БИАНТ
Биант – көне Эллададағы атақты жеті данышпанның бірі. Туған, өлген жылы белгісіз, шамамен біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда өмір сүрген. Тапқыр ой, шешендігімен, мәрттігімен өз заманында аты аңызға айналған.
Бианттың туған жері – Приенаға Кир патша шабуыл жасайды, қала қоршауда қалады. Үрейленген жұрт ең қажет қымбат мүліктерін алып, қаша бастайды. Тек Биант қана ештеңе алмайды. Жұрт таң қалып, түк алмағаның қалай деп сұрағанда, Биант: “Өзіме қажеттің бәрі өз бойымда” деп жауап берген екен.
Соғыс кезінде спартандар тұтқынға түсірген мессениялық қыздарды Биант құнын төлеп сатып алыпты. Өз баласындай асырап-бағып кейін көп тарту-таралғымен оларды отанына қайтарыпты. Біраз жыл өтіп, Афинада балықшылар су түбінен “Кемеңгерге” деген жазуы бар алтын тостаған тауып, қазылар алқасына әкелгенде, халық жиналысында әлгі қыздар өздері бастан кешкен тағдырды айтып, Биантты кемеңгер деп бағалайды. Қазылар тостағанды Биантқа жібереді. Бірақ Биант жазуды көріп, кемеңгер мен емес, Аполон деп, тостағанды қабылдамай қойыпты.
Алиатт патша Приена қаласын қоршаған кезде, Биант екі қашырды жемдеп, патшаның шатырына қарай айдап жібереді. Қашырды көрген патша “малдары мынандай семіз, қоршауда жатса да күйзелмейтін не деген бай ел!” деп қайран қалады. Тілдеспекке елші жібереді. Биант құмды жота ғып үйіп, үстіне бидай себеді де елшіге көрсетеді. Астығы көп екен деп ойлаған патша приеналықтармен бітімге келеді. Кейін патша Биантты өзіне шақырғанда ол: “Алиатт пиязға тойсын!” /көзінен ащы жасы ақсын/ деп жауап қайтарыпты.
Замандастарының айтуынша, сот алдындағы сайыста оны жеңу мүмкін болмаған. Бірақ ол өзінің шешендік құдіретін тек игі мақсатқа, әділет жолына жұмсаған. Гиппонакт оны:
“Қазылыққа жүгінер тартыс туса бұл күнде,
Приеналық Биантты сөзден тосу мүмкін бе!”
деп мадақтаған.
Бианттың уақыт елегінен екшеліп бізге жеткен даналық сөздері әлі де өзінің құндылығын жойған жоқ.
* Кемеде жүзіп бара жатқандар тірінің де, өлінің де есебінде жоқ.
* Бақытсыздыққа төзе алмаған адам – бақытсыз.
* Ең жақсы ақылшы кім? – Уақыт.
* Ең тәтті не? – Үміт.
* Рақат іс не? – Тапқан табыс.
* Не қиын? – Басқа іс түскенде сабырмен төзу қиын.
* Нәрсізді байлығына бола мақтама.
* Жаман адам қайда да көп.
* Күшім жетіп алдым деме,
Құдай сәтін салды де.
* Іс бастауға асықпа, қолға алдың ба, тістей қат.
* Асықпай сөйле, аптыққан – ақымақтың белгісі.
* Күшке салма, сеніммен жүрегін жаулап ал.
* Құдай туралы айтқанда, оны бар деп қана айт.
/Оның қандай екенін білу пенденің пешенесіне жазылмаған/.
* Жастықтан кәрілікке азық қып ақылды ғана ал, өйткені одан қайырлы байлық жоқ.
* Өмірді кесіп-пішкенде алдағы ғұмырың әрі аз, әрі көп қалғандай есепте.
* Достарыңнан гөрі қастарыңның арасындағы дауға билік айт, өйткені ондай істен кейін досыңның бірі қасқа, қасыңның бірі досқа айналады.
* Бітпес іске білек сыбанушы көп.
* Ақыл-парасатқа табын.
* Бір күні ылғи алаяқ зұлымдардың арасында кемемен жүзіп келе жатады. Кенет дауыл ұйтқып, жанындағылар улап-шулап құдайға жалбарына бастайды. Сонда Биант: “Жап ауыздарыңды! – деп айғай салыпты. – Әйтпесе құдай сендердің мұнда екендеріңді біліп қояды!”
* Алаяқтың бірі ізгілік деген не деп сұрайды. Биант үндемейді. Анау неге үндемейсің дейді. Сонда Биант: “Себебі сен өзіңе қатысы жоқ нәрсені сұрап тұрсың!” деп жауап беріпті.
Биант бұл айтылғандармен қоса Ионианың көркеюіне арнап екі жүздің үстінде өлең жазған. Оның өлімі де қызық. Әбден қартайған кезде әлдекімді қорғап сотта сөз сөйлейді. Сөйлеп болған соң немересінің кеудесіне басын сүйеп отыра кетеді. Қарсы жақтың да пікірін тыңдап, безбендеген қазылар Биант қорғаған кісінің ісін ақ деп үкім шығарады. Ел тарағанда, Бианттың немересінің кеудесіне басын сүйеген күйі жан тәсілім еткенін көреді. Эллада жұрты ұлы ойшылды зор құрметпен соңғы сапарға аттандырып салады. Оның қабірінің басына:
“Приенада туып-өсіп,
жалпақ елге болып еді ырыс-бақ.
Бұл тақтаның астында,
Ионианың шамшырағы
Биант жатыр тыныстап”, —
деп екі жол өлең жазылған.
Т.Сәукетаев