Ағыбай Қоңырбайұлы

Ағыбай Қоңырбайұлы
(1802-1855ж.)

Ертеде болған екен ер Ағыбай, Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай. Кешегі Кенесары заманында, Ерлігін көрсетіпті елге талай.
Қазақтың ең соңғы ханы, отаршылдармен өмірінің соңына дейін күресіп өткен, айбынды батыр Кенесары ханның үзеңгілес досы, əрі сарбаздарының бас қолбасшысы, құрдасы Ағыбай Қоңырбайұлы.
Ақжолтай Ағыбай батыр Арғын-Қаракесек ішіндегі Шұбыртпалы руының Күйелі тармағынан болады. Үлкен атасы Олжабай батыр, өз əкесі Қоңырбай да қазақ елінің азаттығы мен тəуелсіздігі үшін жан аямай күрескен халық батырлары. Ағыбай батырдың шешесі Қойсана -Арғын-Тарақты руынан шыққан, қазақтың бірнеше хас батырларының нағашысы, Абылай ханның ту ұстаушысы Байғозы батырдың ұрпағы екен.
Ағыбайға екі қабат күнінде, көшіп келе жатқанда, алты қарақшы көшіне тиіп жалғыз Қойсана ұрыс қылып, қолындағы бақанмен, алтауын ұрып түсіре береді. Жау бір-бірін сүйеп, əйелдің екі қабат екенін көрген соң: «қояйық, бұл əйелдің күші емес, ішіндегі баласы — арыстанның күші ғой» -деп жүріп кетіпті.
Ағыбай батырдың жас кезінде əкесі Қоңырбай қайтыс болады. Сол əкесінен қалған «Қарабесті» деген атақты атын, Шұбыртпалыны сол кезде басқарып, Қасымханға арқа сүйеген, ел жегіш, немерелес туысы Наубай күш көрсетіп тартып алып Қасымханға тарту етеді. Осыдан кейін Қойсана «қой, Ағыбай ерегісіп Наубаймен соғысар, ол — жас мерт болып кетер, баламның аманында төркініме жетейін» деп ел жатқан соң түнде жүгін артып көшкен екен. Көшіп келе жатып, бұл екі күннен кейін көп қоңсысы бар бір ақ ауылдың үстінен тап болады. Бұл ауыл Қасым ханның ауылы екен. Ауылға тоқтап анадай жерде қонған соң, құдыққа суға барса, кешегі Наубай тартып əкеткен Қарабесті ат құдық басында шалғында арқандаулы тұр екен. Қойсана ертеңіне хан ордасына барып, есігінен ізет етіп, тізе бүгеді. Қасым шаруасын сұрайды. Сонда Қойсана: «баламның жалғыз атын кеше Наубай тартып əкетіп еді, сізге тарту етіп беріп кетіпті, соны сізден сұрай келіп едім» -дейді. Қасымға Наубай атының мақтауын жеткізсе керек. «Атты ерттеп мінгенде бір кісіге жүгендетіп міндірмейді. Ол үшін мықты екі жігіт керек» десе керек. Осы сөз есінде қалған Қасым əйелдің көңілін аулап «атың ана жерде тұр, атыңды барып жүгендеп ал, ала алмасаң арқаннан қозғама, солай тұрсын» — дейді. Онысы ат əйелге əл бермейді деген ойы еді. Қасым «өзім көремін» деп үйдің ішінде есікті шалқасынан аштырып, шын-тақтап жатып қарап отырыпты. Қойсананың орамалының арты желмен желп еткенде, асау ат ышқынып үріккенде қазығын жұлып кетіпті. Сол кезде Қойсананың қолына қазық тиіп, тартып тұрып жіберіп қалғанда ат шалқасынан түсіпті. Бірден жүгендеп, үстіне мініп алып, екі аяғын екі қолтығына салып алып, басқа- артқа қамшыны басып-басып жіберіп, шауып ала жөнеліпті. Асау ат пен əйелдің алысып, əйелдің қайраты асқанын көрген Қасым хан қайран болып: «Мына дүзқарадан туған бала тегін болмас» — деген екен.
Ағыбайдың ең сүйікті қаруы тоғыз буынды, жез сақиналы жуан қайың найза. Атқа мінгенде құлан терісінен бұзау тіс етіп өрілген қайыспен қанжығасына байлап алады. Ал жай жүргенде қолына ұстайды. Бұл найзаны Ағыбайдың жақсы көретіні соншалық, ол күндіз қолынан бір түсірмейді, түнде басына жастанып жатады. Батырдың денелілігі соншалық, биіктігі кішігірім түйедей, атақты Ақылағына мінгенде, есекке мінген өзбектей, тізесі атының қолтық тұсын соғып тұрады. Ағыбайдың түсі суық, сонау шүңет көздері сөнбес оттай жанады. Қандай жүректі жан болса да, Ағыбайды алғаш көргенінде, алпамсадай ызбарлы түрінен сескенбей қалған емес. Ал, əлдеқалай түнде кездескен адам, ертегінің дəуін көргендей жүрегі жарылып кете жаздайтын. Кім болса да, кезіккен адамның есінде батыр түн ұйқысынан шошып оятар бір құбыжық секілді өмірбақи қалады.
Ағыбай елдің елдігі мен еркіндігі үшін атқа жас кезінен бастап мінген. Ол алғаш рет, 1822 жылдары 18-20 жасында Кенесары сұлтанмен жекпе-жекке шығып, даңқы қазақ даласына тарай бастаған. Ағыбайдың батырлығын, ақылын, тапқырлығын, көргендігін, сапарда, жорықтарда жол болғыштығын жəне жұмыста тынымдылығын жоғары бағалап, «Ақжолтай» деп атап кеткен. Ағыбай халық көтерілісінің басынан аяғына дейін қатысқан, басында Кенесарының ағалары Есенгелді мен Саржанның жорықтарына, елшіліктеріне қатысып, ол өмірдің қатал талқысынан өтіп, пісіп мол тəжірибе жинаған болатын.
Кенесары ханның əскерінің бас қолбасшысы Ағыбай батыр болса, сол Шұбыртпалы руынан Ағыбайдың жақын туысы Ханаби Серкеұлы ханның бас биі болған. Одан басқа Ағыбайдың туы тарыс «Шұбыртпалының жеті бөрісі» — деп халық атап кеткен: Таңабай, Көлебе, Меңдібай, Дулат, Жəуке, Толыбай, Шыңбай. Олар Кенесарының мыңбасылары ретінде, он жыл орыс отаршыларымен аяусыз соғысқан, қазақтың жері мен бостандығы үшін «Ағыбайлап» жүріп, жауымен шайқасқан есіл ерлер. Алғашқы уақытта Кенесары əскері «Абылайлап» шабады екен. Бір күні орыс əскерімен қырғын соғыс болып, бірінші жауға «Абылайлап» кірген төрелер, екінші топ жаумен «Бөгенбайлап», «Қабанбайлап», «Қарқабаттап»… сабаласқан қазақ əскері ортақ шегініп оралған екен. Осы кезде жаудың ортасында жүрген Ағыбай батыр «А, Құдайлап», оған ерген əскерлері «Ағыбайлап» жауды екі бөліп қуып жеңген екен.
Соғыс біткен соң Кенесары хан: «Осыдан кейін алаш əскері жауға екі ұранмен, бірінші қатары «Абылайлап», екінші легі «Ағыбайлап» шабатын бол-сын» — деп бұйрық берген екен. Сонымен, Ағыбай батырдың аты, өзі көзі тірісінде қазақ əскеріне ұран болып қалған.
Атағы аңызға айнала басқан Наурызбай батыр, жас кезінен осы Ағыбай батырдың тəрбиесінде болып, сырлас болған. Наурызбай өз сырын тек Ағыбайға ғана айтып, оның ақыл-кеңесіне құлақ асқан. Кенесары хан Наурызбайды тек Ағыбай батырға сеніп, жорықтарға бірге аттандырған. Наурызбай қанша өте батырлығымен, қатігездігімен аты шықса да Ағыбайды, атымен атамай «Ағеке» деп кеткен. Сол Наурызбай бір күні: «Ағеке, Кіші жүздің Алшын елінде жігіт сынайтын қария бар дейді, мені соған апарып сынат» — дейді. Бұл Абыз деген көп жасаған дана адам екен. Ағыбай мен Наурызбай барса Абыз қария мамық төсекте жатыр дейді. Бұлар сəлемдескен соң, бүркеніп жатып қалады. Жағын торғынмен таңып қойыпты. Əйтпесе, иегі төмен түсіп кетіп, сөйлей алмайды екен. Бұлар қонып шығады, ертеңінде түске дейін, одан соң, бесінге дейін қария тұрмайды. Ағыбай батыр: «Науанжан, бұл кісі сені сынамайтын болды, қайтайық» — дейді. Бірақ Наурызбай: «Жоқ, бұл кісі ажалың ертең кешке десе де сынатпай кетпеймін» — деп отырып алады. Бұл сөзді естіп жатқан қария басын көтеріп: «Жол болсын, балалар» — дейді. Сонда Ағыбай тұрып: «Қария, мына бала Қасымның кенжесі Кене ханның інісі Наурызбай деген, Сізге көрінемін деп келіп еді, балаға не айтасыз? Ал мен Ағыбай деген баламын, шаруа осы» — дейді. Сол кезде Абыз: «Я, Ағыбайым, сенің атың «ұран» болып артыңда қалады, өз ұраныңды өзің естірсің. Бағыңның табы желкеңде екен. Ал, Наурызбай, менің жасым 120-ға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нəрсенің сырттаны бар: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ, адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен, ғұмырың қысқа, 20-25-тен аспассың, дүниеден арманда қалма!»- дейді. Осы сөзден кейін Наурызбайдың көңілі түсіп, бұлар қайтады. Ауылға келгеннен соң, Кенесары: «Я, Ағыбай, Абыз Науанжанды қалай деді» — деп сұрайды. Сонда Ағыбай батыр: «Науанжанға жігіттің сырттаны екенсің, 120 жастың ішінде сенен артық жігіт көрмедім» — деді деп, басқасын айтпайды. Сонда Кенесары отырып, «Ағыбай, Абыз білмейді дейсің бе, бірақ айтпаған ғой, атам Абылайдың түсі есіңде ме!» — дейді. Онысы, бірде Абылай түс көріпті: астында жалын құйрық жирен аты бар келе жатса, бір жолобарыс қашады, жолбарысты соғып ішін жарғанда көкжал қасқыр қашады, қасқырдың ішін жарғанда қызыл алтай түлкі қашады, түлкінің ішін жарған екен – бақа-шаян аяғынан басына дейін қаптап кетеді. Осыдан соң «менің артым көптің бірі болып кетеді ғой» — деген екен. Осы түсті есіне алған Кенесары: «Менің, Сыздығымнан кейін солай боламыз ғой» — дейді. «Осы тақілеттес мен де бір түс көрдім — деп Кенесары сөзін жалғайды. — Түсімде, Ағыбай, сен екеуіміз арқаласайық, қайсымыздың бағымыз жеңер екен деймін. Əуелі кім арқалайды десем, «Сіз ел ағасы хансыз, Сіз арқалаңыз» дейсіз. Мен сені арқаламай алдыммен көтерем, кезек саған келгенде мені сен қаптағы тезекше иіріп арқаңа салып алдың, мен үш жүзге хан болсам да, сенің бағың артыңда қалады. Сен де батыр адамсың, алдымен сені көтеруім біздің бағымыз маңдайымызда, артымызда қалатын бақ жоқ. Өзімізбен бірге кетеді, болмса сені мен де арқама салып алмас па едім» — деген екен.
Кенесарының айтқаны келіп, оны Ағыбай өз құлағымен естіп, өз көзімен көрді. Бір жорықта он мыңдай əскермен келе жатқанда, бір боз торғай əскерді айналып ұшып жүреді, сонда Кенесары хан: «Тоқтаңдар, дəулет құсы деген болушы еді, біреуімізге қонайын деп жүрген шығар» – дейді. Сонда торғай ұшып-ұшып келіп Ағыбай батырдың басына қонады. Наурызбай, саған қонбай ма, Ағыбайға келіп қонды ғой» деп батасын беріпті.
Ақжолтай Ағыбай батыр өлерінің алдында, кешке таман туысы Жұман молламен төбенің басында отырса, бір кішкентай бозторғай шырылдап ұшып келіп батырдың басына қоныпты, торғайдың төбесінде шошайған екі тал айдары бар екен дейді. Осы кезде, Ағыбай батыр, Кенесарының сөзін есіне алып, «енді міне, бозторғай тағы басыма қонып отыр, орда бұзатын уақытым өтті, бəлкім дүниеден қош айтысатын уақыт таяп қалған шығар, мына жерде бесін намазын оқымай, үйге барып оқиын, Аманжолға жəне басқа да туған туыстарға хабар беріңдер» деген екен. Айтқандай Ағыбай батыр көп ұзамай қайтыс болыпты.
Ағыбай батырдың үш баласы болады: Аманжол, Аманбай жəне Сопы. Аманжол əкесіне тартып батыр болады. Аманбай дəулетті бай болады. Əкемнің бар арманы Меккеге қажылыққа бару еді, бірақ патша өкіметі рұқсат етпей бара алмады. Мен сол кісінің арманын орындап, Меккеге барам, мал-дүниелерді əке арманын орындау жолына шашылып деп жиналып, кетерінде «мен Меккеден қайтпаймын» деп елімен қош айтысып кетіпті.
Ағыбай батырдың ұрпақтары, Қызыл империяның қолшоқпарларынан көп қиыншылықтар көріп, қуғыншылыққа ұшырап, репрессия жəне конфискациядан кейін еліміздің əр түкпірін шарлап кеткен, Ағыбай батырдың тұлғасы тарихи аңыз-жырларда, жазба деректерде оның ақылдылық, шешендік, көрегендік, жолы болғыштық қасиеттері толығымен, жан-жақты сомдалады. Халық арасында «Ақжолтай» атанып, жолы болғыштығымен Кенесары хан «Ақ жолым» атап кеткен деседі.
Халқымыздың тарихында алтын əріппен жазылуға тиіс батырдың биік тұлғасы, халық ақын-жыршыларынан бастап, қазақ классиктері мен қаламгерлерді де əрқашан үлкен ілтипатпен назар аударып отырған. 1914 жылы Қазан қаласында Есім төре иждихатымен Əлихан Бөкейханов Ағыбай туралы «Қызыл Қайнар Тектұрмас» атты кітап шығарды. С.Сейфуллин «Ақжолтай батыр» атты роман жазған болатын. Бірақ, бұл шы-ғарма бізге жетпей, қуғын-сүргін жылдары асыл ағамызбен бірге келмеске кетті. Ағыбай батыр бейнесі М.Əуезов, М.Көпеев, Д.Əлімбаев, И.Байзақов, Ə.Қоныратбаев, Қ.Жұмали-ев, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Бекхожин, І.Есенберлин, Ж.Алтайбаев, Ж.Қашқынов, М.Əбсеметтің шығармаларында əр қырынан танылып отырды. Батырдың тарихи тұлғасын белгілі ғалым-тарихшы Е.Бекмаханов өзінің əйгілі еңбегінде жазған еді. Шəміл Əбілтаев күй шығарған. Жүсіп Алтайбаев «Ер Ағыбай» атты повесть жазған. Бірақ, жазушы батыр туралы жаңа туындысын шығара алмай көз жұмды. Тоқырау жылдарындағы сыңаржақ түсініктен Ағыбай батырдың аты О.Сəрсенбаевтың «Тамыр» деген повесінде Алыбай деп берілген еді. Соңғы жылдары батырды зерттегендер — Марат Əбсемет пен осы өңірден шыққан еліміздің тұңғыш сенаторы, ел басымыздың көмекшісі, 1975 жылдан бастап Санкт-Петербург, Омбы, Мəскеу жəне еліміздегі барлық архивтерді көтеріп зерттеген ғалым Қабылсаят Əбішев.
1731 жылғы Келісім бойынша Қазақ хандығы өз еркімен Россияға одақтас мемлекет ретінде кірген болатын, сол келісімде Қазақ хандығы өз егемендігін сақтап, Россия оның ішкі саясатына ықпал жасамауға жəне Хандық билік сақталып қалу керек еді. Кенесары осы жағдайларды жазып Ресей патшасына бірнеше рет хат жолдаған болатын, бірақ Патшадан жауап болған жоқ. Көтерісшілер Бұғылы мен Тағылы өңірінен бой көрсетті. 1826жылғы 14шілдеде жөнелтілген тағы бір хабарламада көтеріліске шығушылардың саны 1000-ға жетіп қалғаны айтылған. 1826 жылғы тамыз айында Ағыбай батыр Қарқара-лы бекінісіне шабуыл жасады. Батырдың көтерілісті дұрыс ұйымдастыра білуі үлкен нəтиже беріп, отарлаушылар тарапынан барымталанған мал қайтарылып, тұтқында жатқан адамдар азаттық алады.
1827 жылы майор Мыңғариев пен сұлтан Тұрсын Шыңғысовтың б сқаруымена құрамында 200 əскері бар қарулы қол Ағыбай батыр аулына баса-көктеп кіріп, қандықырғын соғыс ашады. Сойыл, найза, шоқпармен ғана қаруланған Ағыбай бастаған топ мылтықты жаулардан өз ауылын қорғауда табандылық таныта білді, бірақ осы шайқаста ол 58 адамнан айырылады. 1832 жылғы 1 наурызда Саржан, Есенкелді Қасымовтар Ағыбай батырдың əскерімен бірігіп, жиыны 400-дей адам Ресей империясының тірегі атанған Қарқаралыға тағы да шабуыл жасайды. Шабуылда жеңіске жеткен олар 1600 жылқыны отаршылардан құтқарып алды. Осындай аздыкөпті жеңістерге қол жеткізе жүріп, əділет үшін көтеріліске шығушылардың саны күн санап, көбейе берді. Саржан Қасымұлы өзіне ташкенттік құсбегілерден одақтастар іздей бастады. Осындай мақсатпен Саржан ағасы Есенкелді жəне Ағыбай батырмен бірігіп, Ташкентке жол тартады. Бірақ, өзбек үкіметінің басындағылар бұлардың қазақ халқын азат ету мақсатындағы ойларын біліп қойып, өздерін қуғындайды. Ақыр аяғында ондағылар Саржан мен Есенкелдіні қолға түсіріп, өлтіреді. Тек, Ағыбай батыр ғана аз ғана сенімді серіктерімен жанталаса соғысып, аман құтылады. Қасым төре Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне барған сəтінде ташкенттік Бегдербектің қолынан қаза табады. Соңыра Кенесарының ағалары мен əкесінің кегін қайтарып, өш алу мақсатында Ағыбай батыр қол жинап Шу өзенінің бойындағы Бесқұлан деген жерде өзбек əскерін тас-талқан етеді. Ал, 1837 жылдың жазында «халқым» деп қан жұтып, «елім» деп еңіреп жүрген Кенесарыны Айыртау бөктерінде жиналған арғын, қыпшақ, найман, керей, уақ жəне қоңырат руының өкілдері ақ киізге отырғызып, Орта Жүздің ханы етіп сайлады, ал Ағыбай батырды бас сардар етіп тағайындайды.
Халық арасында кең тараған аңыз, тарихи деректер бойынша Ағыбай Еділ жағынан келген қалмақпен соғысқан қазақтың соңғы батыры.
Кенесары Көкшетау шайқасында жеңіске жеткені жəне шынайы ержүректік көрсеткені үшін Ақжолтай Ағыбай батырға, Абылай-хан атасынан қалған күмістелінген қанжарды тарту етеді.
Хан Кененің қоластында жүріп Ағыбай 1838 жылы 7 тамызда Ресей империясының Ақмоладағы тірек-орталығына шабуыл жасайды. Ол кезде Ақмола қаласын полковник Қоңырқұлжа Құдаймендин басқаратын. Сібір казактарының ауыр зеңбірекпен қаруланған түренімен мықтап қоршалған болатын.
Бұл қанды қырғын айқаста да Ағыбай батыр сарбаздары күш бағымдылығын көрсетіп, қаланы басып алады. Қоңырқұлжа қалған солдаттарымен қашып құтылады. 1839 жылғы 5 желтоқсанда Ақтау бекінісінен Ташкентке хорунжий Рытов жасағы бастап бара жатқан керуенді Ағыбай мен Наурызбай батыр сарбаздары Қойлыбай Болат маңында тас-талқан етті.
1841 жылы Ұлытау тауының баурайында үш жүз тайпаларының бас қосуында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Бұл кез генерал-губернатор Перовскийдің даңқы дəуірлеп тұрған уақыт болатын. Содан кейінгі екі жылда Ағыбай батыр бастаған Кенесары ханның қоластындағы қазақ сарбаздары өзбек езгісіндегі бауырластарын азат ету жолында қоқандықтармен күресті.
1843 жылдың б сындаа генерал-губернат ро Горчаков Кенесарының бəйбішесін тұтқынға түсіріп, көтерісшілер əлеміне «өзгеріс» жасауға əрекеттенді. Сол жылдың тамыз айында полковник Бизанов пен А.Жантөрин Б.Айшуақов сынды сұлтандардың басқаруымен 500 адамнан құралған қарулы қол Кенесары ханның сарбаздарымен соғысуға бет алды. Олар Ырғыз өзенінің бойында Ағыбай мен Наурызбай бастаған көтерісшілер жасақтарымен кездесіп, тағы бір қантөгіс болады. Осы шайқаста Наурызбай батыр қатты жараланады. Біраз сарбаздарынан айырылғанына қарамастан Ағыбай батыр «Абылайлап» ұрандап жүріп, басқыншылардың құрсаулы тобын тасталқан етті.
Кенесары хан жоғары билер жəне əскери кеңес ашып, өз сарбаздарын төрт жасаққа топтастыру жөнінде əскери кеңестің шешімін шығарады. Бірінші жасақты Ағыбай батыр, екіншісін Наурызбай батыр, үшіншісін Ержан батыр басқарады да, төртіншісі қосалқы жасақ резерв ретінде Кенесары ханды қорғайтын болады. Осы тұста Наурызбай батыр өзінің тап-қырлығын танытып полковник Лебедев отрядын сұлтан Байқадамовтың аулына қарай бұрып жіберді.
Кенесары ханның алдын-ала жасаған жоспарына сай 1844 жылдың 20 маусымнан 21 маусымына қараған түнде Ағыбай батыр мен Ержан батыр сарбаздары Тобыл өзенінің жоғарғы сағасымен Ұлқояқ өзенінің бойында Ахмет Жантөриннің отрядын қоршап алып, толық жойып жібереді. Ұрыс барысында көрнекті 44 сұлтан қаза табады. Бұл полковник Дуниковский басқаратын ауыр зеңбіректі түренге жасалған шабуылдың бастамасы еді.
Тамыз айының орта шенінде Ағыбай батыр мен Наурызбай батыр бастаған қол Екатеринин бекінісіне лап қойды. Бірнеше шабуылдың нəтижесінде бекіністі басып алады. Бұл — Кенесары ханның ең үлкен жеңістерінің бірі еді. 1844-1846 жылдар аралығында Кенесары ханның сарбаздары Ресей империясының əскерлеріне дүркіндүркін шабуыл жасап, бірде сəтсіздікке ұшырап, енді бірде ойсырата жеңумен болды.
Осы жылдары ауыр зеңбірек, оқты мылтықпен қаруланған патша əскерлеріне қарсы — білектің күшімен, найзаның ұшымен қазақ жерін қорғаған батырларымыздың даңқы шықты, сол батырлардың даңқы халқымыздың еңсесін көтерді де.
Ағыбай батыр көтерілістің ақыр-аяғына дейін Кенесарыға адал болды. Ақтық айқас 1847 жылдың көктемінде Қырғыз Алатауының Кекілік тауында өтеді. Осыдан бұрын Ағыбай батыр Кенесары ханға: «Осы қырғыздармен соғысқанымыз жетер, біздің əскер дала соғысына үйренген, таудағы жердің жайын білмейміз жəне сарбаздар шаршады» дегенде, Кенесары оған «Е, Ағыбай сен қартайған екенсің» деп, айтқанына көнбей, бас қолбасшылықтан алып, орнына Бұғыбай батырды сайлайды. Ағыбай көп қайрат көрсеткенімен жай батыр есебінде соғысады. Ертең шешуші ұрыс болады деген түнде Дулат руының батыры Сыпатай мен Рүстем төре 12 мың жігітті ертіп Кенесарыны тастап кетіп қалған. Өзіне шын берілген мыңдай ғана жігітімен жау қоршауында қалғанын Кенесары таңертең бірақ біледі.
Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының жазғанындай, Бұғыбай батырға сенген Кенесары осылай қырғыз-орыс қолына түскен соң, Ағыбай қолға алып, əскерді құрап, майдан ашып, жеті қабат Алатауды айналған жауды жарып өтеді.
Неміс ғалымы Радлов жинаған Кенесары туралы жырда былай делінген:
Кенеге тігілмеді торғын шатыр, Топалаң тиген қойдай қазақ жатыр.
Басы екен шұбыртпалы ер Ағыбай,
Құтылды бұзып-жарып сексен батыр.
Қырғыздар Кене ханды бірнеше найзамен түйреп көтергенде «Ей, маңқа қырғыздар, бəрібір мен сендерден биік тұрмын» деп өліп кеткен екен. Ал Ағыбай батыр Арқаға қайтып бара жатып: Кенесары құрдасым, Бірге туған сырласым. Арыздаспай айырылыстық Ақыретке қимасым.
Наурызбай ер беренім
Қайратты туған ер едің
Маңдайыңнан иіскеп Қош, Наурызжан, дегенім, —
деп егіліп қайғырыпты.
Түркістан қаласының маңайында орыс əскерімен соғысып жатқанда, Ағыбай батырға Қожа Ахмет Яссауи аян берген екен дейді. «Ағыбай, саған аруақтар мен мұсылман халқы риза, кəпірлермен аз соғысқан жоқсың, енді соғысуды қой, сен пайғамбар жасына келдің, енді құдай жолына түс» депті. Осы аяннан кейін Ағыбай батыр Садық төреден жəне басқа да соғысып жатқан батырлардан рұқсат сұрап, елге қайтқан екен. Кейін атақты қазақ батырларының бірі Жарылғап батырдың ұрпағы, қарт Бөгенбай батырдың жиені Байсейіт болыстың қамқорлығымен Тоқырауын өзенінің бойында қоныстанып, егіншілікпен айналысады. Ол жер «Ағыбай тоғаны» аталып қалған. Аға сұлтан Құнанбай мырза Жанғұтты Шорманның Мұсасы Кəрсон руының игі-жақсыларының жерімізден Ағыбай батырға жер бөліп береміз деген шешімдерін құптап, Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфордтқа хат жолдайды. Осыдан кейін оны Гасфордт қабылдайды, біраз уақыттан кейін-ақ патшаның Ағыбай батырға кешірім жасаған хатын алғаннан кейін, генерал-губернатор Ағыбай батырдың жаңа қонысын картаға түсіріп, мөрін басып береді. Ақ патша Орта Азия мен Кавказ халықтарының арасынан отар-шыларға қарсы күрескен «империя жауларының» арасынан Ағыбай батыр мен Кавказдағы Шəмілге ғана кешірім жасаған. Ал Шəміл болса 63 жасында Меккеге қажылыққа барғанда қайтыс болған. Сол уақытта генерал-губернатор өзінің суретшілеріне Ағыбай батырдың суретін салғызып, Ресейдің Петербор қаласындағы əлемге əйгілі Эрмитаж көрме-музейіне жіберген екен. Елімізге əйгілі қойшы, екі дүркін еңбек ері атағын алған Ж.Қуанышбаев сол кездегі Ленинград қаласына Қазақстаннан барған халық қалауларының делегация мүшелерімен Эрмитажды аралап жүргенде Ағыбай батырдың суретін көріп, музей бас-шыларынан рұқсат алып, сол жердегі суретшілерге салғызып алған екен.
1855 жылы Ағыбай батыр 83-ке қараған жасында қайтыс болып, Тайатқан Шұнақта арулап жерленеді.

Əдебиеттер:

Ағыбай батыр туралы аңыздар: Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл// Азия Транзит.- Қарағанды, 2002.- N8.-40 б.
Адамияұлы З. Ағыбайдың аяны: Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл // Азия Транзит.-Қарағанды, 2002.- N8.-5 б.
Ақжолтай Ағыбай батыр / құраст. А. Ісімақова С.Сəкенов.- Алматы: Ғалым, 2002.- 632 бет.: сур.
Ақжолтай А. Баба тойы Қарағандыдан басталды // Орт. Қазақстан.- 2002.- 7 қыркүйек.-7 б.
Алмас қылыш: Батырлар жыры / Құраст ; Дəуітұлы.- Алматы: Жалын, 1993.- 224 бет.
Алтайбай Ж. Қырғыз Алатауындағы соғыстың соңғы сəттері: Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл // Азия Транзит.- Қарағанды, 2002.- N8.-6 б.
Аманжолов С. Ер Ағыбай қай батырдан кем еді?:»Ағыбай батыр» қоғамдық қорының төрағасы С.Аманжоловпен сұхбат / Сұхбаттасқан О.Жүнісұлы//
Орт.Қазақстан.-2005.- 14 шілде.-16 б.
Асқаров Е. Бозауыз ат: поэма: Шұбыртпалы Ағыбай батырдан қалған сөз// Жұлдыз.- 2002.- N2.-67-72 б.
Əбішев Қ. Тарихи сабақтастық: Кененің жауға шапқан бас батыры // Орт. Қазақстан.- 2002.- 4 қыркүйек.-9 б.
Əлиханның үш сұрағы: Кененің жауға шапқан бас батыры// Орт.Қазақстан.- 2002.- 4 қыркүйек.-8 б.
Əлтай А. Азаттық Каһарманы: Ақжолтай Ағыбай батырдың туғанына 200 жыл толуына орай // Егемен Қазақстан.- 2002.- 30 тамыз.-3 б.
Əмір-бек К. Тау мен таудың басы бөлек болсада етегі бір: Ақжолтай Ағыбай батырдың туғанына 200 жыл // Орталық Қазақстан.- Қарағанды, 2002.- 18 қыркүйек.-11 б.
Əрінұлы А. Аңыз бен ақиқат: Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл // Орт.
Қазақстан.- 2002.- 22 маусым
Бекмағамбетов К. Ер есімі мəңгілік: Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл // Орт.
Қазақстан.- 2002.- 12 маусым
Бижанов Ж. Күрең күз, ақ шағала жəне балықшы жігіттер: Ағыбай батыр ЖШС төрағасы Ж.Бижановпен сұхбат / сұхбаттасқан О.Жүнісұлы// Орт.Қазақстан.-2004.- 27 қараша.-4 б.
Доскейдің əңгімелері: Ақжолтай Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл//
Орт.Қазақстан.- 2002.- 4 қыркүйек.-8-9, 16 б.
Ер есімі ел есінде: Ақжолтай Ағыбай батырдың 200 жылдық торқалы тойына арналған «Арқаның ардақты тұлғалары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы / Жалпы бас ред.Ж.С.Ақылбаев.- Қарағанды:
ҚарМУ, 2002.- 270 бет.
Ерлік толы даламыз, біздің батыр бабамыз.- Балқаш, 2002.- 99 бет.
Жамбылов Т. Ертеңіміз бабаларын ұлықтайды: Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл // Орт.Қазақстан.- 2002.- 12 маусым
Жандəулетова М.Р. Білмеген Ағыбайды ел болмаған // Жаңаарқа.- Атасу, 2002.- 26 қазан
Жетібаева Б. Қала төлқұжатындағы есімдер: Ақжолтай Ағыбай батыр // Сарыарқа.- Жезқазған, 2003.- 28 қараша
Жұмаділдин А. Жаңаарқа: Дерекнама .-Алматы: Кенже-Пресс-Медиа, 2003.- 521 бет.
Жүнісұлы О. Айдын төсін арда емгендер: Ауыл -2003-2005// Орт.Қазақстан.- 2005.- 3 қыркүйек.- 5 б.
Жүнісұлы О. Батыр мазары қалпына келтірілуде: мəдени мұра// Орт.Қазақстан.- 2005.- 5 қараша.-16 б.
Жүнісұлы О. Балқаштың балығы — байлық // Орт.Қазақстан.- 2002.- 1 қаңтар Иман нұры / Құраст. «Иман» қоры.- Алматы: Өлке, 2003.- 120 б.: сур.
Исмакова Б.С. Алашта асып туған ер Ағыбай: Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл / Б.С.Исмакова, З.С.Исмакова// Азия Транзит.- Қарағанды, 2002.- N8.-8 б.
Кəренов Р. Ақтаудың құлауы: Ақжолтай Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл // Орт. Қазақстан.- 2002.- 4 қыркүйек.-10 б.
Көккөзов М. Батыр баба // Абай-Ақиқат.- Абай, 2002.- 13 шілде
Көпейұлы М. Ақжолтай Ағыбай батыр: Кененің жауға шапқан бас батыры // Орт.Қазақстан.-2002.- 4 қыркүйек.-7 б.
Қашқынбеков Ө. Ақжолтай Ағыбай батыр: Толғау // Орт. Қазақстан.- 2002.-18 қыркүйек.-7 б.
Қашқынов Ж. Хан Кене, Ер Ағыбай, батыр Науан: Дастан// Орт.Қазақстан.- 2001.-
1қыркүйек
Қашқынов Ж. Хан Кене, ер Ағыбай, батыр Науан: Өлеңдер// Азия Транзит.- Қарағанды, 2001.-N11.-19, 20 б.
Қашқынов Ж. Абылайдың жауға шапқан қос батыры // Азия Транзит.- Қарағанды, 2001.- N11.-21-24 б.
Қашқынов Ж. Ағыбай — бөлтірік тоғаны: Шұбартпалы Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл // Орт.Қазақстан.- 2002.- 15 мамыр
Қирабаев С. Ұлт тəуелсіздігі жəне əдебиет: Зерттеулер мен мақалалар — Алматы: Ғылым, 2001.- 448 бет.
Қуандықұлы Е. Мəшһүр-Жүсіп Көпейұлының Кенесары туралы жазбалары:
Тарихи тұлғалар// Қазақ тарихы.- 2004.- N1.-69-72 б.
Мəуленов С. Ағыбай күмбезі // Азия Транзит.- Қарағанды, 2002.- N8.-2 б.
Мұхамеджанов К. Еліміз ерлерін ардақтайды // Орт.Қазақстан.- 2002.- 4 қыркүйек.-1,5 б.
Несіпбай А. Ағыбай батыр тойы: Қарағанды облысы, Шет ауданы // Егемен Қазақстан.- Алматы, 2002.- 11 қыркүйек.-6 б.
Оразов С. Аманат: Жыр дəптерінен// Орт. Қазақстан.- 2002.-9 ақпан
Оразымбет М. Ағыбай жері аталған: Ауыл // Мысты өңір.- Жезқазған, 2003.- 28 наурыз.-5 б.
Сəулебектегі А. Жазылбек атамыз суретін тапқан немесе Кенесары «көсем» деп атаған Ағыбай батырды шын мəнінде ардақ тұтып жүрміз бе? Келер жылы батыр бабамыздың туғанына 200 жыл толмақ// Жас Алаш.- 2001.- 25 қыркүйек.-5 б.
Сембай М. Тəуелсіздікті ту еткен: Ақжолтай Ағыбай батырдың 200 жылдық мерейтойы Балқаш, Ақтоғай жəне Шет өңірлерінде республикалық деңгейде аталып өтті / М.Сембай, Т.Майбас, О.Жүнісұлы, Б.Тойшыбек// Орт.Қазақстан.- 2002.- 11 қыркүйек.-1, 12, 13,16 б.
Сүйіндіков З. Ағыбай батыр: Əн // Орт.Қазақстан.-2002.- 22 маусым
Шөженов Ж. Ақжолтай Ағыбай батыр.- Қарағанды: Қарағанды экономикалық унті, 2002.- 234 бет.
Шөженов Ж. Ақжолтай Ағыбай батырдың шешендігі мен жүргізген биліктері:
Қазақ батырлары// Азия Транзит.- Қарағанды, 2004.- N9-11.-20-25 б.
Шөжентегі Ж. Ақжолтай Ағыбай батыр // Азия Транзит.- Қарағанды, 2001.- N5.-
10-18 б. Орт.Қазақстан.- 2001.- 23 маусым
Шөжентегі Ж. Ақжолтай Ағыбай батыр — халық батыры: Ағыбай батырдың туғанына — 200 жыл // Азия Транзит.- Қарағанды, 2002.- N8.-3 б.
Ысмайылов Е. Ағыбай: Кененің жауға шапқан бас батыры // Орт.Қазақстан.- 2002.- 4 қыркүйек.-8-9 б.

Один комментарий к “Ағыбай Қоңырбайұлы”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *