БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІНІҢ КƏСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ДАМЫТУ

БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІНІҢ КƏСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ДАМЫТУ

У.Т. Туленова,

Ф.М. Сұлтанғалиева

 

Қазіргі ғылым мен техника дамыған қоғамда білім беру жүйесінде кəсіби құзыреттілігі дамыған, бəсекеге қабілетті мамандарды талап етіп отыр. Білікті де білімді маман болу үшін — əр ұстаз өз білімін үздіксіз жетілдіріп, заман талабына сəйкес кəсіби біліктілігін үнемі үздіксіз жетілдіріп отыруы тиіс. Педагог оқытудың жаңа əдістерін барынша жетік меңгеріп, неғұрлым шығармашылығы жоғары болса, мұғалімнің кəсіби құзыреттілігі соғұрлым кең болмақ. Қазіргі заманауи талапқа сəйкес өзіндік көзқарасы бар жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру мұғалімдер үшін маңыздымəселе болып отыр. Жас ұрпаққа білім беруде, оларды болашақ еліміздің тірегі етіп тəрбиелеу əр ұстаздың, əр мектептің жауапкершілікпен атқаратын міндетінде. Осы міндеттерді орындау мақсатында білім беру саласында өзгерістерді талап етіп отыр. Елбасымыз Н. Назарбаев «Мен білім беру жүйесіндегі іс жағдайын түбегейлі өзгертуді стратегиялық міндет деп санаймын»; «Білім беру реформасы – Қазақстанның бəсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық жəне қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет», – деп атап көрсетті Қазақстан халқына жолдаған жолдауында. Дамыған мемлекеттердің қатарынан көрінуіміз үшін біз сауаттылығы жоғары кəсіби мамандар дайындауымыз керектігін айтты. 

Қоғамдық қарым-қатынастардың өзгеруі, жаңа білімнің жинақталуы,əлемдік білім кеңістігіне енуіміз – жоғары, кəсіби білім беретін оқу орындарының алдына бəсекеге қабілетті білікті мамандар дайындау үшін адамның құзырлылық қабілеттерін қалыптастыруды талап етеді. Себебі жаңа формация мұғалімдері кəсіби тұрғыда қалыптасуы тиіс. Қазіргі кезеңде мектептегі жас ұрпақ тəрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, əлеуметтік дүниеге көзқарасы, жалпы болмысы жоғары оқу орындары даярлайтын бастауыш сынып мұғалімінің кəсіби дайындығына байланысты.        Бастауыш сынып мұғалімінің кəсіби құзыреттілігінің қалыптасуы – жас ұрпаққа қоғам міндеттеп отырған талаптарға жауап беретіндей тəрбие мен білім беру. Білім беру жүйесін жетілдіру – елдің одан əрі дамуы тəуелді болатын саяси жəне жалпыұлттық міндет. Білім беру жүйесін жетілдіру мақсаты – заманауи білім сапасын қамтамасыз ету негізінде білім беру жүйесінің тұрақты дамуының механизмін құру болып табылады. Елімізде білім беру жүйесін тиімді жетілдіру білім берудің іргелілігін сақтаған жəне тұлғаның, қоғамның жəне мемлекеттің көкейтесті жəне перспективалы сұраныстарына сəйкес болған жағдайда ғана жəне алдына қойған кəсіби міндеттерді шеше алатын құзіретті мамандар болғанда ғана мүмкін болады. 

М.О. Əуезов: «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасында шын мақсатын түсіне алмайды» деп жазған. Жан жемісі алдымен тəрбие, оқу-білім десек, сол жемісті берер білім бесігі–мектеп, ал мектептің жүрегі – мұғалімдер. Мектеп – білім берер əлеуметтік орта, бала – зерттелмеген құпия десек, сол құпияның кілтін тауып жеке тұлға ретінде қалыптастырып шығарар ұстаздарға қоғамымыз үлкен жүк артып отыр. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында қоғамның əлеуметтік-экономикалық жəне рухани дамуының мазмұны мен сипаттарының өзгеруіне жəне еңбек сапасына талаптың жоғарылауына, өз ісін жетік білетін, кəсіби білігі мол мамандардың қажет етілуіне байланысты жоғары мектеп алдына білім сапасын арттыру жəне əлемдік деңгейде бəсекеге қабілетті мамандар дайындау міндеттері қойыла отырып, Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың нəтижесінде «кəсіби міндеттерін дербес əрі шығармашалық тұрғыдан шешуге, кəсіби қызметтің тұлғалық жəне қоғамдық маңызын түсінуге, оның нəтижелері үшін жауап беруге қабілетті кəсіби құзыретті жеке тұлғаны, бəсекеге қабілетті маманды қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім беруді басқарудың тиімді жүйесі құрылатын болады» делінген. 

Психологиялық-педагогикалықəдебиеттердегі ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда кəсіби шеберліктің қалыптасуы мен даму үдерісінде екі ұғым: құзыреттілік жəне құзырет ұғымдары пайдаланылып келеді. Біріншісі, С.Ожегов сөздігі бойынша, белгілі бір кəсіби қызметке байланысты, «қандай да болсын мəселеден хабардарлық, беделділік», ал екіншісі, «қандай да бір істі жүргізетін жеке адамның, мекеменің мəселелерді шешуге, іс-əрекет етуге, бір нəрсені істеуге құқықтылық шеңбері». 

«Құзыреттілік» термині əдетте белгілі бір əлеуметтік-кəсіби статус иесіне байланысты қолданылады жəне оның сол істі атқарудағы түсінігі, білімі, білігінің орындалуға тиіс мəселенің нақты өз деңгейінде шешілуімен сəйкестілігі арқылы сипатталады. 

«Методикалық терминдер сөздігінде» «Құзыреттілік (латынның competentis-бейім сөзінен)– қандай да бір оқу пəнін оқыту үдерісінде қалыптасатын білім, білік, дағдылар жиынтығы, сонымен қатар, қандай да бір қызметті орындай алу қабілеттілігі», – делінген. Кəсіби құзыреттілік категориясын айқындау үшін оларды əр түрге айналдыру, нақтылау жəне жалпы логикалық ұғымға біріктіруді жүзеге асыру керек. Құзыреттілік – оқу нəтижесінде меңгерген білім, дағдыны тəжірибеде қолдана алу, проблеманы шеше білу, оқушылар дайындығы сапасының құрылымдық сипатын анықтайтын жаңа сапа. Нəтижеге бағытталған сапалы білім беруде бастауыш сынып мұғалімінің құзыреттілігін бөліп қарастыруға болады:

Арнайы құзыреттілік – өзінің кəсіби қызметпен жоғары деңгейде айналысатын жəне өзінің кəсіби дамуын одан əрі жобалай білетін қабілет. Мұғалім үнемі ізденісте бола отырып, жаңаша оқытуды іске асыруда түрлі инновациялық технологиялардың əдіс-тəсілдерін өз ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктеп қолданады. Сонымен қатар психологиялық-педагогикалық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, сол білімін өз ісінде шеберсұрағына жауап беруге даяр болуға тиіс.

Əлеуметтік құзыреттілік – бірлескен кəсіптік қызметпен айналысу қабілеті, ұжыммен, топпен қызмет ету, кəсіби қарым-қатынас тəсілдерін қолдана білу. Яғни, мұғалім оқушылармен қарым-қатынаста тактикасын баланың жасы, рухани өсуіне байланысты өзгертіп отыруы керек. Оқушыларды топтық, ұжымдықжұмыстар жасай алуға, соның ішінде жеке тұлғаның дамуына мəн беруі керек.

Пəндік құзыреттілік – білім беру қызметінде белгілі бір пəндер шеңберіне қатынасты білім, біліктілігі жəне дағдысы мен іс-əрекетінің сапалар жиынтығы. Педагогикалық жəне əлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу іскерлігі.

Ақпараттық құзыреттілік – айрықша назар аударуды қажет етеді. Себебі, ақпараттық қарым-қатынас технологиясын игеру əр маманнан талап етіледі. Ақпараттық ресурс –ақпарат көзін алу мультимедиялық, электрондық, жалпы ақпараттық технологияларды меңгеруі тиіс.

Мұғалімнің педагогикалық ойлай білудегі жалпылама біліктілігі кезінде байқалатын теориялық дайындығының мазмұны мұғалім бойындағы аналитикалық, болжамдық, жобалау жəне рефлексивтік біліктіліктердің болуынан байқалады. Практикалық дайындығының мазмұны педагогтің əртүрлі біліктіліктерінің қалыптасуымен айқындалады. Оларға: құрастыра білу, ақпараттық, дамытушылық жəне бағдарлық қабілеттерді біріктіретін ұйымдастырушылық қабілеті; педагогикалық қарым-қатынас жəне педагогикалық техника; қолданбалы біліктілігі жатады. Бүгінгі педагогика ғылымындағы жаңа көзқарас бойынша тұлғаға бағдарлы үлгі балаларға білім негіздерін беруді емес, оқу жəне өмірлік жағдаяттарда алған білімдерін шығармашылықпен қолдануына, түйінді жəне пəндік құзыреттіліктерді қалыптастыру арқылы өзін-өзі дамытуына, қоршаған шынайылықты түйсінуге, өзінің даралығын сезінуге, негізгі оқу жəне айналасындағы адамдармен өзара əрекеттесу дағдыларын игеруге, өзінің оқу іс-əрекетін ой елегінен өткізуге жағдай жасауды мақсат етеді. 

Сонымен қатар қазір негізгі мəселе «Баланы қалай оқыту керек?», «Ойлауға қалай үйрету керек?» дегенге бағытталып отыр. 12 жылдық білім беруге көшуде мектеп алдына негізгі үш бағыт басшылыққа алынады: оқушының жеке қабілетін, əлеуеттік мүмкіндіктерін, ішкі қажеттіліктерді есепке ала отырып, жеке-даралық бағытта оқыту. Бұл бағыттарды жүзеге асыру үшін мұғалім негізгі үш компонентпен таныс болуы тиіс. Олар: инварианттық компонент–мемлекеттің базалық оқу стандарты жүйесіндегі талаптар мен мазмұндарға жауап беретіндей жалпы міндетті оқу жоспарының бөлімін меңгеру; профильдік компонент–профильдік оқу стандарты талаптарының мазмұнында көрсетілгендей оқу курстарының тереңдігін, оқылатын пəндердің өзара байланыстылығын меңгеру; тұлғалық компонент-оқушылардың өзіндік зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға байланысты арнайы таңдау курстарын, оқу жоспарларын меңгеру. 

Бастауыш сынып мұғалімінің кəсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру бірнеше кезеңнен тұратын үдеріс. Мұғалім баланы бір жағынан өмір сүріп отырған кезеңнің қажеттілігіне, əлеуметтік жағдайына, қоғамның нақты сұранысына қарай оқытып тəрбиелесе, екінші жағынан, мəдениетті сақтаушы, жеткізуші, тұлғаны адамзат мəдениетінің барлық байлығы негізінде қалыптастырушы ретінде болашаққа қызмет етеді. Əсіресе, қазіргі ақпарат ағыны толассыз құйылған, өзгермелі заманда жас ұрпаққа білім мен тəрбие беретін мұғалімнің қызметі күрделене түскені белгілі. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімі қызметінің құрылымының ішінде өзара тығыз байланысты құрастыру, ұйымдастырушылық жəне коммуникативтік əрекеттер басымдық мəнге ие. Бастауыштағы бірнеше пəнді бір мұғалім оқытады, сондықтан ол барлық сабақтың əдістемесін, яғни бастауыш оқытудың дидактикасын меңгеруі керек. Мектептегі оқыту дидактикалық үдеріс болғандықтан, болашақ мұғалім оның өзіне тəн психологиялық, педагогикалық ерекшеліктерін біліп, оған дайын болуы тиіс. Жоғары оқу орындарында оқып жүрген болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығы ондағы оқыту үдерісінің тиімді ұйымдастырылуымен тығыз байланысты. 

Дидактикалық даярлық – кəсіби-педагогикалық даярлықтың негізгі жəне маңызды саласы. Мұғалімдердің дидактикалық даярлығына олардың оқыту үдерісінің теориясы мен практикасы бойынша игерген білімдері, педагогикалық қызметке деген ынтасы мен мүмкіндіктері жатады. Оқушылардың оқу-танымдық қызметін ұйымдастыру туралы психологиялық-педагогикалық ережелерді негізге ала отырып, мұғалім оқу материалын меңгеру мақсатын қоя білу; меңгеру үдерісінде оң ынта туғыза білу; оқу материалын нəтижелі игеруді, қабылдауды ұйымдастыра білу; өтілген материалдарды ой-елегінен өткізуді қамтамасыз ете білу; алған білімді қолдану жəне қорытындылау білігі мен дағдысын қалыптастыра білу; білімді меңгеру барысын үнемі бақылауда ұстай білу; меңгеру үдерісіне түзету жасай білу қажет. 

Бастауыш сынып мұғалімінің кəсіби құзыреттілігінің ерекшелігі – көппəнділік. Оның маңызды сипаты гуманистік педагогикалық көзқарастың ерекшелігі мен мұғалімнің педагогикалық ойлауы арқылы жүзеге асатын кəсіби интегративтік білім мен дағды жүйесінде көрінетін «балаға бағыттылық» болып табылады. Бастауыш сынып мұғалімінің ерекшелігіне байланысты ол бастауышта оқытылатын барлық пəннің теориялық мазмұнын жетік біліп, кəсіби-педагогикалық құзыретті бола тұра, оны оқушыларға жеткізе алатын дидактикалық құзыреттілігі болмаса, ондай мұғалімнің еңбегі нəтижелі бола алмайды. Олай болса, кəсіби-дидактикалық құзыреттілік-кəсібипедагогикалық құзыреттіліктің негізгі өзегі. Ғалымдардың пікірінше болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кəсіби құзыреттілігі – педагогтың жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық жəне теориялық білімінің, кəсіби құзыреттілігінің үйлесімділігі, тұлғалық кəсіби сапаларын үздіксіз дамыта білу қабілеті болып табылады. Жоғары педагогикалық оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кəсіби құзыреттілігін қалыптастырудың психологиялық дайындығында кіші жастағы оқушылардың пəндерді қызығып оқуға ынтасын арттыра білуге дайындығы, болашақ мұғалімнің кəсіби тұлғалық қасиеттері, педагогикалық мəселелерді шеше білу, бастауышта оқыту əдістері мен технологияларын меңгеруі қалыптасады. Қазіргі қоғам сұранысының талаптарына сай бастауыш сынып мұғалімінің кəсіби құзыреттілігін қалыптастыру қажеттілігі еліміздің əлемдік білім беру кеңістігіне енуге бет бұрып, соған сəйкес білім берудің парадигмасының өзгеруі жəне бүгінгі күнгі əлеуметтік-экономикалық жағдайы мен болашаққа қарай ұстанған бағыты білім беру мекемелерінің жаңа бағдарын анықтап, мамандардың құзыреттілігін көтеруді талап етіп отырғандығына байланысты болып отыр. 

Бастауыш сыныптардағы таңдау пəндерінде өздігінен жетілуіне,дамуына  мүмкіндік жасау үшін жүргізілген жұмыстар арқылы оқушылардағықалыптасатын  құзыреттіліктерін  төмендегіше  сипаттауға  болады:

—     Өзінің даралығын  сезініп, өзін – өзі дамыта  білуі;

—     Өзінің қызметін бағалап, қорытынды жасай  білуі;

—     Түйткіл мəселені шешудің ең тиімді жолдарын таба білуі;

—     Өз алдына мақсат қоя білуі жəне оны жүзеге асыра білуі;

—     Өз əрекетінің нəтижесін шығара білуі;

Педагогтың іс-əрекетінің нəтижесінзерттеулер мен зерделеуге сүйене отырып, қазіргі уақытта  мұғалім мына төмендегі  сипаттамаға лайық   болуы  тиіс екендігі  атап  көрсетіледі:

—     Ол теорияны жақсы меңгерген, ұдайы ізденіп, өзінің пəндік, психологиялық, педагогикалық жəне əдістемелік білімін,  мəдениет дəрежесін   жоғары  көтеруші адам болуы;

—     Коммуникативті, қоғамдық ортада беделді адам болуы;

—     Өз мамандығын жақсы көретін, біліктілігі жоғары,кəсіптік шеберлігін ұдайы ғылымға негіздей отырып дамытатын адам болуы;

—     Белгілі педагогикалық технологияның толық əдістемесін меңгерген, ғылымның əр саласынан хабардар, жан-жақты білім болуы;

—     Өзінің əрбір оқушысының ерекшелігі мен зейінін жақсы білетін қамқор, психолог болуы керек.

Бастауыш сынып мұғалімінің кəсіби құзыреттілігі – əлеуметтік сұранысқа сай заңды құбылыс, өйткені тұтынушылар жоғары деңгейде сапалы білім беру мектептерін таңдауға мүмкіндік алады, мұғалімдердің кəсіби біліктілігі – сол мектептің бəсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші, түлектердің білім сапасында, тəрбиесінде, жаңа ақпараттық технологияны меңгеруінде, олардың бойынан пəндік жəне түйінді құзыреттіліктердің көрініс табуында бір мектеп пен екінші мектеп арасында бəсекелестік болады. Бастауыш сынып оқушыларының алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін оқу мен тəрбие жұмыстарын заман талабына сай ұйымдастыра білетін, əр сабағын тиімді əдістермен ұйымдастыратын, оқытудың жаңа технологияларын қолдана алатын құзіретті, іскер мұғалім бола білу керек екені баршамызға аян. Олай болса, кəсіби тəжірибесі жеткілікті,құзіретті мұғалімнің алдынан саналы да тəрбиелі, білімді шəкірт шығары сөзсіз. 

Сондай-ақ мұғалім өз ісінің маманы болуымен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасын мен пікірін сыйлау, тек өз пəнінің төңірегінде ғана қалып қоймай, қоғамда болып жатқан өзгерістерге құлағы түрік, көзі ашық, жан-жақты талдау жасай білетін маман болуы шарт.Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бала оқытуды жақсы білейін деген адам əуелі балаларға үйрететін нəрселелерін өзі жақсы білуі керек» деген тұжырымында «Шығармашыл ұстаз шығармашыл шəкірт дайындайды» деген ой айқын аңғарылады. Сөзімді қорыта келе айтарым, жоғарыда аталған құзыреттіліктерді меңгерген мұғалім шығармашыл шəкірт дайындауға даяр мұғалім деп нық сеніммен айтуға болады.

 

 

 

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

1.   Тоғымбаева А.Ə. Педагогтың кəсіби құзырлылық моделі //«12 жылдық білім» журналы. – 2006. №3

2.   Хуторской A.B. Ключевые компетенции как компонент личностно-

ориентированной парадигмы образования // Народное образование. – 2003. № 2. С. 59-68 

3.   Тұрғынбаева Б.А. Мұғалімнің шығармашылық əлеуметін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту.: теория жəне тəжірибе. – Aлматы. 2005, 174 б.

4.   Құдайбергенова К. Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерий // «білім сапасын бағалаудың мəселелері: əдіснамалық негізі жəне практикалық нəтижесі » атты халықаралық ғылыми – практикалық конференцияның материалдары. – 2008. 30-32 б.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *