ФАЛЕС
Қазіргі философия ғылымы, жалпы Еуропа өркениеті көне Грек топырағынан тамыр тартқаны мәлім, “Философия” – “Даналыққа құштарлық” деген сөз де сол Грек жерінде дүниеге келген. Әйтседе біздің дәуірімізге дейінгі ғасырлардағы алғашқы философиялық мектептер Грекияның өзінде емес, Кіші Азияның батыс жағалауындағы Иония аралдарында пайда болған. Гректер мұнда Грекияға қоныстанбаған ерте замандарда-ақ ірге тепкен еді. Қайшыласқан сауда жолындағы Иония қалалары тез өркен жаяды, өнеркәсібі дамып, рухани мәдениет шарықтап биікке көтеріледі. Міне, сондай шаһарлардың бірі – Милетте Фалес туып өскен болатын.
Көне грек философиясының көшбасы атанған Фалес біздің дәуірімізге дейінгі 625-547 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, Милет шаһарының түпкілікті тұрғыны. Өз заманындағы жеті кемеңгердің бірі әрі солардың ішіндегі біріншісі деп есептелінген.
Бізге жеткен әңгіме бойынша, бір күні иониялық жас жігіттер милеттік балықшылармен саудаласып, ауға не түссе, соны аламыз деп уәделеседі. Ауға алтын тостаған ілініп шығады. Араларында талас туып, келісе алмаған жігіттер тостағанды қазыға әкеледі. Қазы алтын тостаған Эллададағы ең кемеңгер адамға берілсін деп төрелік айтады. Шешім бойынша сыйлықты Фалеске табыс етеді. Фалес сыпайылық жасап, екінші бір лайықты адамға береді, ол үшіншісіне береді, сөйтіп алтын тостаған ақыр аяғында айналып Фалестің өзіне қайтып келеді.
Цицерон: “Философия Фалестен басталады, ол – бірінші”, – деп бағалаған. Шын мәнінде ол – ғылымның көптеген саласында тұңғыш рет жаңалық ашып, тыңға түрен салған данышпан тұлға. Фалес астрономиямен айналысып, күннің бетін ай қалқалағанда, күн тұтылатынын бірінші рет анықтаған. Жылдың ұзақтығын есептеп шығарып, оны 365 күнге бөлген. Бірінші рет айдың соңғы күнін “үш ондық” деп атаған. Бірінші рет күннің көлемі оның айналу шеңберінің жеті жүз жиырмадан бір бөлігіне тең екендігін болжаған.
Бір күні оны күтуші кемпір түнде жұлдыз қарауға алып шығады. Фалес шұңқырға құлап, айғай салса керек. Сонда кемпір: “Ой, Фалес-ай! Аяғыңның астындағыны көрмей тұрып, көз жетпейтін көктегіні қалай танып-білмексің?” депті.
Фалес арнайы дәріс алып, ұстаз алдын көрмеген. Бірақ Мысырға барып, абыздардан өз бетінше оқып, үйренеді. Әсіресе геометрия ғылымын меңгеруге мықтап ден қойған. Ол бірінші рет диаметр дөңгелекті тең екіге бөлетінін дәлелдеді; тең бүйірлі үшбұрыштың табанындағы бұрыштар тең болатынын анықтады. Сондай-ақ, ол адамның көлеңкесі бойымен тең болатын мезетті пайдаланып, Мысырдағы пирамидалардың биіктігін көлеңкесі арқылы есептеп шығарған.
Сөйтіп ол алғаш рет Еуропаға Шығыс ғылымын алып келді. Еуропалықтардың ішінде бірінші болып дүниені ғылыми тұрғыдан танып білуге талпыныс жасады, яғни өзіне дейінгі ескі қағидаларды талқандап, айналадағы тылсым жайларды Құдайдың құдіретімен емес, табиғат заңдылығымен болып жатқан құбылыс деп түсіндірді.
Фалестің ғылыми көрегендігі туралы Геродот мынандай бір мысал келтіреді: Фалес күннің қай жылы, қай мезгілде тұтылатынын алдын ала есептеп шығарса керек. Лидиялықтар мен мидялықтардың арасында ұзақ жылдар бойы соғыс жүріп жатады. Фалес оларға қырғынды тоқтатыңдар, әйтпесе пәлен уақытта күн түнге айналып, жер бетін қара түнек басады дейді. Бір айқас кезінде шынында да дәл сол айтқан уақытта кенеттен күн түнге айналып кетеді. Құдайдың қаһарына ұшырадық деп зәре-құты ұшқан қарсыластар дереу соғысты тоқтатып, бітімге келіпті.
Фалес мемлекет ісіне араласпай, оңашаланып жападан-жалғыз өмір сүрген. Анасы жас кезінде үйлендірмек болғанда: “Тым ерте!” деп көнбепті, ержеткенде үйлен десе: “Тым кеш!” депті. “Үйленіп, неге бала сүймейсің?” деп сұрағандарға: “Өйткені мен баланы жақсы көремін!” деп жауап беріпті.
Осыған орай Плутарх өзінің “Салыстырмалы жазбалар” кітабында мындай бір оқиғаны алға тартады. Әйгілі Солон бірде Милет шаһарына әдейілеп келіп Фалеспен жолығады, Оның әйел алып, перзент сүюге деген мүлдем құлықсыз немқұрайлылығын көріп қатты таңырқайды. Фалес алғашқыда ләм деп тіс жармайды. Бірнеше күн өткен соң бір жолаушыны үгіттеп, осыдан он күндей бұрын Афинадан келдім деп айт дейді. Солон одан Афинадан не жаңалықтар барын сұрайды. Жолаушы, Фалестің үйретіп қойғаны бойынша: “Пәлендей жаңалық жоқ, тек жақында бір жігіт қайтыс болып, бүкіл қала қабырғасы қайысып шығарып салды, – дейді.
– Естуімше, ізгілігімен аты шыққан әйгілі бір адамның баласы көрінеді. Ол кісі бірақ басы-қасында болған жоқ, көптен бері шетелде жүр деп айтады.” “Неткен бақытсыздық! – дейді Солон күрсініп. – Есімі кім екен?” “Есімін естіп едім, – дейді анау төндіріп, – Бірақ есімде жоқ. Жұрт әйтеуір ақылды, әділетті азамат еді деп қатты күйзелді” Жолаушы жауап берген сайын Солонның зәресі ұшып дегбірі қашады. Ақыры шыдай алмай баласының атын айтып, сол емес пе деп сұрайды. Жолаушы басын изейді. Сонда Солон басын тоқпақтап, әдетте бақытсыздыққа ұшыраған шарасыз пенденің айтатын сөзін айтып, істейтін қылығын істей бастайды.
Фалес қолынан ұстап, күліп жібереді: “Міне, менің үйленіп бала сүйгім келмейтін себебім осы, өзге түгілі жаны қайсар сенің өзіңді есеңгіретіп жіберген жоқ па! Ал мына әңгімеге келсек, оған қайғырмай-ақ қой, сені сынау үшін әдейі айттық” депті.
Фалестің жоқшылықпен өткізген жадау тірлігін көріп аяушылық білдірген замандастары “философиядан не пайда көрдің” деп сөгеді. Соларға ерегесіп, баю түк қиын емес екенін дәлелдеу үшін ол бір жылы зығырдың мол өнім беретінін ауа райы арқылы болжап біледі де, несие ақшаға Милеттегі май сығатын жабдықтарды түгел сатып алады. Нәтижесінде бір-ақ сәтте байып шыға келеді.
“Міне, философияның пайдасы. Қажет болса философтар әп-сәтте-ақ байиды, бірақ мақсат ол емес” дейді.
Фалес туралы бізге жеткен аңыздың бірі қашырға қатысты. Тұз артқан қашыр өзеннен өтіп келе жатқанда сүрініп кетіп, үстіндегі теңделген қапшықтар түгел су болады. Еріген тұз жерге ағып жүгінің әжептәуір жеңілдей түскенін сезген қашыр жол-жөнекей су кездессе болды, ортасына бойлап барып тұра қалады екен. Бұны байқаған Фалес тұздың орнына жүн артқыздырыпты. Тұмсығы тасқа тиген қашыр содан кейін қулық істеуін қойыпты.
“Өмір мен өлімнің айырмасы қандай?” деп сұрапты Фалестен.
“Ешқандай”.
“Ендеше сен неге өлмейсің?”
“Өйткені ешбір өзгешелігі жоқ” деп жауап беріпті.
Фалес әбден қартайған шағында гимнастикалық сайысты көріп отырып ыстық пен шөлге шыдай алмай көз жұмыпты.
Диогон Лаэрций өзінің әйгілі кітабында Фалестің қабіріндегі құлпытаста мынандай екі жол өлең жазылғанын айтып өтеді:
Бұл табыттың өзі шағын, даңқы әлемді шарлаған.
Қарсы алдыңда Фалес жатыр, одан ұлы бар ма адам!
Ол айтқан көптеген даналық сөз ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, тарих жадында сақталған.
* Бәрінен көне – Құдай, өйткені ол ешкімнен тумаған.
* Бәрінен сұлу – Әлем, өйткені оны Құдай жаратқан.
* Бәрінен үлкен – Кеңістік, өйткені оған бәрі сыяды.
* Бәрінен жүйрік – Ақыл, өйткені ол бәрінен озады.
* Бәрінен күшті – Қажеттілік, өйткені ол бәріне билігін жүргізеді.
* Бәрінен данышпан – Уақыт, өйткені ол бәрінің сырын ашады.
* Бәріне ортақ – Үміт, өйткені ештеңесі жоқ адамның өзінде үміт бар.
* Не қиын? – Өзіңді-өзің тану қиын.
* Не оңай? – Өзгеге ақыл айту оңай.
* Кім бақытты? – тәні сау, жаны сезімтал боп, бойындағы барды дамыта білсе, сол бақытты.
* Ата-анаңа не көрсетсең, балаңнан соны күт.
* Нілдің жайылуы аңғардан қарсы соққан желдің ағысты бөгеуінен болады.
Дұшпаныңның күні бұдан да төмен екенін көрсең, қасіретіңді жеңуің оңай.
* Біреуді істеді деп кінәлаған қылықтан өзің бой тартсаң, ең баянды тірлік сол.
* Жақсылыққа үйрет, өзің де үйрен.
* Құдайдан істеген күнәң түгілі, ойлаған ойыңды да жасыра алмайсың.
* Үш нәрсе үшін тағдырыма ризамын: біріншіден, аң болмай адам боп туғаным үшін; екіншіден, әйел болмай еркек болғаным үшін; үшіншіден, жабайы болмай эллиндік болғаным үшін.
* Надандықтан өткен сорақылық жоқ.
* Ел билеу үшін әуелі өзіңді билеп ал.
* Ең дұрыс нәрсе не? – Табиғатпен үндестік, мөлшермен іс қылу, өйткені кейде артық рақаттың өзі де мезі қылады.
* Ең зиянды не? – Кемістік, өйткені ол жүрген жердің бәрі бүлінеді.