Жетек деген көрегенге жолыққан шұбартаулық ақылгөй Байқотан:
– Қияннан асқан бар ма, арқардың ізін басқан бар ма, Ұлытауға шыққан бар ма, ұлардың үнін ұққан бар ма? Соны іздеп келемін, – депті.
Сонда Жетек:
– Е, сенің іздегенің менің іздегенімнен де қиын екен. Мен адам – адам болса екен, ардан безбесе екен, намыстан қашпаса екен, ерлікке бастаса екен, елдің шырқын бұзбаса екен, сөз тыңдаусыз болмаса екен деп, соны іздеп барам. Бұрынғылар айтқан екен, дүниеде орны толмас үш жетім бар: «Ел басшысыз болса, жер жаңбырсыз болса, сөз тыңдаусыз болса жетімсіз» деп. Менің бара жатқаным да сол, – депті.
***
Қаз дауысты Қазыбек: «Байқотанға сәлем айт, жерінде тобылғы көп деп еді, соның ішінен қамшыма сап боларлық тобылғы беріп жіберсін», – деп кісі салыпты, Байқотан бір тұтам тобылғының сыртқы сұрғылт түгін қырып, жақсылап майлап, шоққа қыздырып, қыпқызыл етіп, қағазға орап, шәйі орамалға түйіп, келген кісінің қолына берсе, анау аларалмасын білмей көп тұрыпты. Сонда Байқотан оған: «Жетелі құл арытпас, жетексіз құл жарытпас» деген. Қазының менен сұрағаны – осы. Жоғалтпай алып барып, табыс ет», – депті. Түйіншекті Қазының қолына табыс еткенде, ол түйіншекті шешіп, ішінде жатқан бір тұтам қыпқызыл тобылғыны көріп: «Ішегін ішіне тартып тұрғанын қарашы, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген, шіркін тұлпар болып туған, жұмбағының түйінін өзіне айтқызалық, қашық демесін Байқотан», – деп Қазыбек кісі жіберіпті.
Нөкер жасап, салтанатпен келген Байқотан: «Азғынды қуып тозғанға жолықпа, туыс іздеп достан кетпе, тауға шығып айғайлама, ойда тұрып бақырма, жүнің қызыл, түгің аз, қызығарлық дұшпан көп, бас аяғың бір тұтам, басқара біл тұтамдап. Айбар шекпе алыстан, күшің қайтар қарысқан, түртіп қалып оятпа, үңгірде жатқан арыстан, қал үзіп, сіңір шығарар, байқамай қалып алыссаң! Мұз төсеніп, қар жастан, қалыспаған алыстан, ойға мініп, сабырды ту ет», – дегенім еді депті («Ел аузынан»).