…Кәрі аңшы Ақшегірдің томағасын тартып, үндемей тасқа шүйіліп отыр еді. Бір мезгілде алыстағы қағушының айғайы естілді. Ақшегір елең етіп, барлық үлкен денесі екі ғана отты шегір көз болғандай болып, қызыл тасқа шаншылып, қадалып қалды. Артынан аз уақытта аңшының қолынан атып жөнелді. Сол кезде қызыл тастың аңшыларға қараған қарсы беттегі бір жарықтан түлкі етекке қарай шұбатыла берді. Ақшегір аңшылардан бұрын қабат тастың арасынан қылп еткен жонын көрген екен. Денесі ыстық оттай қайнаған шыдамсыз қыран жай отындай жарқ етіп, аспанға шықты. Етекке түсе алмай асығып, қарбаласып қалған түлкі ежелгі кекті жауын кең жерге шығып тоса алмай, қызыл тастың қия бетіне құйрығын шаншып, керіп тұрып қалды. Майданға шығып, қызықтырып тұрған жерін көрген қыран айналып, аспандап көтеріле берді. Аспандаған сайын жынын шақырған қара бақсының қабағындай төңкеріліп, қайтақайта түйіліп, көтеріліп, күші мен ызасын жиып жүрді. Аяғында жерге қарсы қасқарып, төсін төсеп, бір екпіндеп көтеріліп алып, бетін бұра сала түлкіге қарай шаншыла жөнелді (М. Әуезов. «Бүркіт аңшылығының суреттері»).
«…. Сол уақытта тағы да Баймағамбеттің «кеу» деген жіңішке, қысқа белгісі тас арасында жаңғыра шықты. Қарашолақ ытқи жөнелді. Бұл жолы ызалы ынтамен, қос қанатын ширақ сермеді. Шапшаң оралып, аз аяда ширақ айналып, қос қанатын қыса сермеп, екі-үш дөңгеленіп, биіктеп алды. Енді Тұрғанбайдың алдындағы құздың бауырына қарай қос қанатты аспанда бір қайшыландырып жіберіп, топшысын үшкірлеп лезде құдия жөнелді. Тұрғанбай үн қатқан жоқ еді» (М.Әуезов. «Абай жолы»).