Көкбөрі Керней Жарылғап батыр
(1718-1769 ж.)
Елі мен жерін жаудан қорғаған белді батырлардың бірі, əрі бірегейі Жарылғап көпке көсемдігімен танылған Керней-Түйтенің баласы. Ел аузындағы аңыз-əңгімелерге сүйенсер болсақ, батырдың есімі Қанжығалы Бөгенбаймен өкшелес шыққан. Белгілі зерттеуші Мəшһүр Жүсіп Көпеев: «Жарылғап –батыр Жарылғап атанған, қаракесекте ірі, дөкей болған. Қанжығалы Бөгенбаймен замандас болған. Бөгенбай батырдың кенже қызы Борсылдақты тұңғышы Қырбасқа алып Берген»,-дейді. Бөгенбай батыр 16801760 жылдардың аралығында өмір сүрген. Олай болса, Жарылғап батырды ХVІІ ғасырдың екінші жартысында қайтыс болған деп жобалауға болады. Жарылғап батыр Абылай ханның белді
қолбасыларының бірі болған, Бөгенбай, Олжабай, Байғозы батырлармен тығыз аралас өмір сүрген.
Байғозы бабамызға Жарылғап батыр жиен екен. Байғозы бабамыздың бір əйелі Жарылғаптың нағашы апасы болса керек. Байғозы жауға жауға тигенде үндемей тұтқиылдан килігеді екен, Жарылғап аюша ақырып, айдардан от шашырап, жыланның құйрығындай жауға үрей сап, құбыжық болып көрінеді екен. Сүңгіше қадалған көзінен жанып жəне жаудың үрейін алады дейді. Кейбір дерекке жүгінсек, Жарылғап батыр Байғозы батырдан кіші. Бір деректе былай делінеді: Жарылғап батыр Байғозының ауылына бара қалса, 7 жерден жер ошақ қаздырып, Байғозы батыр құрт қайнатып жатыр екен дейді. – Уа, байеке, жер ошақ күзетіп жүргеніне жол болсын? Ауылынан шөміш ұстайтын қатын шықпады ма?- депті.
Сонда Байғозы: -Сен екуімізге қатын-қалаш қайнатқан құрт ас болушы ма еді,- депті. Сонда Жарылғап: -Қыр астында қысық көз жау жақанда алтын малта ас болған күндерді ұмытып маған не көрініпті. Қоржындас болармын,- деген екен.
Хантауында мекендеген Усан Серен деген қалмақ Қонтайшысының шапқыншылары арқадағы қазақ ауылдарының адамдарын байлап, малдарын айдап, əкетіп маза бермепті. Сосын Байғозы мен Керней Жарылғап батырлар Көкшетаудағы Абылайға барып жагдайды айтыпты. «Усан Сереннің бергі жағында əскер жатыр. Оған тису үлкен соғысқа ұласады. Одан гөрі шағын қолмен Қонтайшысының ордасын қамап алайық. Соған қолды дұшпанның көзінге түсірмей Бетбақ шөл арқылы кім бастап барады?» дейді Абылай хан.
-Көзге түсірмей мен бастап барамын,- дейді Байғозы батыр. –Шөлдетпей мен бастап барамын, -дейді Жарылғап.
Абылай хан 500 кісілік қолмен Арқадан аттап өтті. Əскері бірінің артынан бірі шұбырып, түнде жүріп, күндіз жатады. Жарылғап батыр əскердің алдында барлаушы, Байғозы батыр əскердің артында бақылаушы болып, қолды Хантауында бейқам отырған қалмақ ордасының үстіне түсіріпті. Абылай Қонтайшының үрейін ұшырып, қан төкпей айдап əкеткен адамдарын, малдарын қайырып, айыбына қызын алып, бұдан былай бір-біріне тиіспеуге бітім жасап қайтады.
Байғозы батырдың жасы ұлғайған кезінде қалмақпен тағы бір қырғын соғыс болады. Қазіргі Мыңбаев атындағы кеңшарда «Сасық Жартас» деп аталатын алаңқайда қалмақтар мен қазақ жасақтарының бетпе-бет келген қырғын ұрысы болғаны ел аузында сақталған аңыздардан белгілі. Бейқам ауылды басынып, қалмақтар еркінсіп, ішке ене бастайды. Бірақ Байғозы абдырмай қолайлы сəтті күтіп жасағын тау ішіне жасырып, Жарылғапқа хабар жібереді. Тоқа Күшікбай батыр науқастығы салдарынан бұл ұрысқа қатыса алмаған. Қашан да томағалы бүркіттей сергек Жақаң жасағын бастап, уақытында жетеді.
-Батыр, қартайғанда еліңді жауға шаптыртып, жайбарақат отырғаның қалай? – дейді Жақаң.
-Сəт аусын, Жарылғабым. Қартайғанда саған бір кереметімді көрсеткелі отырмын, -дейді Байғозы.
Сөйткенше болмай маңайды қара тұман басып, дүниені көрсетпей жібереді. Солақ екен, Жақаң айқайды басып, жауға тиіп кеп береді. Шайқас сəтті аяқталып, қалмақ жасағы ойсырай жеңіледі. Шажағай бойындағы сол қырғын болған жер күні бүгінге дейін «Сасық Жартас» деп аталады.
Жақаң дүниеден озған кезде тұрғылас ағасы Байғозы батыр: «Жау айбарыңнан ығушы еді. Айбарлы арыстаным-ай!»- деп жылаған екен.
Қаракесек Көкбөрі Керней Жарылғап батыр жоңғарларға қарсы көзге түсіп? Қолбасына дейін жеткен санаулы батырларымыздың бірегейі. Егеулі найза қолға алып? Жауға қарсы шапқанда батыр небəрі 18 жаста екен№ Өзінің көзсіз ерлігінің арқасында Қаракесектің ғана емес, қазақтың Жарылғабы атанған.
Батыр жөніңде Мəшһүр-Жүсіп Көпей мол дерек қалдырды. Сондай-ақ Сапарғали Бегалин, Жүсіп Алтайбаев, Софы Сматай, Алдан Смайылов тағы басқа қаламгерлер шығармаларынан да батырға қатысты деректерді ұшыратуға болады.
Əдебиеттер:
Бағаев М. Қазақтың Жарылғабы: Көкбөрi Жарылғап батырдың 285 жылдығы
қарсаңында // Орт.Қазақстан.- 2002.- 24 сəуiр
Кəрiпұлы Ө. Халқының қамал-қорғаны: Көкбөрi Жарылғап батырдың 285 жылдығы қарсаңында// Орт.Қазақстан.- 2002.-30 наурыз
Қашқынов Ж. Баһадүрдiң сом тұлғасы //Орт.Қазақстан.- 2002.- 6 қараша.-11 б.
Қозыбаев М. Ұлт намысы үшiн// Қазақ əдебиетi.- 2000.- 3 наурыз (N9).-6 б.
Майбас Т. Жəнiбек би: мұра// Орт.Қазақстан.- 2005.- 13 қаңтар.-13 б.
Оразов С. Аманат: Жыр дəптерiнен// Орт.Қазақстан.- 2002.-9 ақпан Сматаев С. Елім-ай: Роман-трилогия. Т.2 — Астана: Фолиант, 2003.- 424 б.
Сматай С. Жарылғап батыр: Өлеңмен жазылған роман.- Алматы: АБА «Айкос», 2000.- 283 бет.