Байғозы Наймантайұлы

Байғозы Наймантайұлы
(1705-1803)

Байғозы Наймантайұлының туып — өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Батырдың шыққан тегі Орта жүздің ноқта ағасы тарақты руынан. Шежіре дерегі бойынша он екі ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан – Қаржау, одан – Есенгелді, одан – Сүтемген, одан – Наймантай батыр, одан – Байғозы батыр туған. Бағозының əжесі, яғни Наймантай батырдың шешесі Шолпан – Кіші жүздің жетіруын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749) туған қарындасы. Ал, Байғозының туған нағашысы əйгілі Қанжығалы Бөгенбай батыр. Байғозының анасы Баяу – Қанжығалы Бөгенбай батырдың туған қарындасы.
Байғозы батырға топырақ бұйырған жер – Қарағанды облысының Жаңаарқа жəне Шет аудандарының жапсарындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Ол кездің ел-жұрты негізінен көшпелі өмір салтта болған. Тарақтылар жаз айларында Шажағай, Атасу, Сарысу, Есіл өзендерін бойлай көшіп, солтүстіктегі Көкше өңіріне дейінгі алапты жайласа, қысқа қарай Шу мен Сырдария өзендерінің бойын қыстап қайтып отырған. Байғозы батыр күздің жаңбырлы қара суығынада оңтүстікке қарай көшіп келе жатқанда дүние салса керек. Өлерінде төңірегіндегілер: “Япыр-ай, не қыстауда емес, не жайлауда емес – орта жолда ауырып қалдыңыз-ау!” дегенде, Байғозы батыр: “Маған қазақ жерінің жаттығы жоқ. Өлсем Жаман байдың жанына қойыңдар. Өзен Жаманның атында қалып, жердің аты маған бұйырар”, депті. Айтқанындай Сарысу өзенінің бір сағасы күні бүгінге дейін тарақты Жаман байдың атымен “Жаман Сарысу” деп аталса, Байғозы батырдың бейіті тұрған жер “Байғозы басы” деп аталады. Сол атаулармен картаға да түскен.
Байғозы алғаш əкесі Наймантайға еріп, жауға аттанғанда жасы он сегізде екен. Байғозы батырдың он сегізінде жауға аттанатыны 1723 жыл. Əйгілі “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның” басы. Сол жылы қыс қатты болып, қазақ даласы “ақ мешін” жұтына ұшырайды. “Жұт жеті ағайынды”, “Жығылған үстіне жұдырық” дегендей, жұттан тұралап шыққан елге жоңғардың 70 мыңдай əскері тұтқиылдан лап қояды.
Сол кезден бастап жау-жарағын иығынан түсірмеген Байғозы батыр қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырайқай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау, Түркістан, Қарқаралы, Ыстықкөл шайқастарының бел ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткен. Ол ерліктерінің небір ғажайып оқиғалары Ш.Уəлихановтың, Мəшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде.
Ш.Уəлиханов еңбектерінде былай суреттейді.
“Торғауыттардың өкшелей қуған шабуылынан кейін қазақтар ашық далада дамыл алып жатса керек. Қазан көтеріліп, жылқының сүр еті асылып, торсықтағы құрт езіліп, ұзақты күнге əл болар таңғы тамақтың ішілер кезі екен. Керіп тастаған еңселі шатыр ішінде Абылай отырады. Келесі бір шатыр өзімшілділігімен жұртқа мəлім болған арғын Шақшақ Жəнібек батырдікі. Батыр насыбайын атып, ой үстінде үнсіз түнеріп отырыпты. Бір кезде қазақтың жас жігіті астындағы атын сау аяңдатып, төніп келген бетінде:”Жəнібек батыр, шақшаңыздан ауыз тигізіңіз!” – деп, ат үстінен қол созады. Мұндайға лып ете қалатын Жəнібек пе, жан-ау деп мойын бұрып қарамайды да. Қарау былай тұрсын, жақтырмаған шырай танытып, түнерген қалпында шақсасын алады да, сары сақтиян етігіне тық-тық соғып, асықпай, бияздап, насыбайын атып, шақшаны қайтадан қалтасына салып қояды.
Кешікпей-ақ ханның дабылы қағылып, əр ру өздерінің белгі туларының астына жинала бастайды. Алдыға өңшең сауыт құрсанып, қарқаралы дуылға киген, садағы мен жебелі қорамсағы салпылдаған батырлар шығып, ханды қоршай тұрысады. Жорық жолында хан кеңесі осылай құрылатын. Бір пəтуағы келген келісім бойынша, дұшпанның күші қаншалықты басым болғанымен, қазір шабуылға аттанулары керек. Ол үшін алдын ала шолғыншы шығарып, торуылдап қайту үшін ебі бар жігіттер шақырылады. Осы кезде бірінші болып əлгінде Жəнібектен шақша сұрайтын жігіт шығады.
Жəнібек батыр олардан: “Жаудың қарасы қанша екен?” –деп сұрайды. Сонда əлгі шақша сұрайтын жігіт суырылып шығып:”Көпте емес, аз да емес”, -деп жауап береді.
Ұрыста тұрыс бола ма, шайқас басталып кетеді. Қалмақтар он мың болса керек. Қазақтарды жайпап, тықсырып, əрі-беріден соң өкшелей қуып береді. Əсіресе, қара түндей түнерген, қара ат мінген, қапсағай қалмақ туын желбірете қуып, қазақтардың жеткенін баудай түсіріп келеді дейді. Осынау аласапыран шегіністің жуан ортасында Жəнібек те келе жатса керек. Бір мезгілде: “Япыр-ау, мына дүлейді тоқтататын бір қазақтың тумағаны ма!”- деп, айқай салады. Сол баяғы шақша сұрайтын жігіт атының ауыздығын шірей тартқан қалпы жалт бұрылып, қайқайып тұра қалады да, садағын қолына алады. Керілген адырнадан зың етіп ұшқан жебе қалмақты қалбаң еткізіп, аттан жұлып түсіреді. Алапат тегеурінмен атылған оқ одан əрі бұландай ұшып, көзден ғайып болады. Оғының қалмақтан өтіп, бұлаңдай ұшқанын көрген жас батыр: “Мына дүлей құдайдың терісін жамылып алғаннан сау ма!” деп қынжылған екен.
Туы жығылып, батыры өлген дұшпанның есі шығып, еңсесі түседі. Қазақтар осы сəтті пайдаланып, бел ала ұрыс салып, қалмақтарды түре қуып, дұшпаннан күшін асырған екен. Сонда қара атты қалмақты түсірген Байғозы батыр деп аталатын жас жігіт Жəнібек батырға жанасып келіп: “Батыр, шақшаңыздан ауыз тиетін кез енді келдіау деймін”,-депті.
Тарақты руынан шыққан Байғозы батыр алғаш рет осындай ерлігімен көзге түседі. Содан бастап оның есімі дүйім жұртқа əйгілі болған екен.
Байғозы батыр – қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген соғыстарда ерен еңбектер жасап, иісі қазаққа даңқы жайылған батырларының бірі. Қан майданда талай-талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылайханның ту ұстаушы батырларының бірі болған.

Əдебиеттер:

Айтұлы Н. Ерлiкке тағзым: Байғозы батырдың туғанына — 300 жыл//
Орт.Қазақстан.- 2005.- 21 шiлде.- 11 б.
Арынұлы С. Тарақты Байғозы батыр// Жас Алаш.- 2001.- 28 тамыз.-4 б.
Əбiлдинов Қ. «Тарақтыда — Байғозы, бұ да асқан ер едi»: тойдан тəбəрiк// Орт.Қазақстан.- 2005.- 18 тамыз.- 9 б.
Жұмаділдин А. Жаңаарқа: Дерекнама .-Алматы: Кенже-Пресс-Медиа, 2003.- 521 бет.
Жүсiп Н. Елдiк пен ерлiк жолында ерлердiң iсi бiтпейдi: [Байғозы батырдың мерейтойы]// Егемен Қазақстан.- 2005.- 18 тамыз.-1-2 б.
Кəдір-Төлек С. Тарақтыдан Байғозы, жауды жеңіп алға озды //Азия транзит.- Қарағанды, 2005.-N9.-4-5 б.
Кекiлбайұлы Ə. Қазақ тарихының қақ төрiнен орын алатын тұлға: [тарақты Байғозы батырдың 300 жылдық тойы]// Егемен Қазақстан.- 2005.- 18 тамыз.-3 б.
Рақымов Б. Аңыз бен ақиқат: Байғозы батырдың туғанына — 300 жыл//
Орт.Қазақстан.- 2005.- 11 тамыз.- 8 б.
Сейдiмбек А. Байғозы батырға құрмет// Орт.Қазақстан.- 2001.- 23 мамыр Сейдiмбек А. Байғозы батыр// Егемен Қазақстан.-2005.- 22 шiлде.-3 б.
Тарақты Байғозы батыр// Азат.- 2003.- 21 мамыр.-6 б.
Тобаяқов Б. Байғозы батыр// Орт.Қазақстан.- 2005.- 18 тамыз.- 9 б.
Тоғжанов Е.Л. Атамекен: Оқу құрал / Е.Л.Тоғжанов, Т.Т. Аршабеков.- Қарағанды: Қарағанды экономикалық ун-тi, 2002.- 324 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *