ДЕМОКРИТ
Ежелгі грек топырағынан төрткүл дүниені тамсандырған небір дара бітімді даналар шыққаны мәлім. Соның бірі – Демокрит. ¥лы ойшылдың туған, өлген жылы туралы бір ізді мағлұмат жоқ. Антисфеннің айтуынша, Демокрит жүзден артық жасаған; ал Гиппарх жүз тоғыз жасында қайтыс болды дейді. Біз ғылым соңғы кезде ден қойып жүрген пікірге жүгіндік, яғни ол біздің дәуірімізге дейінгі 463-360 жылдар аралығында өмір сүрген. Абдера шаһарында дүниеге келген, әкесі әлеуетті бай адам болған. Бірақ Демокрит рақат-байлықты тәрк етіп, бүкіл ғұмырын дүниенің сырын танып, даналықты меңгеруге арнайды. Демокрит ағайынды үш жігіттің кенжесі екен, әкеден қалған мұраны бөліскенде, жол жүруге қажет болғандықтан, ең аз болса да мүліктің ақша түріндегі бөлігін алады. Үлесіне тиген сол азын-аулақ қаржымен ғылым іздеп сапарға аттанады. Дүниенің төрт бұрышын шарлап Мысырға барады, ғұлама-абыздардың дәрісін тыңдап, геометрияны меңгереді; Парсының халдейлері – әулие-көріпкелдерінің өнерін үйренеді; Үндістандағы гимнософистермен де араласады; Эфиопияға дейін сапар шегеді.
Қалтасында соқыр тиыны қалмай арып-ашып ақыры еліне оралады. Қайыршының күнін кешіп, күнделікті тамағына ағасы пұл беріп тұрған. Бірақ бір күні болашақ туралы айтқан бір сәуегейлік болжамы айна-қатесіз дәл келіп, аяқ астынан даңқы шығады. Сол сәттен бастап жұрт оны аруақты адам деп өмір бойы ардақтап әулие тұтқан. Сол тұстағы заң бойынша, әкесінің мұрасын талан-таражға сап шашқан адамды өз туған жерінде жерлеуге тыйым салынады екен. Іші тар қызғаншақтардың өсек-аяңынан қорқып, Демокрит өзінің “Үлы Ғаламның құрылымы” дейтін әйгілі шығармасын халыққа оқып береді. Сөйтіп, өлгенде жерлемек түгілі, тірісінде оған туған жерінде мыстан ескерткіш қояды; қайтыс болғанда қазынаның есебінен жерлейді.
Демокриттің оғаш, оқшау мінезі көп болған. Ешкімге жуымай жападан-жалғыз жүруді ұнатқан, сол қылығына қарап жұрт оны есі ауысқан жындысүрей деп ойлаған. Демокриттің елуге тарта ғылыми трактат жазғаны мәлім. Соның бәрін ол күн демей, түн демей, қала сыртындағы қабірдің бірінде тығылып отырып жазыпты.
Оның тапқырлығы, көрегендігі, дара мінез даналығы хақында тарих жадында сақталған әр түрлі аңыз бар. Парсы патшасы Дарийдың көркіне көз тоймас сұлу һәм ең сүйікті әйелі опат болып, патша қайғыдан шөгіп жатып қалыпты. Демокрит тілегімді орындасаң, әйеліңді тірілтіп берем дейді. Патша қуанып кетіп, не қажеттің бәрін сол жерде үйгізіп тастайды. Демокрит айналасын ризашылықпен шолып: “Енді бір-ақ нәрсе жетпейді. Табыттың бетіне өмірде ешқашан қасірет шекпеген үш адамның есімін жаз, сонда әйелің тіріліп кетеді” дейді. ¥лы билеуші ол талапты, әрине, орындай алмайды. Сонда Демокрит мырс етіп: “Ей, ақымақ пенде, мұндай бақытсыздық жалғыз сенің ғана басыңа түскендей неменеге таусыласың, бұрын-соңды қайғы жұтып көрмеген бір адамды таба алмай тұрған жоқсың ба!” депті.
Кейін атақты философ болған Протагорді жас кезінде отын әкеле жатқанда көреді. Баланың отынды еш жаққа аумайтындай етіп геометриялық соншалық дәлдікпен буғанын байқап, өзіне шәкірт қып алады.
Бір күні Демокрит Гиппократқа қонаққа келеді. Үй иесі ыдысқа құйып сүт ұсынады. Демокрит сүтке қарап:
– Бірінші рет лақтаған қара ешкінің сүті екен, – депті. Гиппократ оның сәуегейлігіне қайран қалыпты.
Гиппократтың қасына еріп жүрген қызды көріп бірінші күні: “Сәламат па, бойжеткен!” дейді, ертеңінде: “Сәламат па, келіншек!” депті– сөйтсе, шынында да қыз сол түні абыройынан айырылып шыққан екен.
Ол дабыра-даңқты сүймеген, барынша сыпайы, елеусіз болуға тырысқан. Мәселен, Афинаға барғанда ешкім оны танымаған. Сократ екеуі философия туралы әңгіме-дүкен құрғанда, Сократ кіммен сөйлесіп отырғанын білмеген. Платон өзінің “Бақталастар” деп аталатын белгілі жазбасында Сократпен ой жарыстырып, сөз таластырған данагөй Энопид, Анаксагормен қатар Демокриттің есімін айтпай “белгісіз біреу” деп атайды. Сократ сол әңгіме үстінде оған: “Философ бессайысшы сияқты болу керек” дейді. Ол шынында, ғылымның бесаспап білгірі болды. Математика, физика, этика, өнер саласында онымен бой теңестірер адам кемде-кем еді. Оның асқан білім-парасаты сол кездегі көптеген данышпандардың қызғаныш, бақталастығын туғызған. Тіпті Платонның өзі ыза болып, Демокриттің қолына түскен бар шығармаларын өртеп жібермек болады, бірақ қасындағы достары: сен өртегеннен не пайда, бәрібір басқалардың қолында бар ғой дегеннен соң барып, ақылға келіп тоқтаса керек. Платон ежелгі философтардың бәрінің атын дерлік мысалға келтіргенде де оның атын ауызға алмайды, тіпті сынауға болатын осал тұстарын көре тұрса да әдейі үндемейді, яғни әлсіздердің өзінен зордан өш алуының бірден-бір сенімді әдісі – елемей қою екені әлмисақтан белгілі жай ғой.
Демокрит бар ғұмырын ғылым жолына арнап дүниенің рақатынан баз кешті деп жоғарыда айттық. Ол табиғат тылсымына терең бойлап, неше түрлі тәжірибе жасайды, кейде тіпті сол жолда өзінің денсаулығын да құрбан еткен. Бізге жеткен аңызға сүйенсек, “ақиқатты сезім арқылы тану мүмкін емес” деп, жалтыраған мыс табақтың күнмен шағылысқан сәулесін көзіне тосып, өзін-өзі әдейі соқыр қылған деседі, сөйтіп көзіне “қақпақ” қою арқылы ақыл-парасаттың көзін ашпақ болған.
Демокрит Пифагордың баласы Аримпестен тәлім алған, жалпы ол пифагоршылардың ілімін жақтап, ізін қуған. Пифагордың өзі туралы арнайы еңбек жазып, оның есімін зор сүйіспеншілікпен атайды. Демокрит – геометриялық денелерді көп зерттеп, осы салада үлкен жаңалық ашқан ғалым. Мәселен, ол табаны мен биіктігі бірдей болған жағдайда, конустың көлемі цилиндрдің көлемінің үштен біріне, ал сондай жағдайдағы пирамиданың көлемі де призма көлемінің үштен біріне тең болатынын тұңғыш рет дәлелдейді. Сондай-ақ ол конусқа байланысты шешуші қиын мынадай сауалды алдымызға көлденең тартады: егер конусты оның табанына параллель жазықтық бойымен бірнеше қайтара қисақ, қиындының бетін қалай елестетеміз: олар бір-бірімен тең бола ма, жоқ па? Егер тең емес болса, конустың бүйірі тегіс емес, сатылы сияқты болғаны. Ал бір-бірімен тең болса, тұйыққа тірелеміз. Ондай жағдайда бұл геометриялық дене конус емес, цилиндр болып шығар еді. Демокрит ашқан бұл қызық құбылыс әлі күнге дейін “Конус парадоксі” деп аталады.
Демокриттің ажалы да таңғаларлық. Өлер сәтінде қарындасының қолында болады. Әбден қартайып, дерт меңдеп әл үстінде жатқанда қарындасы: “Қап, Фесмофорий мейрамы кезінде өліп қалса қайттім, құдайларға лайықты құрмет көрсете алмайтын болдым-ау!” деп қатты қайғырады. Қарындасына жаны ашыған Демокрит: “Жарайды, өлмей тұра тұрайын. Маған күн сайын ыстық нан әкеп бер” дейді. Жаңа піскен ыстық нанды иіскеп, мейрам өткенше үш күн шыдап, содан кейін барып еш қиналыссыз көз жұмыпты.
Осы оқиғаға байланысты атақты Диоген Лаэрций мынадай өлең арнаған:
Демокриттей дана туған бар ма адам?
Ол білмейтін ақыл-айла қалмаған.
Ыстық нанмен қонақ қылып үйінде,
Ажалды да үш күн бойы алдаған.
Табиғат құбылыстарын жіті зерттеп, терең зерделеген ғұлама болмыс жайлы өзінің кейбір пайымдауларын былайша түйіндейді:
*Әлемнің бастауы – атом мен бос кеңістік, басқаның бәрі біздің түсінігімізде ғана өмір сүреді.
*Атом дегеніміз – өте кішкене болғандықтан көрінбейтін, қатты болғандықтан бөлінбейтін денелер.
* Атомдар кеңістікте шексіз қозғалыста болады.
* Бір түрлі атомдардан әр түрлі денелер құрала ма? Әрине, құралады, бір түрлі әріптерден әр түрлі кітаптар жазылады емес пе!
* Сезінудің бес түрінен тыс түйсіну қабілеті тілсіз хайуандарда, кемеңгерлер мен құдайда ғана болады.
* Қозғалыс мәңгілік. Табиғаттағы қозғалыс қайдан басталды деген сауалға кім жауап бере алады екен?
* Шексіз кеңістікте мен сияқты Демокриттер толып жатыр.
* Бір нәрсенің себебін сұрау, шексіздіктің бастауын іздеумен бірдей.
* Еш нәрсе олайдан гөрі былай емес, бал біреуге тәтті, екінші біреуге ащы боп көрінеді, соған қарап балды тәтті де, ащы да емес деуге болады.
* Не еш нәрсе ақиқат емес,
Не ақиқат нәрсе – бізге белгісіз елес.
* Иіс дегеніміз ауырдан бөлініп шыққан жеңілдің ағысы.
* Жоқтан бар пайда болмайды, ал бардан жаңа ештеңе пайда болмақ емес, демек біз көріп-сезетін заттар бұрынғы бар нәрседен бөліну арқылы пайда болады.
* Танымның екі түрі бар: бірі сезім арқылы, екіншісі ақыл-ой арқылы.
* Қайсарлықтың алдында тағдырдың соққысы да дәрменсіз.
* Батылдық – істің басы,
Ал кездейсоқтық – нәтиженің қожасы.
* Сөз – істің елесі.
* Қанағат – қуанышыңды көбейтеді, рақатыңды арттырады.
* Даналықтан үш түрлі қабілет туындайды: Мүлтіксіз шешім шығару, қатесіз сөйлеу, орынды іс қылу.
* Жоққа қайғырмаса, барға қуана білсе – сол нағыз ақылды адам.
* Адамның адал, арамдығы ісінен ғана емес, пиғылынан да танылады.
* Бір ғылыми жаңалық ашу мен үшін бүкіл Парсы патшалығын жаулап алудан артық.
* Жауды жеңген ғана емес, өз нәпсісін ауыздықтай білген де ерлік. Кейбіреу жер-көкті билеп ұлы боп жүргенмен әйелдің етегіне үйіріліп құлы боп жүр.
* Ақымақтың ұстазы – сөз емес, бақытсыздық.
* Бар нәрсенің ортасы абзал, маған көп те емес, жоқ та емес болған ұнайды.
* Арамзалар қысылғанда ант-су ішіп құдайға құлшылық етеді, қиындықтан құтылған соң тәубесін сол бойда ұмытып кетеді.
* Себепсіз еш нәрсе болмайды, бірақ барлығы белгілі бір негіз бен қажеттіліктен туындайды.
* Ойын-тойсыз өмір аялдайтын бекеті жоқ ұзақ жол сияқты.
* Кім қанағатшыл болса, сол бай.
* Тура сөйлеу – еркін ойлаудың көрінісі, бірақ орайын тауып айтпасаң, басыңа сор.
* Өзгеге билік жүргізу үшін, әуелі өзіңді билеп үйрен.
* Өзін ақылдымын деп ойлайтын адамға жөн айту құр азап.
* Заң – ойдан шығарылған сандырақ. Заңды адамдар жасады. Ал табиғат атом мен кеңістікті жаратты.
* Ақыл есейдің деп қонбайды, ол – тиянақты тәрбие мен табиғаттың жемісі.
* Бәрін білуге ұмтылып, бәрінен бірдей мақұрым қалма.
* Топас біреудің сандырақтап сөйлегенін көріп Демокрит: “Мына кісі айтуға болмайтын сөзді айтуды біледі екен, ал үндемеуді білмейді екен” депті.
* Көп білуге емес, көп ойлауға ұмтылу керек.
* Жақындарының қайғысына айызы қанатындар құбылмалы тағдырдың таяғы ертең өз басына да тиюі ықтимал екенін түсінбейді.
* Дүниенің қай түкпіріне барса да, ақылдының алды жарық, өйткені ізгілікті жүрекке күллі әлем – отан.
Т.Сәукетаев