтың тағдырындағы ойлы-қырлы белес — ол қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымулының ұлт-азаттық қозғалысқа қолбасшылық жасаған тұстары арқылы бағаланып келгені мəлім. Бір жағын алпауыт Ресей патшалығы омырып, екінші бүйірін ұлы Қытай кеміріп жатса да, жалпақ қазақ елін қанжығаға байлатпай, бірде егеулі найза ұшымен, бірде уəлі тілдің уытымен қорғап, жер қайысқан жау қолдарынан құтылып кетіп отырған, Абылай хан парасатын берік ұстанғысы келген, қаһарлы немересі Кенесары батырдың да атамекен үшін арыстандай айбат шегуі шексіз болды. Жегі құрттай дендеп кіріп, іштен шалар ұзын құрық айлакерлігі бар орыс империясының пасық пиғылына тосқауыл қоймай, жақсылық жоқ екендігін ержүрек Кенесары сұлтан бүкіл хан-дүниесімен сезінді.
Сондықтан, қарғыс атқыр отаршылар тарихымызды терістеуге жанталасып, Кенесарыны халыққа қарсы қойғысы келді. Бірақ Батыстың бір тарихшысы Кенесарының соғыс өнеріне тəнті болып былай деген екен: «Батыс қолбасшылары дала қолбасшысы Кенесарыға қызғанышпен қараған болар еді».
XIX ғасырдағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қазақ халқы түгел қатысты деуге болады. Олардың ішінде есімдері елге əйгілі қанша батырлар болды. Ел ішінде əрқайсысы туралы көптеген өлең, аңыз, əңгімелер бар. Кейбір батырлар өздерінің естеліктерін қалдырған.
Əдебиеттер:
Бексейiт С. Үш ғасырдың жұлдызды сəттерi// Орт.Қазақстан.- 2001.-21 шiлде
Бексейiт С. Мəнжi батыр: Тарихи дастан // Орт.Қазақстан.- 2003.- 23 қыркүйек.-6 б.
Кəренов Р. Мəнжi батыр: М.Күжiкейұлы туралы // Орт.Қазақстан.- 2002.- 13 ақпан
Кəренов Р. Ел аузында жыр болған Мəнжi батыр: Алтын сандық// Азия Транзит.- Қарағанды, 2002.- N4.-37-40 б.
Кəренов Р. «Батыр баба есiмi — ұрпақтар үшiн мақтаныш»: Мəнжi батырдың туғанына — 190 жыл// Азия Транзит.- Қарағанды, 2005.- N11.-18-24 б.
Орайханұлы С. Мəнжi батыр: Тарихи дастан// Азия Транзит.- Қарағанды, 2004.- N9.-4-5 б.