СОЛОН
Т.Сәукетаев
Солон біздің дәуірімізге дейінгі 638-559 жылдар аралығында өмір сүрген ұлы ойшыл, ақын, әрі заңгер. Кезінде әйгілі жеті данышпанның бірі атанған. Платон оны “жеті кемеңгердің ең данышпаны, бекзат ақын” деп бағалаған. 594 жылы афиндықтар Солонды архонт (билеуші, төбе би) ғып сайлап, жаңа мемлекеттік тәртіп орнатуға төтенше өкілеттік береді. Жұрттың бәрі бұл шешімді ризашылықпен қабылдайды: байлар оны ауқатты деп бағаласа, кедейлер адал адам деп оған үміт артты. Бұған дейін-ақ оның “теңдік бар жерде соғыс болмайды” деген қанатты сөзі халық арасында кеңінен мәлім болатын, бұл сөз байға да, кедейге де майдай жақты. Ауқаттылар сіңірген еңбек пен жеке бастың қадір-қасиетіне негізделген теңдікті дәметті; кедейлер жалпыға бірдей кеңдікті күтті.
Солон қанша жерден иі жұмсақ болғанмен билік құрған кезінде онша осалдық танытпаған. Ықпалды деп алпауыт-шонжарлардың ығына жығылмайды, заң түзгенде осылар мені қолдап еді ғой деп сайлаушыларға да іш бұрмайды. Дұрыс тұрған нәрсені, түзеудің жөні осы екен деп, орынсыз өзгертуден бой тартады. Тек сендіру арқылы іске асыруға болатын шараларға жүгінеді. Тіпті күштеген күннің өзінде де қарсылық туғызбайтындай болғанын қалайды. Осыған орай ол “күштеумен заңды ұштастыра білдім” дейді.
Солонның ең бірінші шығарған заңы афиндықтарды құлдықтан құтқару туралы. Оған дейін зәрулік қысқан көп адам өздерін кепілдікке қойып, қарыз алып, уақытында өтей алмаған соң құлдыққа түсуге мәжбүр болған. Солон бірінші рет бұл тәртіпті жойып, әкесі өтей алмай кеткен жеті талантты /ақша бірлігі/ қайтарудан бас тартады, сол арқылы басқалардың да осылай істеуіне ұйтқы болады. Бұл заң ел арасында “азаптан арылу” деп аталған.
Ол адамгершілікке негізделген әділетті заң жүйесін жасайды. Мәселен: кімде-кім ата-анасын бақпаса, қарабет боп жазаланады; әкесінің мүлкін рәсуә еткен де сол кепті киеді. Парықсыз, жалқауды кез келген адамның сотқа беруге хұқы бар. Ала аяқ, сатқындардың жиналыста сөйлеуіне тыйым салынсын. Жетімге қамқоршы болған адам оның анасына үйленуге болмайды; жақын мұрагердің жетімге қамқоршы /заң жүзінде/ болуға хұқы жоқ. Соқырдың жалғыз көзін ағызып жібергеннің екі көзі бірдей ойылсын. Қоймаған нәрсеңді алма, әйтпесе – өлім. Архонт мас болып қолға түссе, жазасы – өлім… Осы сияқты шығарған көптеген заңын, ел жиі жүретін жерге айналмалы бағандар орнатып, соған іліп қояды.
Арада отыз жыл өтіп, Солон қартайғанда өкімет басына Писистрат келеді. Ол шексіз үстемдік орнатып, өзін заңнан жоғары қойғанмен, Солон қалыптастырған тәртіпті жоюға батылы бармайды. Қуғынға ұшырап шетке кетсе де афиндықтар Солон заңының көпшілігін мұра тұтып сақтап қалған. Олар Солонды Афин демократиясының тірегі ретінде құрмет тұтқан.
Солон елдің саяси-әлеуметтік, моральдік-этикалық болмысына негіздеп заң жүйесін түзеді. Әуелі ол осы уақытқа дейін мемлекеттік тәртіптің негізі болып келген Драконттың барлық заңдарының күшін жояды, бейбастақты тезге салып, елде қатаң тәртіп орнату үшін қажет деп, тек оның өлім жазасына қатысты тармақтарын ғана күшінде қалдырады. Драконттың заңы бойынша, үлкенді-кішілі қылмыстың көпшілігіне өлім жазасы қолданылатын. Жатып ішер кержалқау да, жеміс-жидек ұрлаған мүскін де, кісі өлтірген қанды қол қарақшы да бәрі бірдей өлім жазасына кесілді. Осыған орай замандастары: “Драконт заңды қызыл сиямен емес, қанмен жазған” деп мысқылдайтын. Драконттан “қылмыстың көпшілігі үшін неге өлім жазасын тағайындадың?” деп сұрағанда: “ұсақ қылмыстар үшін осы жаза лайықты, ал үлкен қылмыс үшін одан артық жазаны ойлап таба алмадым” деп жауап беріпті.
Солон бұрынғыдай жоғары билікті байларға беру үшін азаматтардың мүлкін бағалау жүйесін енгізеді. Кімде-кім бес жүз өлшемнің үстінде өнім шығарса, ол бірінші кезектегі бай, қолында аты бар, үш жүз өлшемде өнім өндіретіндер екінші топтағы ауқатты адамдар атанды. Яғни қайдағы қағылған-соғылған алаяқтар емес, билікке қолынан іс келетін, еті тірі, пысық адамдардың араласуын қамтамасыз етуге тырысты.
Солон енгізген заң бойынша, кез келген азамат зәбір шегушіні қорғауға, қылмыскерді айыптап, жазаға тартуды талап етуге құқылы болды. Егер біреуді таяққа жығып немесе басқалай зорлық-зомбылық жасап қорласа, кез келген адамның қылмыскердің үстінен шағымданып, сотқа тартқызуына толық ерік берілді. Осы арқылы адамдарды бір-біріне жанашыр, қамқор болуға, дос, бауыр сезінуге баулыды.
Ел мен ел егер болғанда, әр түрлі топтар өзара қырқысқанда араласпай бейтарап қалған адамды азаматтықтан айыру жөніндегі Солонның заңы бір қарағанда тосын, оғаш көрінуі бек ықтимал Алайда байыппен астарына үңілсек, үлкен моральдік-әлеуметтік мән жатыр. Солон бұл жерде азаматтардың қоғам ісіне араласпай өз мүлкін ғана қорғаштап, қысылтаяң сәтте бұқпантайлап қалғанын айыптайды. Мұндайда кім жеңеді екен деп қарап тұрмай, бірден әділетті жақтап, Отан мүддесін, ізгілікті қорғауды уағыздайды.
Қай заманда болмасын, қоғамның басты тірегі отбасы екені мәлім. Сондықтан Солон неке мәселесіне қатты мән берген. Отбасының ұйтқысы берік боп, өмірге дені сау ұрпақ әкелуін көздейтін, өз заманы үшін озық үлгідегі заңдар шығарған. Ол: неке баюдың көзі, сауда-саттық емес, жұбайлар сыйластық, сүйіспеншілікпен өмір сүріп, дүниеге ұрпақ әкелуге тиіс деп есептеді. Сол себепті ол қалыңмал төлеу, жасау әкелу сияқты ескі сал-дәстүрдің бәрін жойып, қалыңдыққа өзімен бірге тек үш гиматий мен үй ішіне қажетті ұсақ-түйек зат қана әкелуіне рұқсат етті.
Сондай-ақ ол жас айырмасы алшақ адамдардың некелесуіне тыйым салған. Дионисийдің шешесі біреуге тұрмысқа шығуға рұқсат сұрағанда Солон: “Мен мемлекеттің заңын өз қалауымша өзгерткеніммен, табиғаттың заңын өзгерте алмаймын!” депті. “Ерікті қоғамда мұндай келеңсіздікке жол берілмеуге тиіс. Қуаныш-қызығы жоқ, жұбайлық міндетті атқаруға жарамсыз адамдардың үйленуіне болмайды” деді. Яғни егде тартқан еркектің жас қызға үйленуіне тыйым салынды, сол сияқты байлығына қызығып кемпірмен төсектес боп жүрген жігітті заң жүзінде айыптап, өзі қатарлы жасқа үйленуге мәжбүрледі.
Неке туралы заңның бір қызық тұсы – күйеуі жұбайлық міндетін атқаруға жарамсыз болған жағдайда, әйел күйеуінің жақын бір туысымен көңілдес болуға құқылы болды. Мұның астары туған бала бөтен емес, күйеуіне қандық жағынан жақын болады деген моральмен түсіндірілді. Заңның тағы бір тармағында “жезөкшеден туған бала әкесін асырауға міндетті емес” делінді. Егер күйеуі әйелін көңілдесімен төсек үстінде ұстап алса, еркекті сол жерде өлтіруге ерікті болды. Басы бос әйелді ұрлап әкеткен не зорлық жасаған еркекке жүз драхм, жеңгетайлық жасағандарға жиырма драхм айып салынды.
Сонымен қоса ол қуаң жерден құдықты қалай қазып, қалай пайдаланған жөн, миуа ағашының қайсысын қалай егіп, көршісінің жерінен қанша межеде отырғызу керек, омартаны қайда өсіру керек… т.б. тұрмыстық ахуалды түгелдей көзінен тізіп, заң жүзінде тәртіпке түсірді. Бір сөзбен айтқанда, Солон қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын өз заманына лайықты кемел заң жүйесін жасайды. Бірақ қоғам ондай тәртіпке дайын емес еді. Заң жүйесін енгізгеннен кейін күн сайын жұрт сабылып келіп, Солонға тыныштық бермейді. Бірі мақтаса, бірі даттайды. Заң тармақтарындағы мына мәтінді былай өзгерт, мына жерін алып таста, мына жеріне қос деп өтініш айтушылар әбден ығыр қылады. Әрбір баптың мазмұнын айқындап, мәнін қосымша түсіндіруді талап етеді. Солон бұл өтінішті орындаудың мағынасыз екенін біледі, орындамаса – жұрттың наразылығына ұшырары тағы айқын. Сөйтіп екі оттың ортасында қалады. “¥лы істе елдің бәріне бірдей жағу қиын” деген қанатты сөзін, сірә, осындай қысылған сәтте айтқан болу керек. Сөйтіп Солон осынау қиын жағдайдан құтылу үшін, Плутархтың бізге жеткен мәліметі бойынша, “кемем күтіп тұр, жер жүзін шарлап саяхаттауым керек” деген сылтаумен, афиндықтардан он жыл мұрсат сұрап, шетелге тайып тұрады. Осы уақыт ішінде Афин халқы заңға бойсұнып үйренер деп ойлайды.
Солонның шетелге кетуі туралы тарихи дерек бұл жерде екіұшты, Плутарх: Солон заң жүйесін енгізісімен бірден шетке кетті деген тұжырымды көлденең тартса, Диоген Лаэрций: Солонның өз заңына елді үйретіп ұзақ жыл билік құрғанын, кейін Писистраттың шексіз билеуіне наразылық білдіріп елден кеткенін айтады. Қалай болған күнде де әділеттің жоқшысы болған дананың тар ноқтаға басы сыймай қуғынға ұшырағаны ақиқат.
Сөйтіп ол Мысырға келеді. Ғылым мен өнердің отаны болған ғажайып елде дүниенің төрт тарапынан жиналған не бір дүлдүл ойлы даналардың философиялық толғаныстарын тыңдайды. Солардың аузынан тұңғыш рет Атлантида туралы аңызды естіп қатты тебіренеді. Осы оқиғаны жырға қосып, Эллада жұртшылығына таныстырмақ болады. Біраз уақыттан соң Кипрге сапар шегеді. Сондағы бір шағын шаһардың патшасы Филокипрдің оған ықыласы қатты ауып, зор құрмет көрсетеді. Қала Кларии деген өзеннің сағасына салынған екен, қорғанысқа жақсы болғанмен, барлық жағынан ыңғайсыз орналасыпты. Есесіне қала іргесінде көсілген кең жазық бос жатады. Солон патшаны үгіттеп, шаһарды сонда көшіртеді. Құрылыс жұмысына Солон өзі бақылау жасап, патшаға барынша көмектеседі. Көркімен көз тартқан жаңа шаһарға жұрт жан-жақтан ағылып келе бастайды. Басқа патшалар қызыға қарап, Филокипрдің даңқы асқақтай түседі. Бек риза болған патша Солонды қошеметтеп, шаһарды соның есімімен Солами деп атайды.
Солон Кипрде жүргенде Крез патшамен ұшырасады. Диоген Лаэрцийдің жазуынша: Бір күні небір асылды киіп салтанатпен тақта отырған Крез патша: “Бұдан әдемі нені көрдің? – деп сұрайды. Сонда Солон: “Қораз бен қырғауылды, тотықұсты көрдім, – дейді – олардың қауырсынын табиғат жаратқан, сондықтан әлдеқайда әдемі!”
Ал Плутарх бұл оқиғаны кеңірек қамтып, сәл басқаша баяндайды.
Крездің шақыруымен Солон патша сарайына келеді. Қашан патшаның өзіне алып келгенше, Сарай ішіндегі сән-салтанатпен киініп, қаптаған нөкердің ортасында маңғаз басып жүрген бекзат, мырзалардың әрқайсысын Крез екен деп қалады. Крез алтын тақта бар асылын киіп, бар алтын-гауһарларын тағып, көрген жанның көзін арбайтындай сән-салтанатпен малынып отырады. Бірақ Солон оған селт етіп мән бермейді. Патшаның рухани бейшаралығына, мақтан сүйер күйкілігіне жиіркенішпен қарағанын айналада тұрғандар айқын сезеді. Крез оған өзінің бүкіл қазына-байлығын, алтынмен апталған сәнді сарайларын көрсетуді бұйырады. Бәрін аралап көріп болғаннан кейін Солонды қайтадан Крездің алдына алып келеді. Крез: “Дүниеде менен асқан бақытты адам бар ма?” деп сұрайды. “Бар. Менің Телл деген отандасым сенен әлдеқайда бақытты” дейді Солон. Содан кейін Теллдің аса ізгілікті жан болғанын, артына жақсы ұрпақ, қажетті дәрежеде дүние-мүлік қалдырып, өзі Отан үшін ерлікпен қаза тапқанын айтып береді. Крез оны қырсық сөйлейтін дөрекі, әумесер деп ойлайды. Әйтпесе бақытты алтын-күміспен өлшемей, жай қатардағы біреудің өмірі мен өлімін менің құдірет, беделімнен биік қоя ма дейді. Бұған қарамастан Солоннан тағы да: “Теллден басқа менен бақытты тағы кім бар?” деп сұрайды. Солон: “Бар, – дейді, – менің білуімше, Клеобис пен Битоннан бақытты ешкім жоқ. Ағайынды екі жігіт бірін-бірі өлердей жақсы көріп һәм аналарын шексіз қадір тұтады екен. Бір күні өгіз өрістен келмей қалғанда, күймеге өздері жегіліп, аналарын Гера ғибадатханасына алып барады. Көрген елдің бәрі әйелге “Неткен бақытты ана едіңіз!” деп тамсанады. Әзиз ана да мерейі тасып қатты риза болады. Екі жігіт сол жерде құрбандық шалып, шөлдері қанғанша сіміріп суық су ішеді. Ертеңінде сұлап өліп жатқан жерлерінен жұрт тауып алады. Сөйтіп, осыншама абырой-даңққа кенеліп, ешқандай қиналмастан, қайғы-мұңсыз ажалдың құшағына еніпті”. Ашу қысқан Крез патша: “Сен бізді тіпті бақытты адамның санатына да қосқың келмейді-ау деймін?” дейді шыдай алмай айғайлап. Сонда Солон оған жағынғысы да келмей, ашуын да келтіре бермейін деген ниетпен былай деп жауап қатады: “Лидия патшасы! Құдай бізді, эллиндіктерді, әрнәрсенің шегінен шықпай мөлшермен сөйлеп, мөлшермен ойлайтындай ғып жаратқан. Сондықтан ақыл-ойымыз патшаныкіндей асқақ, айдынды емес, жай қатардағы халықтыкіндей қарапайым, тіпті, тым именшек десе де болады. Мұндай ақыл бізге тағдырдың қаншалықты құбылмалы опасыз екендігін көре тұрып, бір сәттік бақытқа мас болуға, біреудің басынан ертең-ақ өте шығар баянсыз рақатына тамсануға жол бермейді. Әркімге болашақ білдірмей келеді, оның нендей тосын сый дайындап тұрғаны ешкімге де аян емес. Кімге құдай ғұмырының ақырына дейін бақыт берсе, сол адамды ғана шынайы бақытты деп есептейміз. Ал алдында әлі талай қауіп-қатер күтіп тұрған пендені тірі кезінде бақытты деу – майдандағы сайыскерді сайыс бітпей жатып жеңімпаз деп жариялаумен бірдей. Бұл дегеніміз жаңсақ, мүлдем мәнсіз нәрсе.” Солон осыны айтады да, сарайдан шығып жүре береді.
Крез ақыл таразысына салып, ғибрат алудың орнына, бұл сөзге жәбірленіп, қатты шамданады.
Бірақ көп жыл өткен соң Солонның сөзінің мәніне үңіліп, бармағын шайнайды. Кир патшамен шайқаста ойсырай жеңіліп, астанасынан айырылады, өзі тұтқынға түседі. Кир оны отқа өртеп өлтіруге бұйырады. От жағып, Крезді қол-аяғын байлап өртеуге оттың үстіне көтереді. Парсылар тамашалап, жан-жақтан анталап тұрады. Арасында Кирдің өзі де болады. Сол кезде Крез бар даусымен: “О, Солон!” деп үш мәрте айқай салады. Кир таңғалып, ажал аузында тұрғанда пәрмен сұрап шақырардай Солон деген кім өзі, Құдай ма, сұрап біліп кел деп шабарманын жібереді. Крез жасырмай бар сырын айтады. “Ол элладалық даналардың бірі еді, – дейді. – Мен оны әдейі шақырғанмын. Бірақ ақылын тыңдап, одан өзіме қажет болар бірдеңе үйренейін деген жоқпын. Байлығымды көріп тамсансын, еліне барғанда аңыз ғып айта жүрсін дедім. Дүние шіркінді құмартып жиғандағы қуаныш, ләззатынан одан айырылғандағы өкініш-қайғысының әлдеқайда зор болатынын кім білген. Байлық қолда тұрғанда құр дақпырт пен даңғаза мақтанға малданыппын, ал міне, одан айырылып едім, қасірет шегіп, еш үмітсіз бейшара халге түстім. Демек, ол менің сол кезде-ақ түптің түбінде осындай пұшайман күйге душар боларымды алдын ала болжап, ертеңгі күніңді ойла, баянсыз байлыққа мас болып, ісіп-кеппе дегені екен ғой!”
Жіберген кісісі Крездің жауабын Кир патшаға айтып келеді. Крездің басындағы халден Солонның даналық сөзінің нақты мысалын көріп тәнті болған ақылды патша Крезді босатып қана қоймай, кеш те болса тәубеге келгені үшін өмір бойы құрмет тұтып өтіпті. Сөйтіп, Солонның бір ауыз сөзі бір патшаны ажалдан құтқарып, екіншісін ақылға келтіріпті дейді Плутарх.
Солон туған жерге оралғанда, ел іші бүлік еді. Теке-тірескен саяси топтардың әрқайсысы әр жаққа тартып, мемлекетті бей-берекетсіздік жайлады. Солон түзген заң жүйесі әлі күшінде болғанмен, Афина халқы басқаша саяси құрылымды қалады, төңкеріс болуын күтті. Ешкім де теңдікті керек қылмады, әрқайсысы төңкеріс кезінде қарсы топты жеңіп шығып, үстемдік орнатамыз деп ойлайды. Осындай тайталасқан күрес кезінде ақылды да айлакер Писистрат қиыннан жол тауып, бел ала бастайды. Бұған алғашқы кезде Солонның да көмегі болады. Ақыл-қайратына қарап қолдаумен қатар, екеуі немерелес апалы-сіңліден туған бөле еді, әрі Писистраттың бала кезінде сұлулығына қызығып онымен әуейі болғанының да бұл жерде көп ықпал еткені даусыз. Солонның қандай дана болса да өзінің кейбір пенделік осалдығын жеңе алмағандығын, тіпті осындай нәпсісін қызғыштай қорғап: “Құлдың гимнастикалық машық кезінде денесіне май жағуына һәм ер баламен әуейі болуына тыйым салынады” деп заң да шығарғанын Плутарх атап көрсетеді.
Писистрат ішін алдырмайтын айлакер, аса әккі адам еді. Жұртқа ол байсалды, тәртіп сүйгіш, теңдікті жақтаушы, мемлекеттің іргесін шайқауға ұмтылған бұзақыларға қаны қас, әділетті адам сияқты боп көрінеді. Сөйтіп халықты алдайды. Бірақ Солон оның көкірек түбінде бұғып жатқан арам ойын біліп қояды. Әйткенмен оған өштеспейді, қайта оны ақылға үндеп, бойындағы адамгершілікті оятуға тырысады. Солон оның өзіне де, басқаларға да: “Егер оның көкірегінен менмендікті алып тастап, шексіз билікке деген құштарлық дертінен емдеп жазса, Писистрат тәп-тәуір ізгілікті азамат болар еді” дейді.
Солон қашан да Писистраттың жағымсыз, өрескел істерін жасқанбай бетіне айтып отырған. Бірде Писистрат өзін-өзі жаралап, үсті-басы қан-қан күйі күймемен қаланың ортасындағы алаңға келеді де: “Мені жауларым саяси көзқарасым үшін өлтірмек болды!” дейді айқайлап. Халық қызынып дүр көтеріледі. Сонда Солон Писистраттың қасына барып: “Мұның жарамайды, Гиппократтың ұлы! – дейді. – Сен Гомердің Одиссеясының рөлін ойнап тұрсың. Ол дұшпанын алдау үшін өзін-өзі жарақаттаса, сен өз отандастарыңды шатастыру үшін солай істеп тұрсың!”
Солон – туған жерін ақылдың күші, найзаның ұшымен қорғаған патриот. Оның туған жері – Саламин аралы үшін афиндықтар мен мегарлар арасында жанжал туады. Арадағы болған қиянкесі ұрыста ойсырай жеңіліп қатты шығынға ұшыраған афиндықтар бұдан былай кімде-кім Саламин үшін соғысуға үндейтін болса, өлім жазасына кесілсін деп үкім шығарады. Сонда Солон өтірік жынданған боп, киіп-жарып алаңның ортасына шығады да саңқылдап Саламин туралы өзінің жалынды жырын оқиды:
Афинды ұмытып, туған жерді тастағаным жақсы еді;
Фолегандр мен Сикинді отаным деп қақсағаным жақсы еді.
Аттиканың сужүрегі, саламиндік қашқын деп басқалар.
Күледі ғой соңымыздан күні ертең-ақ – масқара. Саламинға!
Қасиетті арал үшін шық майданға қасқайып.
Арға түскен қара дақты қанмен жуып тастайық!
Қуатты жырдың еліктіріп әсерге бөлегені сонша, көкірегін кек кернеп буырқанған жұрт сол жерде жауға аттанады; мегарларды тас-талқан ғып қиратып, Саламинді қайтарып алады.
Бұл – Диоген Лаэрций жазбаларынан алынған деректер. Саламин соғысына қатысты оқиғаны Плутарх бұдан сәл басқаша һәм ауқымдырақ баяндайды.
Жоғарыдағы айтқан әйгілі жырмен рухтанған афиндықтар дүр көтеріліп Саламинге аттанады. Солонды қолбасшы етіп сайлайды, Солон теңіз арқылы Колиада аралына жүзіп келеді. Сол арада ескі ғұрып бойынша Құдайға құрбандық шалып жатқан қалың әйелдің үстінен түседі. Солон сенімді бір адамын Саламинге жансыз ғып жібереді. Ол магерларға барып: “Мен қашып келдім, егер афиналық сұлу, бекзат әйелдерді қолға түсіргілерің келсе, тезірек менімен бірге Колиадаға жүріңдер!” дейді. Мегарлар оның айтқанына сеніп, кемемен бір топ әскер жібереді. Кеменің аралдан бері қарай жүзіп шыққанын көрген бетте Солон әйелдерге жағалаудан аулаққа кетіңдер деп бұйырады да, олардың орнына әлі сақал-мұрт шықпаған бозбалаларды әйелше киіндіріп, қойындарына тығып қанжар ұстатады. Жау әскері кемеден түскенше жағада ән салып, билеп думандата беріңдер дейді. Әйел екен деп естері шыққан мегарлықтар жағаға жете бере кемеден секіріп-секіріп түсіп, жапа-тармағай ұмтылады. Қанжар ұстаған жас жігіттер сол жерде оларды бірін қалдырмай жусатып салады. Келе жатқан кемені мегарлар өзіміздікі деп ойлайды. Сөйтіп тым-тырыс бейғам жатқан Саламинді қапыда тарпа бас салады.
Кейін афиндықтар мен мегарлар арасындағы жанжал басылмай, дау-жанжал ұзаққа созылады. Ақыры екі жақ спартандықтардың қазылығына жүгінеді.
Саламин күшпен басып алынған жер емес, заңды атамекені екенін дәлелдеу үшін Солон бірнеше қабірді қаздырып, ондағы табыттың да, ішіндегі мәйттің де, афиндықтардың жерлеу рәсімі бойынша, басы шығысқа қаратылып көмілгенін көрсетеді.
Солон әділетсіздікпен ымырасыз күрескен адам, қылышынан қан тамған Писистраттай билеушіден де қаймықпаған. Сосикраттың айтуынша, бірде ол билеушінің арам пиғылын сезіп қояды да қалқан мен қылышын ұстап халық жиналысына кіріп барады. Ондағыларға Писистраттың қандай ниеттегі адам екенін айтып ескертіп, қажет жағдайда көмектеспекші болады. “Афиндық азаматтар! Мен сендердің кейбіреулеріңнен ақылдымын, кейбіреулеріңнен батылмын: Писистраттың қулығын түсінбегендерден ақылдымын, ал оны түсінсе де қорқып үндемейтіндерден батылмын” дейді. Писистратты жақтайтындар оны есі ауысқан жынды дейді. Сонда ол:
Жындымын ба шынымен, көресіңдер оны әлі,
Жасырғанмен қаншалық, шындық жарып шығады, —
деп шығып кетеді.
Плутарх Солонның өмірін сипаттап жазған еңбегінде Писистрат өзінің жендеттерімен Акропольді басып алғаннан кейінгі оқиғаны баяндайды.
… Жұртты үрей билеп, не істерін білмей сасады. Сол сәтте Солон үйіне барып, қолына қару алады; “Әлім келгенше отаным мен заңды қорғаймын!” деп есік алдында қаймықпай қаруын кезеп тұрады. Кейін достарының Писистраттың қаһарына ұшырадың, қаш деген ақылына құлақ аспайды, қайта одан сайын ерегесіп, афиндықтардың қорқақтық танытқанын бетіне басып өлең шығарады.
Қарғыс айтып кінәлама құдайды,
Опық жедің қорқақтықтан ежелгі.
Жендеттерді бастарыңа шығарып,
Құлдық пенен қорлығына төз енді!
Бұл өлеңді оқыған жұрт осынша көзсіз батылдыққа барғанда неге сендің деп сұрайды. Солон: “Кәрілікке!” деп жауап береді.
Писистраттың әділетсіздігіне қарсы халықты қаншама үгіттеп соңынан ерте алмай түңілген Солон әскери кеңестің алдына барып: “О, Отаным, мен саған сөзіммен де, ісіммен де қызмет еттім!” деп қаруын тастайды да, кемеге мініп, Мысырға тартып отырады. Кипр аралына барып Крез патшаны паналайды.
Қанша жерден қанішер болғанмен Писистрат Солонның ел алдындағы беделімен санасқан, ақылын бағалаған. Жат жерде жүрген отандасына достық қолын созып, хат жазады, мәмілеге шақырады. Өмірінің соңында Солон райынан қайтып татуласады. Бірақ Писистрат қанша рет шақырса да туған жеріне оралмайды. Алыстан сыйласып, ақыл-кеңесін беріп тұрған.
Писистрат Солон түзген заң жүйесінің көп бөлігін сақтайды. Оны өзі бірінші боп орындап, басқалардың да орындауын қатаң міндеттеген. Бір жолы, шексіз билік иесі – патша боп отырған кезінде, кісі өлтірді деген айыппен оны сотқа шақырады. Писистрат өзін қорғау үшін еш қарсылықсыз сыпайылықпен соттың алдына келеді. Бірақ айыптаушы келмей қалады.
Солон сексен жасында Кипрде қайтыс болған. Өсиеті бойынша сүйегін өртеп, күлін туған жері – Саламинаға әкеп шашып жіберген.
Солон егде тартқанда Атлантида тарихына байланысты аңыз негізінде үлкен шығарма жазбақ болады, бірақ онысы аяқтай алмаған. Қолы тимегеннен емес, Платонның айтуы бойынша, кәрілік меңдеп, шамасы келмеген.
Солонның басты еңбегі – шығарған заңдары, оған қоса көптеген үлгі, насихат тұрғысындағы ғақлия, бес мың жолдай элегиялық өлеңдер жазған. Солардың біразы қанатты сөзге айналып, екшеліп ұрпақ аузында қалды.
* Халқыма мен билікті қажетіне қарай бердім:
Ұжданына тимедім, артық ұхұқ та бермедім.
Байлығымен, айбынымен елден асқан ерлерді де ойладым –
Басқаларға қорлатып, басындырып қоймадым.
Ортасында тұрып алып қалқаныммен жасқадым,
Жол бермедім әділетсіз жеңуіне басқаның.
* Бай болғым келеді, бірақ адал байлықты қалаймын.
Арамнан жиған дүние түбіне жетті талайдың.
* Байлар көп жамылған кісі атын,
Ал жақсылар – мүсәпір.
Қалай айырбастаймыз кісілікті бір қапшық ақшаға:
Өйткені кісілік әрқашан өзімізде қалады,
Ал ақша – бүгін сенде, ертең кетер басқаға.
*¥лы істе бәріне бірдей ұнау мүмкін емес.
*Сөз дегеніміз істің көрінісі.
*Кім бәрінен күшті, сол ғана патша.
*Өзгеден жауап талап ете отырып, өзің де есеп бер.
*Көпті қорқытқан көптен қорқуға тиіс.
*Заң қарақұрттың торы сияқты:
Әлсіздер шырматылып, түк шықпасын ұғады.
Ал күштілер бұзып-жарып шығады.
* Қылмысты қалай жоюға болады деп сұрағанда:
“Зәбір шеккенге де, шекпегенге де бірдей ауыр тиетіндей болсын” депті.
* Өзгеге бұйырмас бұрын өзің бағынып үйрен.
* Қартайдым, бірақ ылғи да көп нәрсені үйренудемін.
* Солонның баласы өліп жылап отырғанда біреу: “Бұған енді шара жоқ қой!” дейді. Сонда Солон: “Шара жоқ болған соң жылап отырмын!” депті.
* Мен күштеп мәжбүрлеуді заңмен ұштастырдым.
* “Әкесін өлтіргенді жазалау туралы неге заң шығармадың?” деп сұрағанда: “Ондай заңның қажеті болмай-ақ қойсын!” деп жауап беріпті.
* Құдайды құрметте, ата-анаңды ардақта.
* Әрқашанда ақылың жетекші болсын.
* Халық билеген елде тұру мен үшін бәрінен қымбат.