Нияз батыр

Нияз батыр

ХVІІ ғасырдың соңы ХVІІІ ғасырдың басы Сарыарқа жерінде мамыржай тіршілік болмағанға ұқсайды. Бұл заман Еуразияның кең байтақ далалық өңірін мекендеген көшпелі ұлыстардың апшысын қуырылып, өрісінің қысқарған кезеңі. Батыстан жауар бұлттай түнеріп Ресей империясы төнсе, Шығыстан Мəнжүр əулетіне бағынышты қара құрттай Қытай қаптап келді. Қазақтың ежелден келе жатқан ескі жауы қалмақ болса өзінің ата қонысынан батысқа қарай лықсып, Сарыарқа мен Жетісуға ендеп енді.
Ел басына осындай күн түсіп, ат ауыздықпен су ішіп, ер азамат қан кешкен заманда қазақ ынтымағын ойлап, мемлекеттігін жаңғыртуды көксеген асыл азаматтардың бірі Орта жүз Нияз батыр еді. Оның тегі Сайдалы (Сайдалы-АрыстанБарқы-Нияз болып келеді). Өзі үш ағайынды екен, бəрі де бірінен бірі өткен батыр болған. Нияздың тұқым-жұрағатындағы шежіре-аңыздар ете жұтаң. Соның бірі Сайдалы Нияз батырдың Орта жүз сұлтаны Абылайды қалмақ тұтқынынан босатып алуы. Тарихи деректер бойынша қалмақ пен қазақтың арасында жаугершілік қызып түрған 1741 жылы Ұлытау баурайында Абылай Қалдан Сереннің əскеріне жолығып қолға түседі.
Қазақ шежіресіне иек артсақ əңгіме былай болған. Абылай бір соғыстың кезінде Қалдан Сереннің жақын туысы, кей шежіреде інісі делінеді, Шарыш деген батырды жекпе-жекте өлтірген. Оның үстіне сол жылдары қазақтың ішіне Сына батыр деген лақаппен башқұрттың Қарсақал деген батыры жүрген. Шын Сына батыр Қалдан Сереннің əкесі бір, шешесі бөлек інісі, ағасымен таққа таласып Еділ бойына ауып, сол жерде 1732 жылы қайтыс болады. Сына атын Қарасақалдың пайдаланып жүргенінен бейхабар қалмақтың біраз жақсысы Сына қазақ ортасына дегенді естіп, Қалдан Сереннен бөліне көшіп Абылай қол астына келген. Сол қалмақтың біразы Бес Мейрам руларының арасына сі кетті. Қалдан Серен:
-Кісімді өзіме қайтарып берсін, — деп елші жіберсе, Абылай қайырып бермепті.
-Қалдан Серен қолынан келгенін менен аямасын, -деп. Бұл турадан Қалдан Серен қалмақтың өзінен басқа Қонтəжі болсын, Аюке болсын (Еділ бойындағы құба қалмақтың ханы) баршасына ат шаптырып:
Көктің астында,
Жердің үстінде,
Абылай хан бар болса,
Қоймасын ұстап алыңдар, —
деп Сүзекенің қолы деген қол аттандырыпты. Жəне қалмақтың жайсандарына
жарлық беріпті:
Абылайды тірі ұстап əкелгендерің Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды қалың малсыз беремін деп. Ұлытауда бүркіт салып жүріп, ұйықтап жатқан жерінен Абылайды қалмақтың қолы ұстап алыпты. Жөн ұүраса, бір ғана өзі үшін аттанған қол екенін білген соң, күтінбеген елді шаптырып қайтемін деп Абылай:
— Мен, іздеген Абылайың, — депті. Қалмақтың қолы Қалданның тапсырған Абылайын тапқан соң елге тимей қайта беріпті.
Абылай қалмақ қолында екі жылдан астам уақыт тұтқында болып, ақыр соңында абыроймен, сый сияпатпен, Топыш сұлуды алып келгені оқырман қауымға онсыз да белгілі оймен тиянақтап жазуды артық санаймыз. XVIII ғасырдың жырауы Үмбетейдің:
Қалдан ханның əскері
Іздеп сені əрі-бері,
Қапыда ұстап алғанда,
Алып барып Тəшкенде
Көр зынданға салғанда,
Елің қирап қалғанда,
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрап барғанда
Өлтірем деп Қалдан хан
Орайына Шырыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып, .
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмакқа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың,
Ұмыттың ба соны Абылай! —
деп жырлауы шежіреде айтылған жағдайды одан əрі нақтылай түседі.
Абылай мəселесін шешу үшін қалмаққа алғаш тоқсан жақсыны бастап Қаздауысты Қазыбек барды. Екінші елшілікті Сайдалы Нияз бастап барып Абылайды Қалдан қолынан босатып алып келген. Бұл мəселе тарихи құжаттармен де, ауызша шежіремен де тікелей дəлелденді. Шежіреге қарағанда қалмақ еліне барған елшілікті қалмақтың қара арғымаққа мінген алпамсадай батыры қарсы алып жекпе-жекке шығатындай батырын болса шығар, мəмле-мəселе батырдың шайқасынан кейін басталды-мыс десе керек. Сонда Нияз батыр пайғамбар жасына келген кез екен өлсем жаным Абылай сұлтаннан қадірлі емес, өлмесем жолымыз болып сұлтанды қапастан алып шығамыз деп майдан ортасына шығып, қалмақтың батырын киімінен жанай шаншып, жерге түсіріпті дейді. Жерде домалап жатқан қалмақтың кеудесіне найзаны тіреп қойып мен сенің қаныңды мойныма жүктемеймін, Абылай сұлтанның жолына кештім: Ханыңа айта бар сені жеңген 63 жастағы Сайдалы Нияз батыр депті.
Қалдан Серен көп ойланып апырмай, бұлар тегін жау емес екен, келіссөз жүргізуге тұрарлық адамдар екен деп алғашқы сынақтан аман-есен өткен елшілерді дұрыс қабылдапты деп əңгімелейді шежіре. Келіссөз кезінде, Нияз батыр Қалдан Серенге үш талап қойыпты:
-Біріншіден, Абылайдың өлі болса сүйегін бер, тірі болса өзін бер.
-Екіншіден, Есіл-Нұра бойындағы жайлауымды бер. Бұл жерден іргеңді алыстат. Өйткені, екеуіміз екі туды тігіп алып, біріміз Еділге, біріміз Есіл-Нұраға қарай тартамыз. Сонда қазақтың жартысы саған еріп кетсе мен үндемеймін, қалмақтың жартысы саған еріп кетсе сен үндемейсің депті.
Қалдан Серен Ниязға бірінші өтінішінді орындау үшін бір жұма уақыт керек дейді. Сөйтсе олар Абылайды сіріге қаптап тастапты, соны жібітпек екен. Ақыр аяғында қалған екі талабың ақылға қонады деп Қалдан Серен келісімге келіп, Абылайды босатып береді. Есіл-Нұраның басынан қоныс аударады.
Нияз батыр қазақ жерінің тарихын ресейлік ғалымдардың алғашқысы болып хатқа түсірген П.И. Рычковқа көп мəліметтер берген адам. Қазақтың хан шежіресін Əбілмəмбетке дейін таратып берген де, басты-басты рулардың арасындағы жол тəртібін түсіндірген де, Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды атап айтып, олардың қазақ тіршілігіндегі орнын анық көрсеткен де Нияз батыр. П.И. Рычковтың «Топография Оренбургской губернии» кітабының негізгі деректері сол жолғы кездесуде жинақталды.
Тамыздың аяғы, қыркүйектің басындағы көп мəжілісте қазақ қолындағы орыс тұтқындарын босату, ақ патшаға, Санкт-Петербургқа елшілік жіберу, қазақ арасында ты-ғылып, орыстан бой тасалап жүрген башқұрт көтерілсінің басшысы Қарасақал батыр, Ресей керуендерін тонауды тоқтату, 1733 жылғы тоналған керуеннің тауарын қайтару, Ресей елшіліктерін, керуендерін қазақ жерінен аман-есен өткізу мəселелері талқыланды. Ол заманда ел жаугершілікке үйреніп қалған, бəрі қарулы, оның үстіне заң билігі «ақтабан шұбырындыдан» кейін орныға қоймаған уақыт. Өзге елдің адамы түгілі, қазақтың езі де жолаушы жүргенде қауіп-қатерсіз болмайтын. Нияз батырдың көп сөйлескен тақырыбы сауда керуендерінің қауіпсіздігі, Түркістан, Ташкенттегі орыс саудасын қолдау «а теперь усердно желают, чтобы торги к ним в Туркистан (ибо он, Нияз батыр, житель Туркистанской) и в Ташкент бесприпятственно продолжались».
Сауда керуендерін тонауды тоқтату, оларға салық салмау мəселелері талқылағанда Нияз батырдың ұсынысы бойынша үш жүздің осы жиынға келген белгілі аталардың өкілдері шақырылып, олардың əрқайсысына өз елдерінің ішіндегі ұрысқарыны тыю жөнінде талаптар айтылды. Тіпті Алтайдың өзінен Олжагелді Қареке би ұлы, Екібай Бекайдаров, оның інісі Баба Бекайдаров, Өтеулі Құлмырзаұлы, оның қосшысы Үмбетай Бегенов т.б. шақырылды.
1741 жылғы Құба қалмақпен жасалған бітімнің кезінде де Нияз батыр белсенді қызмет атқарды. Əбілмəмбет Құба қалмақтың ханшасымен келісіп құда болды. Ол кезде Құба қалмақтың Дондук Омбо деген кан əліп, оның орнына уақытша бəйбішесі Дарма бала иелік жасап отыр еді.
Қарасақал мəселесіне байланысты 1740-43 жылғы келіссездерге Нияз батыр түгел қатысты. 1742 жылғы Əбілқайырдың Орынбор комиссиясына жазған хатында да Нияз батыр аты аталады. Түркістан мен Ташкентте билік құрған Əбілмəмбет хан мен Барақ, Жəңгір сұлтандарды, қала маңына иелік еткен Мырзағүл мырза мен Нияз батырды Ресейге қарсы күштерді ұйымдастырушылар дейді (44, 190 б.).
Қазақ шежіресінің Абылайды тұтқыннан босатып алып келген Нияз батыр деген дерегін ресейлік құжаттары да растайды. Орынбор генерал-губернаторы И. Неплюев 1742 жылы күзде патшаға жазған хабарында бірнеше мəселені көтерген: «Абульмамбет хан… по много имевшемся секретным советом с бывшими при нем эюнгарскими посланцами и с некоторыми киргизскими старшинами, а наипаче с Нияз батыром, Давлет баем, да Шамратом, которое и напередь сего лежащих около Ташкента городов дань обирывали, отправил ко одному зюнгарскому владельцу меныпого сына своего Абулфеиза с помянутым старшиною Нияз батыром, про которого ска-зывают, что он паче всех его ханским духом владеет…».
Ендеше екі жыл бойы қалмақ тұтқынында болған Абылай сұлтанның аман-есен еліне қайтқаны, Нияз батырдың еңбегі. Жоңғариямен осы жылы жасалған əскери-одақ екі елдің арасында біраз жылдар бойы тыныштықты ұстап отырды. Ресей мен Қытайға бағынбай тəуелсіз отырудың ең басты шарты екі ел арасындағы ынтымақ деп түсінген көшпелі екі ұлыс өз арасында ақ үйлі аманат алмасты. Қалдан Серенге Нияздың алып барғаны да осы татулықтың белгісі ретінде Əбілфеиз бастаған ақ үйлі аманат еді. Қалмақ енді бұдан былай қазақтың қонысына соқтықпауға уəде берді. Тəшкент пен Түркістанға, Сарыарқаға тыныштық орнады.
Нияз батыр туралы екінші əңгіме, жоғарыдағы келісімнен шығады. Көшіп бара жатқан қалмақтардан олжа алып қаламыз деп Нияз батырдың екі үлкен баласы Əлдеберлі мен Байназар əкесінің тілін алмай аттанады, — дейді шежіре. Нияз батыр мен антты бұзбаймын, бейбіт кетіп бара жатқан елдің берекесін алмаңдар дегеніне екі ұлы көнбепті. Содан қалмақтың көшіне барып тиген уақытта екеуі бірдей қолға түсіпті. Қалдан Серен оларды Нияз батырдың балалары болғандықтан, өлтірмей аман-есен қайтарыпты.
Нияз батырға байланысты ел жадындағы əңгіменің бірінде оның мемлекет шаруасымен қатар ағайынның да жағдайын ойлайтын қамқор азамат екені айтылды. Шамасы Абылай сұлтанды тұтқыннан босататын жолы болса керек, қалмаққа аттанып бара жатқан Ниязға қартайған ағасы Аралбай Өмірді тауып əкел деп етініш айтыпты. Барған шаруалары оңынан шешіліп, енді елге қайтамыз дегенде Нияз батыр нені ұмыттым, нені ұмыттым деп қасындағылардан сұрай беріпті. Сонда жанында батыр інісі Ақтайлақ бар екен. «Өмірді ұмыттың. Аралбай ағаңның аманатын ұмыттың» — деп айғай салыпты. Сонда Нияз батыр қайтадан Қалдан Серенге жолығып қалмақ қолындағы тұтқындарды түгел қарап, арасынан Өмірді таптырып алып еліне алып қайтқан екен. Өмірді қалмақ деуге осы əңгіме себеп дейді.
Дегенмен Нияз батырға қатысты əңгіменің соңы Тəшкент пен Түркістанға байланысты. Біздің шамалауымызша Нияз ертерек атқа мінген ел таныған төрге шыққан адам.

Əдебиеттер:

Тоғжанов, Е.Л. Атамекен: Оқу құрал / Е.Л.Тоғжанов, Т.Т. Аршабеков.- Қарағанды: Қарағанды экономикалық ун-ті, 2002.- 324 бет.
Іслəмұлы І. Шежірелі өлке — Жаңаарқа: Таным// Азия Транзит.- Қарағанды, 2000.N7 (қыркүйек).-9-17 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *