АНАХАРСИС
Біздің арғы бабаларымыз – сақтарды ертедегі Еуропа жұрты скиф деп атағаны белгілі. Анахарсис сол скиф тайпасынан шыққан. Қазіргі жыл санауымызға дейінгі шамамен 638 жылы туып, 559 жылы қайтыс болған. Ақын, ақыл-парасатымен дүниеге даңқы шыққан данышпан, яғни ақыл-ой алыбы ретінде Солон, Фалес, Сократ, Платондармен қатар әлемдік тарихқа аты алтынмен жазылған біздің ең алғашқы бабамыз. Диоген Лаэрцийдің айтуы бойынша, Анахарсистың әкесі – Гнур, ағасы Кадуид – Скиф патшасы, анасы Эллада елінің қызы, сол себепті екі тілге жетік болады. Көсіліп шешен тілмен еркін сөйлейтіні сонша, көне грек жерінде сұңғыла ділмар адамды “скиф сияқты сөйлейді!” деген сөз мәтел боп содан қалған.
Анахарсис скифтер мен элладалықтардың тұрмыс салты, соғыс дәстүрі туралы сегіз жүз жолдық өлең жазған.
Сосикрат пен Гермипп сияқты жылнамашылардың мәліметіне сүйенсек, Анахарсис қырық сегізінші олимпияда қарсаңында Афинаға сапар шегеді. Солонның үйіне барып, есіктегі құлдың біреуін шақырып алады да, “қожайыныңа: Анахарсис келіп тұр, мүмкін болса, мейман боп достасқысы келеді”, – деп айт дейді. Мұны естіген Солон құлына: айтып бар анаған, әркім досты өзінің отанынан іздейді, – дейді. Сонда Анахарсис қолма-қол: Солон өз отанында тұрған жоқ па, ендеше неге достан қашады, – деп жауап қайтарады. Тапқырлығына тәнті боп сөзден тосылған Солон оны құрметтеп күтіп, ақыр аяғында айнымас дос болады.
¥зақ жылдар грек кемеңгерлерімен қанаттаса жүріп, даналық ойдың заңғарына көтеріліп әбден кемелденген соң туған жерге оралады; бірақ элладаның өмір салтына деген өзінің ұлы сүйіспеншілігін ұмыта алмайды, гректерге тән діни нанымдарды жасырын тұтынады. Ақыры қандастарының көзтүрткісіне ұшырап, ата дәстүрін аяққа басты, пиғылы жат деген күншілдікпен, саят құрып жүрген кезде ағасының жебесінен опат болады. Көзі жұмылып бара жатып: “Элладада ақыл мені жебеп еді, отанымда қызғаныш түбіме жетті” дейді.
Анахарсис – озық ақылымен өз ортасына өгей болған қасіретті тұлға. Қанша ықылым заман өтсе де ол айтқан даналық ойдың шырағын уақыт желі тарих жадынан өшіре алған жоқ.
* Бұл Элладада сайысқа нағыз майталмандар қатысып, ал оларға май басып шайқалғандар төрелік ететіні ғажап екен!
* Маскүнем болмау үшін не істеу керек деп сұрағанда: “Маскүнемнің жиіркенішті бейнесі көз алдыңда тұрсын!” деп жауап беріпті.
* Элладалықтардың қатыгездікке қарсы заң шығарып, ал сайыскерлерді бірін-бірі қан қылғаны үшін марапаттайтыны қызық!
* Элладалықтардың тойдың басында шарапты кішкентай тостағанмен ішіп, лықа тойып алған соң үлкен ыдыспен сіміретініне қайранмын!
Кеме тақтайының қалыңдығы төрт елі екенін біліп ол: “Кемедегілер ажалдан төрт елі жерде жүр” депті.
Тірі көп пе, өлі көп пе деп сұрағанда: “Кемеде жүргендерді қайсына жатқызамыз?” деп сауал қойыпты.
Қандай кеме қауіпсіз деп сұрағанда:
“Жағада тұрған кеме” деп жауап беріпті.
“Көргенімнің ішіндегі ең ғажабы – элладалықтардың түтінді тауға қалдырып, отынды қалаға алып келетіні!” депті /көмір туралы/.
Элладалықтар сыбызғы тарту үшін әуелі шарап ішіп мас боп алады екен.
Біреу скифтерде сыбызғы бар ма деп сұрағанда: “Сыбызғы түгілі жүзім де жоқ!” депті.
Афиндық біреу оны скиф деп кемсіткенде: “Мен отаным үшін ұяламын, ал сен үшін отаның ұялады!” депті.
Базар – бірін-бірі алдап, тонау үшін әдейі жасалынған жер.
Оның қабірінің басындағы құлпытасқа “Тіліңді, нәпсіңді, құлқыныңды тый!” деп жазылған.
Т.Сәукетаев