Ауыздығымен алысқан тор төбел де ыршып кетті. Дала сырына қанық қу бала Еркебұланмен қатарласа беріп:
– Қасқыр шоқаққа салыңыз… Сонда ат дүбірі естілмейтін болады, – деді.
Бұлар жолдан бір шақырым алыстамайақ қуғыншылар қала жолымен ағып өтіп кетті. Содан кейін қуғыншылар да, қашқындар да біріненбірі адасып қалды.
Ана белдің астында деген қыстауды Қайсар әлі таба алмай келеді. Улыкөл де жоқ, Қисық там да жоқ. Түн қараңғылығы қоюлана түсті. Қалай кетіп барады, бет алыстары қай жақ, оны екеуі де біле алмай келеді. Қайсар адасқанын сезінген сайын қысылып, қысылған сайын тақымын да қысыңқырап қоятын сияқты. Меңіреу дала бір дыбыс бермейді. Бір от жылт етпейді.
Аспаннан да бір жұлдыз жылт етпей қойды.
– Аға, мен адастым.
– Ештеңе етпес. Таң атқанша бір елге кездесерміз. Енді қасқыр шоқағыңды қойып, сары аяңмен отырайық. Әйтпесе, жапан түзге шығып кетерміз… Мына торы ат сол жағына қарай ығыса береді. Осының еркіне жіберсек, бір ауылға апармас па екен?
Қосарлана шапқан ат дүбірі қақ жолға түскен соң тіпті айқындалып келеді.
– Ойбау, мынау ырсылдақ – қараның шабысы! Ол жетпей қоймайды. Иттің малы, алдынан келсең – тістеп, артынан келсең – теуіп, жолатпап еді! Екі қолтығында екі тесігі бар…
Ентігу дегенді білмейді! – деді Қайсар.
– Тесігі бар деген немене?
– Кәдуілгі дем алатын ше! Оны жұрттың бәрі біледі.
– Енді қайттық.
Тірі адамның жүзінде де екіүш түрлі сезімнің белгілері бола береді екенай! Байғұс бала неден қорқып, неден қуанды екен? Аз күлімсіреген көзіндегі мұң елесі неден түсті екен? Өзімшіл көңіл «сен үшін қорықты, сен үшін қуанды» дегісі келеді. Ақын ойын аяқтатпай, Қайсар бөліп кетті.
– Аға, жырық қараны бауыздап жібердіңіз бе? – деді.
– Ә?..
Бала жігіттің батыл сұрағына Еркебұлан таңданып қалды.
– Жырық қараны деймін, бауыздап жібердіңіз ғой?
– Жоқ, алақанның қырымен ұрдым.
– Содан өліп кетті ме?
– Өлген жоқ, талып кетті… Бір минутқа жетпей есін жияды.
– Қап!..
– Неге, қап?
– Өліп кеткені жақсы болатын еді. Ол – талайды өлтірген жол тонаушы. Найзамен бірақ түйрейді екен. Бірақ енді ол ақсақ болып қалатын шығар… Тақымына от жабысқанын сезген жоқ.
Сіңірі күйсе болды ғой!…
(Ғ. Мүсірепов)