АРИСТИПП

АРИСТИПП

Аристипп – шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 430-355 жылдар аралығында ғұмыр кешкен грек ойшылы. Кейде оны немересімен шатастырмау үшін философия тарихында Үлкен Аристипп деп те атайды. Көне Элладаның Кирена шаһарында туып өскен. Әуелі Протагордан тәрбие алып, кейін Сократтың даңқын естіп, Афинаға келеді, оның дәрісін тыңдап, ақыл-парасаты кемелденеді. Фенийдің жазуы бойынша, софистикадан дәріс оқығанда ол Сократ шәкірттерінің ішінде бірінші боп тыңдаушылардан ақы алатын болған. Жиған ақшасын ұстазы Сократқа жіберіп тұрған.
Ол киреналықтар мектебінің негізін салды, олардың ілімі бойынша, адам үшін ең жоғарғы игілік жан ләззаты, рақат деп есептелінді. Ізбасар шәкірттерінің ішінде айрықша көзге түскен өзінің қызы Арета болды, ол ұстаздық қызметке қатты ден қойып, кейін өзінің ұлы Кіші Аристиппті де философияға баулыды.
Аристипп ләззаттану, рақатқа бөлену сезімін бәрінен жоғары, бәрінен асқақ санап, оны өзінің басты қағидасына айналдырған.
Өзі де малынып әдемі киініп, сән-салтанатпен бекзадаларша өмір сүреді. Саяхат құрып, дүниенің төрт бұрышын армансыз аралаған. Ол әр нәрсені орнымен байыптап, кімнің болсын тілін табуға шебер еді. Сол аңғарымпаз, ептілігінің нәтижесінде патша сарайында зор құрметке бөленді, яғни ол сол сәттегі кез келген мүмкін нәрседен рақат таба білді, қолға түспестен рақат іздеп әуре болған жоқ. Сол себепті Диоген оны “патшаның төбеті” деп жек көрген.
Бір күні Аристипп малайға елу драхм беріп, шіл сатып әкел деп бұйырады. Әлдекім оның бұл жомарттығын жазғырса керек. Аристипп оған: “егер шіл бір тиын тұрса, алар ма едің?” дейді. Анау алатынын айтады. Сонда Аристипп: “Мен үшін елу драхм бір тиыннан қымбат емес!” депті.
Бірде өтіп бара жатып Диогеннің көкөніс тазалап отырғанын көреді. Қырыс мінез шал мырс етіп: “Егер мынандайды тамақ ете білсең, патшаға қызмет етіп әуре болмас едің!” дейді. Сонда Аристипп: “Егер сен мен сияқты кісімен тіл табыса білсең, бүйтіп көкөніс тазалап отырмас едің!” деп жауап қатыпты.
Аристипптің ешқандай шығармасы сақталмаған, тек Диоген Лаэрций, Эсхин, Ренийлердің жазбалары, сондай-ақ Сократ, Протагор т.б. туралы естеліктердегі Аристиппке қатысты айтылған пікірлер арқылы ғана там-тұм деректер бізге жетіп отыр. Құм ішіндегі алтынның сіркесіндей жылтыраған сол азын-аулақ қазынаның өзінде-ақ ұлы ойшылдың пенделік тағдыры мен рухани бітім-болмысының іздері сайрап жатыр.

* Аристипп Коринф аралына кемемен жүзіп келе жатқанда жолда дауылға тап болып, қатты зәресі ұшыпты. Қасындағы біреу: “Біз, міне, қарапайым адам, былқ етпейміз, ал сендер, философтар, неге мұнша қорқақсыңдар?” деп мысқылдапты.
Сонда Аристипп: “Екеуміз де өз жанымызды ойлаймыз, бірақ жанымыздың бағасы бірдей емес қой!” депті.

* Бірде досына ара түсіп Дионисийден кешірім сұрапты, сөзі өтпеген соң патшаның аяғын құшып жығыла кетіпті. Көріп тұрған біреу мысқылдап күлсе керек.
Сонда Аристипп: “Менің кінәм жоқ, Дионисий кінәлі, құлағы аяғына бітсе, мен не істейін енді!” депті.

* Дионисий патша бірде үш кәнизактің бірін таңда деп ұсыныс айтқанда, Аристипп: “Үштің бірін таңдайым деп Парис опық жеген!” деп үшеуін бірдей алып кетіпті: Есік алдына әкеп қайта қоя беріпті. /Парис, көне грек мифологиясында, Троя патшасы Приамның баласы. Зевс оған Гера, Афина, Афродита арасындағы сұлулық туралы таласқа қазылық айтуды жүктейді. Парис сұлулық тәңірісі деп Афродитаны таниды. Сөйтіп қалған екеуінің өшпенділігіне ұшырайды. Афродитаның қолдауымен Спарта патшасының әйелі – Елене сұлуды алып қашып, үйленеді. Бірақ Гера мен Афинаның қастандығы нәтижесінде Троя патшалығы соғыс барысында жермен жексен күйрейді/.

* Дионисий бетіне түкіргенде үндемепті, мұны көрген біреу “намыссыз!” деп тіл тигізгенде Аристипп: “Балықшылар кішкентай шабақ үшін теңіздің бұрқасынына бетін тосады, ал мен үлкен балық ұстағалы отырып сілекейдің шашырандысына шыдамаймын ба!” депті.

* Сократтың ізбасары бола тұрып, шәкірттерден ақы алғаны үшін айыптағанда Аристипп: “Неге алмаймын! – депті. – Рас, Сократқа нан мен шарап әкелгенде, ол азғантай ғана алып, қалғанын қайтарып жіберетін, өйткені оның дұрыс тамақтануына Афинаның күллі игі жақсы азаматы қамқорлық жасады, ал менің қамымды ойлайтын тек Евтихид малай ғана”.

* Философтардың басқалардан артықшылығы неде деп сұрағанда Аристипп: “Егер бүкіл заң жойылып кетсе, тек біз ғана бұрынғыша өмір сүре береміз” деп жауап беріпті.

* Философиядан не пайда таптың деп сұрағанда: “Кез келген адаммен батыл сөйлесуді үйрендім” депті.

* Біреу философтарды ылғи да байлардың есік алдынан көретінін айтыпты.
Сонда Аристипп: “Дәрігер де ауырудың үйіне келеді емес пе. Оның үстіне, кез келген адам ауру емес, дәрігер болғысы келеді” депті.

* Бір күні Аристипп бірнеше баламен бірге кәнизактің үйіне кіргенде, баланың бірі қызарып кетіпті.
Сонда Аристипп: “Кіру ұят емес, шығып кетуге дәтің жетпесе, сол ұят!” депті.

* Білімім көп деп мақтанған біреуге Аристипп былай депті: “Тамақты көп ішкен адамның денсаулығы тамақты талғап жеген адамның денсаулығынан мықты емес. Сол секілді, көп оқыған емес, көп тоқыған адам – ғалым!”

* Сотта өз мүддесін қорғайтын кісі жалдағаны үшін кінәлағанда Аристипп: “Онда не тұр, қонақасы берерде аспаз да жалдаймын емес пе!” депті.

* Бір күні Дионисий философиялық бірдеңе айт деп Аристипптен талап етеді.
“Қызық екен! – дейді Аристипп, – өзің менен қалай сөйлеуді үйреніп жүріп, маған қашан сайрау керек екенін үйретпексің!”
Бұл сөзге ашуланған Дионисий оған үстелдің ең шетіне барып отыруға бұйырады.
Сонда Аристипп: “Бұл орынға соншалық құрмет көрсеткің келе ме?” депті.

* Ақылды мен ақымақтың парқы қандай деп сұрағанда Аристипп: “Екеуін тыр жалаңаш шешіндіріп, бөтен біреудің алдына жібер, сонда білесің!” депті.

* Біреу Аристиппті кәнизакпен тұрасың деп жазғырыпты. “Бұрын біреу тұрған үйге кірдің не, ешкім тұрмаған үйге кірдің не – бәрібір емес пе?” деп сұрайды Аристипп.
“Иә, бәрі бір” дейді анау.
“Сондай-ақ, мыңдаған адам жүзген кемемен жүздің не, ешкім отырып көрмеген кемемен жүздің не – бәрібір емес пе?”
“Әрине, бәрі бір”
“Ендеше, көп еркек қызығын көрген әйелмен тұрдың не, бір еркек жуымаған әйелмен тұрдың не – бәрібір емес пе!” деп жауап беріпті Аристипп.

* Надан болғанша қайыршы бол:
Қайыршының ақшасы жоқ, қолы қысқа, тарылған.
Ал надандар адамдық кейпінен айырылған.

* Аристипптен білімді мен білімсіздің айырмасы қандай деп сұрағанда: “Бас білмейтін асау мен үйретілген аттың айырмасы қандай болса, сондай” деп жауап беріпті.

* Бір күні біреу оны боқтайды. Аристипп теріс бұрылып кетеді. Анау соңынан қуып жетіп: “Неге кетіп барасың?” дейді. Аристипп сонда: “Сенің боқтауға хақың болғанда, менің тыңдамауға хақым жоқ па?” депті.

* Сотта Аристиппті қорғап сөйлеп, жеңіп шыққан шешен: “Сократ саған не жақсылық жасады?” деп сұрайды.
Сонда Аристипп: “Мені жақтап сөйлеген сөзіңнің бәрі соның арқасында шындық болды!” деп жауап беріпті.

* Біреу баласын оқытуға алып келеді. Аристипп ақысына бес жүз драхм сұрайды. Баланың әкесі: “Ондай ақшаға құл сатып алмаймын ба!” дейді. “Сатып ал, – дейді Аристипп. – Бір емес екі құлың болады!”

* Достарымнан ақшаны өзім үшін алмаймын, қалай пайдалану керектігін үйрету үшін аламын.

* Жүзе білем деп мақтанған біреуге Аристипп: “Балықтың да қолынан келетін іске мақтануға қалай ұялмайсың!” депті.

* Біреу қанша ішсем де мас болмаймын деп мақтаныпты.
Аристипп: “Есек те сөйте алады!” депті.

* Біреу оның алдындағы жайнап тұрған неше түрлі тағамды көріп, ысырапшыл шашпалығын бетіне басады. Аристипп: “Осының бәрін үш тиынға берсе, бас тартар ма едің?” дейді. “Әрине, жоқ” дейді анау. Сонда Аристипп: “Демек, саған менің рақатымнан гөрі, ақша қымбат екен!” депті.

* Сократ қалай өлді деп сұрағанда: “Мен қалай өлуді қалаған болсам, солай өлді” депті.

* Аристипптің малайы көп ақша көтеріп келе жатып жолда шаршапты.
Сонда Аристипп: “Көтергеніңше ал да артығын таста!” депті.

* Бірде теңізде жүзіп келе жатып, мінген кемесінің қарақшылардікі екенін біліпті. Аристипп дереу ақшасын ап санапты да: “Алтын үшін Аристипп өлгенше, Аристипп үшін алтын өлсін!” деп байқатпай теңізге тастай салыпты.

* Дионисий неге келдің деп сұрағанда, Аристипп: “Ақыл қажет болғанда Сократқа барушы ем, ақша керек болған соң саған келдім” – депті.

* Ақылды балаларды неге баулу керек деп сұрағанда: “Үлкейгенде өздеріне пайдасы тиетін іске баулу керек” деп жауап беріпті.

* Әлдекім оны Сократты тастап, Дионисийге кетіп қалдың деп сөккенде Аристипп: “Сократқа ғылым іздеп бардым, Дионисийге қызық іздеп келдім”, – депті.

* Аристипп дәріс оқып көп пұл тауыпты. Сократ: “Не үшін саған мұнша көп төлейді?” деп сұрапты. Сонда ол: “Не үшін саған аз төлесе, маған сол үшін көп төлейді” депті.

* Дионисий Аристиппке – ақша, Платонға кітап беріпті. Мысқылдап күлгендерге Аристипп: “Демек, Платонға – кітап, маған ақша қажеттірек болғаны!” депті.

* Дионисий неге саған риза емес деп сұрағанда: “Өйткені басқаның бәрі Дионисийге риза емес” депті.

* Аристипп бір күні Дионисийден ақша сұрапты. Анау: “Данышпанда мұқтаждық болмайды дейтінің қайда?” дейді. “Ақша берші, ол мәселе туралы содан кейін сөйлесеміз” дейді Аристипп оның сөзін бөліп. Ақшаны алған соң: “Міне, көрдің бе, менде енді расында да мұқтаждық жоқ!” депті.

* Аристипп Эсхинмен ренжісіп қалыпты да, біраз уақыт өткен соң оған: “Дүрдараздықты қойып, татулассақ қайтеді, – деп ұсыныс жасапты. – Әлде сен біреудің шарапханаға шақырып татуластыруын күтіп жүрсің бе?”
“Мен дайынмын”, – дейді Эсхин.
“Ендеше, жасым үлкен болса да кішірейіп, мәмілеге бірінші шақырғанымды ұмытпа!”
“О не дегенің! – дейді Эсхин тәнті болып, – Уәжің орынды, жөнге жығылдым: Мен қастықтан аспадым, сен достыққа бастадың”.
Алыс жұлдыздың ұшқыны іспетті ғасырлар қойнауынан сыздықтаған ұлы кемеңгердің осы тақылеттес жауһар ойлары бүгінгі ұрпақтың да көкірегін сәулелендірері сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *