БІЛІМ МЕН БИІККЕ, ТƏРБИЕ МЕН ТАҒЫЛЫМҒА ЖОЛ СІЛТЕГЕН ТІЛЕУЖАНОВТАР ӨНЕГЕСІ
Р.Б. Сұлтанғалиева
Профессор Мəтжан Тілеужанов туралы естелікті əкем Бекжан Ақшаұлының жазбаларынан бастағанды жөн көремін. Тілеужановтар əулетінің өнегесі ең алдымен менің əкеме септігі тиді деп ойлаймын. Əкем Бекжан Ақшаұлы бастауыш сыныптан бастап апасы Жəрия Əйтімқызы мен жездесі Мəтжан Мақсымұлының отбасында болған. Оқуын бітіріп, жұмысқа жолдама алғанша осы үйде болады. Одан кейін де, қаладағы келетін жері де осы үй. Əкемдер ол кезде Фурманов 15-үйде тұрған. Онда профессор Иванов, Сүйіншалиев, Медведов, Фокин, Беляевтар тұрған, сол үйге «осы кезге дейін жас кезімде өскен жерім ғой» деп барып тұратын. Əкем тұрған үйдің көршілері Пивнев, Мачевский сол жағында, бөлек пəтерде. «Осы үйге де ескерткіш тақта орнатса» деп отыратын.
«Профессор В. Иванов мені Капежан дейтін еді, маған күшік əкеліп беретін еді, өте балажан кісі еді. Аяғына киетін рабочая ботинка, тартатына махорка, бүтін көшені түтін у етіп келе жататын еді. Жолдасы химиядан сабақ берді. Қолында Фокин күйеу баласы тұратын. Біз сол үйде тұрғанда жездем Мəтжан Мақсымұлы институтты бітіріп, аспирантураға əзірленіп жүр еді. Мəкең институтты үздік қызыл дипломға бітірді, кезінде Сталиндік стипендиат атанды. Стипендия ұмытпасам, 700 сом. Ол кезде мұндай ақша көп ақша, студенттердің стипендиясы 20 сом. Өте еңбекқор еді. Айтатыны: «Өмір деген күрес» сөзі. Мəкең институтта бірер жыл сабақ беріп, аспирантураға түсті. Біз апам екеуміз 3 баламен қала бардық. Нанға кезек 1 км-ге жақын, кісі басына 1 буханка (кейде жарты кило), керосин тағы сол, отын жоқ, керосин жағамыз. Ағаш алып, жаездем екеуміз қысқа ағаш даярлайтынбыз.
Жездемнің мақалалары «Мəдениет жəне искусство» журналдарына шыға бастады. Біз де қуана бастадық. Ұмытпасам, қазақ əдебиетіндегі сатира, юмор тақырыбында кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады. Сонан көп жылдар филология факультетінің деканы болды. Ауыз əдебиеті материалдарын жинап Ғылым Академиясына тапсырды. Есімде, Қобыланды жырының басқа нұсқасын Ақтөбе жағынан жазып əкеліп, Академияға тапсырғаны. Қазақтың қолөнерін: сырға, моншақ, білезік, қыздардың мойындарына тағатын, бəйбішелердің қамзолдарына тағатын моншақтары, сырғалар, ер тұрмандар, қамшы, жүген, қолдан жасалған қылыштар, т.б біздің үйден де жинаған болатын. Көбін облыстық мұражайға, Алматыда этнографиялық мұражайға тапсырды. Осындай ескі мұраларды жинауға студенттерді қосты. Қазақ халқының ескі мəдениетін көрсететін заттарды Мороккоға апарып көрме ұйымдастырды. Сонда маған айтқаны: «Бешка! Ағылшын тілін білмегенім қиын болды, өте керек екен» — деді. Жездем Мəтжан Тілеужанов докторлық қорғағанда иститутта бірде-бір доктор болған жоқ. Жалғыз В. Иванов деген болды. Жездемнің еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, студент кезінен қалыптасқан бірбеткейлігі өз мақсатына жеткізді» [1, 30 б.], — деген болатын.
Тілеужанов шаңырағына келген əдебиетші ғалымдар, жазушылар туралы естеліктері бір төбе еді. Əкем математикамен толғанды, бірақ онымен шектелмеді. Əдебиетті сүйді, тарихты таныды, өлкетануға да бет бұрды. Оған себеп өскен ортасы, тəрбие көрген ордасы еді. Бұл, сөз жоқ, Тілеужановтар отбасы. Мүйізі қарағайдай ғалымдар, ақын-жазушылар, тарихшылар, өнердің алды болған тарландар Ақ Жайыққа бет бұрса, аттап өтпейтін шаңырақ. Жеке дара арнайы əңгіме дүкен құрмаса да, дастархан басындағы салиқалы əңгімелердің салмағы көп болғаны анық.
«Біздің үйге əдебиетші, тілші ғалымдар, ақын-жазушылар өте көп келетін еді.
Берқайыр Аманшин, Тахауи Ахтанов, Жұрғали Ертілесов, М.Шомбалов,
Ж. Молдағалиев,Ə. Құрышжанов, т.б. Бірде шай үстінде Т. Ахтановқа: «Сен неге келе бересің?» — деп сұрақ қоятын. Тахауи Ахтанов Сырым жөнінде материалдар іздеп жүретін. Сонда жездем: «Мені алдап отырсың, сенің Сырым жөнінде бір мақалаңды да көргенім жоқ» — деді. Тахауи: «Əй, мазамды шұқымай, беретініңді бер», деді. Тахауи Ахтанов маған өте жақсы адам ретінде көрінді. Аспай, саспай өз əңгімелерін, əзілдерді айтатын. Сол заманның абзал тұлғалары ғой олар» [1, 30 б.] деп отыратын.
«Мəкең қалыпқа сыймайтын еңбекқор адам еді» деген пікірін үнемі айтып жүретін əкем. «Шахматты өте жақсы ойнайтын. Бірде Самарада жоғары мектеп оқытушыларының шахматтан жарысы өтіп, бірінші орын алып келгені есімде. Мен ауылдан семинарға келіп жатыр едім. Екеуміз баяғы əдет бойынша кірісіп кеттік. Мен көбірек ұтып алдым. Маған алды да ренжіді. Сен ауылда жұмыс жасамай, шахмат ойнап жүр екенсің ғой деп. Ол кісі партияларды разбор жасайды. Мен жасамаймын. Күнде ойнағасын оның жүрістерін жақсы білемін. Шахмат партияларын қарамаймын. Сонда да қатардағы ойыншымын деп есептедім. Өйткені үлкен кісілердің көбін жеңетін едім. Жездем шахмат қиындыларын, есептерін қиып алып, жинап қоятын» [1, 30 б.].
Бірде əкем оқушы кезінде Құнанбай жөнінде шығарма жазып, «5» бағасын алып, жездесі қатты риза болады. «Бешканікі өте дұрыс» деп. Апасы Жəрия қатты ашуланған екен «феодалсың» деп. Жездесі болса миығынан күліп, «артық адамды табарсың» деген екен…
«Мəкең балаларына тəрбие берген көрегенді əке. Менің де болашағыма əсер етіп, оқытып, ұядан ұшырған Мəкең еді. Жақсылық шарапаты деген осы шығар!» [1, 30 б.] деген жылы естелігін əкем дүниеден өткенше айтып өтті.
Өз басым əкемдей естелік жаза алмасым анық. Мен жездеміз Мəтжан Мақсымұлын балабақшаға баратын, бастауыш сыныпта оқыған кезімде көргем. Жазғы демалыс кезінде қалаға келетін бір үй, ол – Тілеужановтар шаңырағы болатын. Қалада басқа туыс болғанын да білмеппін. Көп болмасам да, бір аптаның өзі көпке татитын. Ол кісінің қыдыртқаны, Достық даңғылымен университетті бір айналдырып келетін. «Бұл – қаламыздағы білімнің қара шаңырағы, тарихы тереңде. Студенттер білім алады. Мамандық алғасын, мектепке барады, мұғалім болады, ғылымға құлшынысы барлар аспирантураға кетеді, ғылым жолына түседі» дейтін. Ол сөздердің парқын сол кезде көп түсінбеген де болармын. «Мен кілең бестік алып жүрмін, аспирант бола алам ба?» десем, ол да аздық етеді, еңбекқор болуың керек, білімге де, ғылымға да адал болғаның ең бастысы дейтін. Аспирант сөзінің байыбына бара қоймасам да, балалық кезімнен есімде қалғаны рас…
Сол демалыс уақытында кітап оқытатын. Үлкен кітаптарды алып жатқанда сөреден, жылағым келетін. Мыналарды бітіру мүмкін емес қой деп… Кешкісін сұрап отыратын оқығанымды. Ойынан шығып айтсам, риза болатын. «Вот, Султангалиева, жарадың!» деп күлдіріп те отыратын. Тегімді орысша атауының да себебі бар. «Сен осы фамилияңды білесің бе?» дегені бар бірде, тақылдап тап куəлігімдегідей айтқаным.
«Ауылда тұрады, фамилиясын орысша айтады өзі» деп ренішін білдіріп тұратын.
Мен есейген уақытта ол кісі өмірден озған болатын. 7-сыныптан кейін С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепинтернатына келгенде, ол үйге үнемі барып тұратынмын. Мəтжан Мақсымұлы кабинетіндегі толған кітаптарды көріп, тан қалатынмын. «Қазақ тілі мен əдебиеті» бағытын таңдағандықтан, түгел оқуға тиіс кітаптар екенін біліп. Маңызды дегендерін оқуға тырыстық. Университетке түскенде осы кітаптардың біраз көмегі болды. Алғашқы сабақтардың өзінде университетте дəріс берген ұстаздарымыздың ықыласына бөлендік. Мектепте жүргенде академик З. Қабдоловтың «Сөз өнерін», Қ. Жұмалиевтің «Əдебиет теориясын», М. Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз əдебиеті», сын
саласын зерттеген Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, М. Қаратаев, С. Қирабаев, Т. Кəкішұлы секілді ғалымдардың зерттеу еңбектерімен профессор Мəтжан Тілеужанов кітапханасында танысқан болатынмын. Ұстазым, рухани əкемдей боп кеткен Серік Мақпырұлы дəріс сабағының өзінде сөйлететін «Əдебиеттануға кіріспе» пəнінен. «Халық ауыз əдебиетінен» ф.ғ.д., профессор Н. Ғабдуллин дəріс оқитын. Сүйікті ұстазым болды, мен де ол кісіге сүйікті шəкірт болуға тырыстым. Нығмет ағай менен қай жақтан екенімді сұрады бір күні. «Көкшетау жақтың баласы ма деп жүрсем, Оралдың қызы боп шықтың ғой…» деді. Оралда халық ауыз əдебиетін зерттеп, ауыз əдебиеті үлгілерін жинап жүрген, батыс өңірінде фольклорлық мұраны жинақтауға үлес қосып жүрген Мəтжан Тілеужанов деген ғалымды білетін боларсың деп сұрады. Ол кісімен таныс, туыс екенімді айтқаннан кейін, еңбектерін сұрады. Келесі сабаққа сол еңбектеріне дайындалып кел деп, тапсырма берді. Кітапханадан қолыма түскендерін алып, тыңғылықты дайындалып бардым. Профессор Мəтжан Мақсымұлының «Халық тағылымы» [2], «Ел əдебиеті» [3], «Астарлы əзіл» [4] зерттеулерін талдап, қысқаша баяндама жасадым. «Мықты ғалымдардың барлығы тек Алматыда емес, əр өңірде бар. Барлықтарың да осылай дайындалып келіңдер сабақ сайын. Сонда əр өңірден шыққан ғалымдардың зерттеулерімен танысасыздар» деді ағайымыз. Мен ең бірінші боп батыс өңірінен шыққан ғалымның зерттеу еңбектерін талдағаныма іштей қуанғаным есімде.
Профессор Мəтжан Тілеужанов білім алған университетте, ұзақ жылдар басқарған кафедрасына келгеніме сегіз жылдан асты. Ғылымның ордасы атанған Алматыдан жырақта болса да, Оралда отырып, сүбелі ғылыми зерттеулер жазып, ғылыми орта қалыптастырған ғалымдардың бірегейі болғанына артында қалған мол мұрасы дəлел.
Фольклорлық сараманды ұйымдастырып, батыс өңірінің халық ауыз əдебиеті нұсқалары мен қазақтың қолөнер бұйымдарын жинастырып, ұлттық жəдігерлерді ұлықтауда үлкен еңбек сіңірген ғалымдарымыздың бірегейі десек артық айтқандық болмас. Бүгінде М. Тілеужанов атында арнайы кабинет бар, ғалымның өз қолымен тапсырған мұралары сақтаулы. Жинаған қолөнер бұйымдары университетіміздің мұражайында. Ғалымның көзі тірісінде аталған бұйымдарды жинау мəселесінде сын көзбен қарап, қарсы шыққандардың болғаны жасырын емес. Алайда, уақыттың өзі дəлелдеді.
Ғалымның рухани мұраны жинақтаудағы түпкі мақсаты Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатқандай. М. Тілеужанов атындағы кабинетке тапсырылған жазбалары, ғалымның өзі жинақтаған халық ауыз əдебиетінің нұсқалары (батыс өңірі бойынша) сақтаулы болғанмен, зерделі көзбен қарап, зерттеу жүргізу əлі күнге дейін қолға алынбай келеді. Əдебиетші, фольклорист ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор М. Тілеужановтың туғанына 90 жыл толуына орай жоспарланған «Қазақ əдебиеттану ғылымы мен фольклортанудағы жаңа бағыттар жəне профессор Мəтжан Тілеужанов мұрасы» тақырыбында өткен республикалық ғылымитəжірибелік конференция, тағылымдық шаралар да ойдағыдай өтті. Аталған концеренцияда республиканың əр аймағынан келген ғалымдар мен профессор Мəтжан Тілеужановқа нағыз шəкірт болған ғалымның ізбасарлары сөз алып, қазақ ғылымында Мəтжантанудың жалғасатынына көз жеткізді. Оған ғалымның нағыз шəкірті, ғалым, ақын Мэлс Қосымбаевтың сөзі дəлел: «Қазақ ғылымында енді Мəтжантану басталады. Бұрын басталу керек еді. Игіліктің ерте-кешсіз сүйгілігі бүгінгі ғылыми конференция болсын». Солай болсын деп тіледік. Ғалымның аты да, хаты да жоқтаушысы, нағыз шəкірттері барда өлмейтіні анық.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Қазақ əдебиеттану ғылымы мен тіл білімі: жаңа бағыттары жəне оқытудың инновациялық технологиялары: аймақтық ғылыми-тəжірибелік конференция материалдары. – Орал. М. Өтемісов атындағы БҚМУ баспа орталығы, 2013. – 253 б.
2. Тілеужанов М. Халық тағылымы. – Алматы. Рауан, 1996.
3. Тілеужанов М. Ел əдебиеті. – Алматы. Ана тілі, 1992.
4. Тілеужанов М. Астарлы əзіл. – Алматы. Жазушы, 1978.