Ыстықкөл сапарының күнделігі
(үзінді)
«…Санташ – санаулы тас. Бұл асудың бұлай аталуына себеп болған бір қорғанға үйілген тастар. Қорғанның биіктігі 3 сажын, айналасы 35 сажын. Аңыз бойынша, Әмір Темір Гурган Қытайға император Каан Чинның қызын алу үшін сапар шегеді (Каан чин Қытай императорының титулы [түркіше басқаша], Хаканчин – Қытай императоры [титул], қазақтар оны жалқы есім қып алған). Әмір Темір әр жауынгері қолына бірбір тастан алып, бір жерге үюге бұйрық етеді. Кейін қайтқан жолында ол енді тасты алып, келесі жерге үюге әмір етеді. Қалған тастарға қарап, қанша әскер жоғалтқанын шамалайды. Сол қорғанның орны қазір де бар.
Тарихи мәліметтер бұл аңызға мүлдем қарамақайшы. Әмір Темір шын мәнінде Қытайға сапар шеккен, бірақ Самарқандтан шығып, Отырарға 24 жеткенде қаза тапқан. Десек те, орта ғасырлардағы батырлық жырлардағы Ұлы Карл мен орыс ертегілеріндегі Владимир Красное Солнце сияқты барлық ортаазиялық аңыздарда Әмір Темір – басты қаһарман. Түркістанның барлық мешіттерін, көне су құбырларының барлығын Әмір Темір Сайыпқыран (әлемнің билеушісі) салдырған деседі. Қалай болғанда да, Санташ қорғанын қалау үшін көп адам мен көп еңбек қажет болған және ол келер ұрпаққа [осында] бұрын өткен халықтың өмірінен сыр шертетін ескерткіш.
Айтпақшы, Қарқара өзенінің атауы туралы тағы бір аңыз. Қазақтар қалмақтарды шапқан бір жорықта осы өзеннен… екі жас қызын ұстап алады. Олардың ауылы жаңа көшіп жатыр екен. Олар осы жерде қалып, өздерін ретке келтіріп, көшке сәнді киіммен бармақшы болған. Олардың бастарында құстың қауырсын қанаттары болады. Қазақтар оны қарқара деп атайды. Содан бері өзен Қарқара атанып кетіпті дейді аңыз.
(Ш. Уәлиханов)