Шерубай Биболдыұлы

Шерубай Биболдыұлы
(1693-1812)

Шерубай Биболдыұлы 1693 жылы қазіргі Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Сұлу Мəдина ауылының маңында туған деп жорамалданады. Демек, бүкіл қазақ халқының 1710-1770 жылдардағы болған жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы жанқиярлық Отан соғысы кезеңінде өсіп, шындалып, барлық саналы өмірін қан майданға жаумен арпалысумен өткізген.
Шерубай батыр бала кезінен батыл, мерген, ат құлағында ойнаған епті де, қара күштің иесі болған. Ол 16 жасында Сарыарқа жерінде өткен белгілі бір байдың асында “Түйе палуанды” жыққан.
Шерубай Биболдыұлы 17-18 жасынан бастап, туған жерін қалмақ басқыншыларынан азат етуге қатысып, Отанын қорғауға кіріседі. Ол бірде шаршап – шалдығып келе жатып, бір ақбоз үйге тап болады. Ішінде жалғыз бойжеткен отыр екен. Ол бөтен адамнан сескеніп қалады.
-Менен қорықпаңыз, зияным жоқ адаммын – дейді оны сезген Шерубай. Сөйті шай қайнатылып, дастархан басында отырады да, оның көзі кереге басына ілінген садаққа түседі. Батыр оны алып көреді де, 1-2 рет шіреніп созады. Мұның бəрін қыз тойдан келген əке-шешесіне айтады. Үй иесі Шерубаймен танысып, қонақ етіп, кетерінде сол садақты сыйға тартып, ат мінгізеді. Сөйтсе ол садақ қалмақтардан тскен олжа екен. “Сол үшін де иесіз садақты үй иесі Шерубайдың тегеін адам емес екенін біліп, тарту еткен”-дейді көнекөз қариялар.
Қарақұмда болған Құрылтай алдында қазақ хандығының 80 мыңға тарта жауынгерлеріне сардар қолбасшысы болып сайланған Бөгенбай батыр қарт əкесі Ақша батырдың қолынан Қазақ мемлекетінің əскери сарыала туын, сардарлық бағананы қабылдайды.
Жоңғарлармен кездесу Ұлытау өңірінде Сарыкеңгір өзенінің жағасында Сарайлы деген жерде болды. Жекпе-жекке екі жақтан бас батырлары шықты Бөгенбай ойраттың ноянын өлтіреді. Қалмақтар абыржып, қазақтар аруақтанып жауына лап қояды. Кескілескен кырғын соғыста қазақтар көп жыл күткен үлкен жеңіске жетті.
Осы шайқаста қалмақ батырымен жекпе-жекке он жеті жасар Шерубай да шығады. Қалмақ батырының денесі зор, орта жастардағы адам екен. Өзінің атын естігеннен кейін қазақтың жас батырына ұмтылады. Шерубай өзіне ұмтылып келе жатқан қалмақ батыры жақындай бергенде, аттың бір бүйіріне жата қалып, қолыңдағы сүңгісін жауының кіндігінің астына көздей салып, екінші ұшын жерге қаратады. Екпінмен шауып келе жатқан қалмақ батыры сүңгіге шаншыла жығылып, сүңгі денесін тесіп өтеді. Жас жауынгер Шерубай осы ерлігі үшін батыр атанады.
Осы 1710-1711 жылдардағы соғыстарда қазақтар айырылып қалған қоныстарын қайтарып алып қана қоймай, жоңғар билеушілерінің жерлеріне кіріп, Турфанда жауды тас-талқан етіп жеңіп, көп олжамен оралады.
Қазақ жасақтары мен жоңғар əскерлерінің арасында үлкен шайқас 1724 жылы Торғай даласының оңтүстік-шығыс жағында Бұланты өзенінің жағасында “Қара сиыр” деген жерде болды. Бұл бірнеше жылдар бойғы жиналған ыза мен кектің буырқаныпбұлқынып сыртқа шыққан шағы еді.
Қалмақтармен кезекті соғыс алдында жау жақтан астына қаракөк айғыр мінген, қисық көз, еңгезердей біреу майдан алаңына қарай атын ойнақтатып шыға келді.
-Мен қалмақтың аты шулы, талай қазақтың басын алған батырымын. Кім жекпежекке шығады? Жаныңнан безген біреуің келе қойыңдар,-деп шіренеді.
Сол кезде қазақ əскері жағынан жасы егделеу келген Бөгенбай батыр шығуға əзірлене бергенде, Орта жүз жігіттері тұрған жақтан:
-Аға, кезегіңізді маған беріңіз!-деген жуан дауыс шығады. Жауырынына екі кісі мінгендей кең иықты, бура сан, алып күш иесі, қарсұр жігіт астындағы ұзындығы есік пен төрдей қара арғымағын ойнақтатып, ортаға шыға келді. Шерубай батыр екенін көріп, көңілі орнына түскен Бөгенбай батыр қол жайып, батасын беріп, өз орнына барып тұрады.
Екі жақта тұрған қалың əскер өз батырларына дем бере айқайлап жатыр№ Ат үстіндегі соғысқа жас кезінен əбден жаттыққан Шерубай батыр қарсыласының найзадан нашар қорғанғанын байқап? өзінің үйренген тəсілі найзаны оң қолына берік ұстап, қалмаққа қарай тұлпарын зулата жөнелді.
“Ақжол!”, “Ақжол!”, “Ақжол!” деп үш рет ұрандап келіп, қалмақ батырын дəл өкпе тұстан түйреп, атынан аударып иасиады да, оның атын ұстап алып өз адамдарына қарай шаба жөнеледі. Оны көрген жау əскерлері шыдамай қазақтарға қарсы лап қойды. Бұл, əрине, соғыс тəртібін бұзғандыққа саналады. Оған қарап жатқан жан жоқ. Даланың еркін өскен ұлдары кең дүниені тарылтып, енді бірін-бірі өлтірмесе, екінші оны өлтіретінің біліп, бар қаруларымен шайқасып, шабысып кетті…
Зеңбіректермен жəне мылтықпен жете қаруланған жоңғардың қалың қолы қазақ батырларының біріккен күшіне төтеп бере алмады. Бірнеше күнге созылған қиян-кескі соғыста жоңғарлар ондаған мың адамдарынан айырылып, ойсырай жеңілді. Сол ұланасыр ұрыс болған жерді халық кейін “Қалмақ қырылған” деген атпен атап кетті.
18 ғасырдың 40 жылдарында жоңғарлар тұғырынан тайған жоқ. Олар ресеймен тіл табысып, қазақтарға қауіп төндіруін қоймады. 1739-1740 жылдар қалмақтар Сарыарқаға бірнеше рет шабуыл жасады. Жеңіс пен жеңіліс алма-кезек ьолды. Бірақ Абылай бастаған қазақ қолы негізінен тойтарыс бере алды.
Сарыарқа жерінде жүргізілген шайқастарға Орта жүздің біраз батырлары қатысады: Қаракерей Қабанбай, Уақ Сары Баян, Балта Керей Тұрсынбай, Тарақты Байғозы, Қаракесек Сеңкібай (Биата). Олардың арасында ардагер, ержүрек Шерубай батыр да жүрді.
Жоңғарларға қарсы жойқын соғыс аяқталған соң, Шерубай батыр бірқатар жасақтармен бірге ата қонысы- Қарағанды аймағына келіп мекен тебеді.
Шерубай батыр қазіргі Бұқар жырау ауданының Топар қалашығының маңында Шерубай-Нұра өзенінің бойында 119 жасқа келіп, 1812 жылы дүниеден қайтты. Ол тұстағы биіктеу төбе басына жерленіп (бүгінде Шерубай батыр ескерткіші орнатылған көк дөңнің төл атауы Кіндіктөбе), бейіт соғылды.

Əдебиеттер:

Алшынбаев Ж. Кіндіктөбе //Орт.Қазақстан.-1995.-14 желтоқсан.
Асқартегi Т. Шерубай батыр: Естелiк əңгiме // Абай-Ақиқат.- Абай, 2002.- 23 қараша
Бексейiт С. Шерубай батыр: Шерубай батырдың туғанына — 310 жыл// Азия Транзит.- Қарағaнды, 2003.- N6.-9 б.
Каренов Р. Шерубай батыр: [Қазақ батырының 310 жылдығына арналды] // Қазақ батырлары.-2003.- шiлде(N7).-4-5 б.,тамыз(N8).-4 б.
Каренов Р. Жауына ойран салған Шерубай батыр // Азия Транзит.- Қарағанды, 2001.- N1.-39-41 б.
Кəренов Р. Аты ұранға айналған Шерубай батыр: Шерубай батырдың туғанына — 310 жыл// Азия Транзит.- Қарағанды, 2003.- N6.-4-8 б.
Орайханұлы С. Шерубай батыр: Қарағандының 70 жылдық мерейтойына//
Орт.Қазақстан.- 2004.- 6 қараша-16 б.
Орайханұлы С. Шерубай – ердің заты, жердің де аты //Орт.Қазақстан.-1995.-14 желтоқсан.

Один комментарий к “Шерубай Биболдыұлы”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *