ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ – ҰСТАЗ КЕЛБЕТІНІҢ ЖАҢҒЫРУ АЙНАСЫ

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ – ҰСТАЗ КЕЛБЕТІНІҢ ЖАҢҒЫРУ АЙНАСЫ

Г.Ж. Жұмагелдина

 

Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Міржақып Дулатұлы «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» – деп ғылым, білім, оқудың маңызын халыққа көрсеткен. Ендеше, егемен елдің ертеңіне үлес қосатын тəуелсіз мемлекеттің саналы ұрпағы саналатын шəкірттеріміздің ізгі сарайын біліммен сəулелендіріп, білімнің биігінен көру – ұстаз үшін үлкен бақыт. Себебі, бала бойында білім нəрін себетін, адамгершілік дəнін егетін басты тұлға – ұстаз. Адам жанын нұрландырар ұғымының ұлысы – ұстаз. Елбасымыз Н. Назарбаев халқымыздың болашағы туралы тереңнен толғай, «Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жасөспірім ұрпағы, өйткені олар – біздің ұлтымыздың болашақ айнасы». «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін жəне өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» дегені баршамызға мəлім. Олай болса, жас ұрпаққа білім мен тəрбие беретін ұстаз – баға жетпес биік тұлға.

Қазіргі заман талабына сай, əр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мəнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз.

«Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен жəне Қазақстанның білім беру жүйесін əлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады. Қазіргі таңда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі – орыс тілі жəне ағылшын тілі – əлемдік кеңістікті тану тілін оқытуда жаңа идеяларды əр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану – заман талабы болып отыр. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың əдіс-тəсілдерін үнемі жаңартып отыру жəне технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама.

Пəнге арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке жəне сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тəжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу. Жаңа білім беру бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықты қолдана білуді жəне оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту əдіс-тəсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) үйретеді.

Біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұнындағы модульдер:

1.     Білім беру мен білім алудағы жаңа тəсілдер. 

2.     Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.

3.     Білім беру үшін бағалау жəне оқуды бағалау.

4.     Білім беруде ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану.

5.     Талантты жəне дарынды балаларды оқыту.

6.     Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сəйкес білім беру жəне оқыту.

7.     Білім берудегі басқару жəне көшбасшылық.

Жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшелігі қандай? деген сұраққа жауап беретін болсақ. Бұл бағдарламаның дəстүрлі бағдарламадан ерекшелігі:

1.     Пəн мазмұнының спиралді қағидатпен берілуі. Яғни пəн мазмұны қарапайымнан күрделенуі.

2.     Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы.

3.     Бір білім беру аясындағы жəне пəнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптардың» берілуі.

4.     Оқу үдерісін ұзақ мерзімді,орта мерзімді жəне қысқа мерзімді жоспарлар арқылы ұйымдастыру.

5.     Оқытудың тəрбиелік əлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік – рухани қасиеттерін қалыптастыру.

6.     Білім беру деңгейлері аралығында пəн бойынша сабақтастықты ескеруге мүмкіндік беретін толық оқу курсы бойынша педагогикалық мақсат қою.

7.     Бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сəйкес келуі, əлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға назар аударылуы.

8.     Оқытудағы жүйелі – əрекеттік ұстаным (оқушының білім алу үдерісіне белсенді қатысуы)  

Оған оқу мақсаттарын зерделей отыра тапсырмаларды, ықшам сабақтарды құрастыру барысында көз жеткіздім.

Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пəн бойынша үлгерімі екі тəсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау жəне жиынтық бағалау. Қалыптастырушы бағалау оқушылардың қай кезеңде, қай бағытта екенін анықтау жəне одан да зор жетістікке қалай жету керектігін жоспарлау үшін қолданылады. Жиынтық бағалау оқушылардың осы кезеңге дейін оқығанын қосып бағалау. Бұл бағалау түрлері баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Бұған дейін бағалауды біз «баға қою» деп қабылдап,оны сабақтың соңына міндетті түрде жүзеге асыратын əрекет деп түсінетінбіз. Сонымен қатар оқушының түсіну деңгейін бағалауды тек мұғалім ретінде қарап, обьективті түрде өз құзырлығымызбен бағалап жүрдік. Бағдарламаның жеті модулінің бірі  «Оқыту үшін бағалау жəне оқуды бағалау» модулінің негізгі идеяларымен таныса келе,өзімнің бағалау туралы көзқарасым мен түсінігімнің өзгергенін байқадым. Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі пəнінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл дағдыларды дамыту нəтижесінде оқушылар алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген орта жағдайында бəсекеге қабілетті болуға, қарым – қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік беретін білім алады. Оқушылар көпұлтты қоғамдағы əртүрлі жағдайларда табысты ынтымақтастық пен өзара түсіністікте өздерінің коммуникативтік қарымқатынас жасау құзіреттіліктері мен тілдік дағдыларын жетілдіре алады.

Қазіргі ғаламдану заманында еліміздің əлеуметтік-экономикалық дамуы, индустрияның қарыштап өсуі, əлемдік деңгейге көтерілуге бет бұруы кезеңіндегі ұлттық мəдени-тарихи, рухани құндылықтарымызды бойына сіңірген азаматтарға қоғам сұранысының өсуі білім жетістіктерін өркениетті білім деңгейіне көтеру қажеттігін алға тартады. Қазақстан Республикасының Қазақстан халқының ілгері дамуын, қамтамасыз ететін сала – білім саласы болып отыр. Сол оқу-тəрбие үрдісін ұйымдастырушылықпен жүргізуде – мұғалім басты тұлға болып көрсетіледі. Егеменді, тəуелсіз Қазақстанда өркениетке апарар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Осындай талапқа сай қызмет істеу үшін алдымен мұғалім өзінің теориялық жəне əдістемелік білімін ұдайы толықтырып, үздіксіз ізденуі, өз мамандығын барынша жетілдіру жəне қызмет саласындағы жаңалықтар мен озық тəжірибесін үнемі пайдалануы тиіс. Үздіксіз іздену – бүгінде мұғалімдерге қойылып отырған басты талаптардың бірі. Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ғылыми жаңалықтар мен озық тəжірибені жетік игеру. Білім берудің ұлттық модуліне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, практикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог, іскер мұғалім қажет. Бұрынғы оқушы тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мəн беруіміз керек. Жаңа білім алу үрдісі оқытушы мен оқушыға шығармашылықпен жұмыс жасауға итермелейді, себебі оқушы білімді өздігінен іздену арқылы алу керек болса, мұғалім оқушының білім алуына себептер, жағдайлар тудыру керек. Ол үшін мұғалімнің сабақты жан-жақты дайындауы қажет, сабақ үстінде қандай болмасын оқушы тарапынан əртүрлі сұрақтар туындау мүмкін сол жерде мұғалім қажетті бағдар беріп жіберуіне тура келеді. Сонымен, қазіргі заман талабына сай мұғалім «білім бұлағы» емес, «білім бұлағына» жеткізуші, яғни білім алу жетекшісі болуы тиіс. Осы кезде мұғалімнің талапқа сай оқушының білім алу белсенділігін жоғарылату мақсатында жаңа технологиялар меңгеруі қажеттілігі туындап отыр. Жоғары технологиялар заманында адамға жан-жақтан түрлі ақпарат келіп түседі, сондықтан казіргі заман адамы ақпараттармен жұмыс жасай біліп, қажетін алып қолдана алу бейімділігін қажет етеді. 

Жаңа технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану оқыту мақсатына жетудің тиімді жолдарын көрсетеді. Қазіргі оқыту барысында қолданылып жүрген көптеген технологиялар жеке тұлғаның жетілуіне, оқудың тиімділігінің негізін құруға бағытталған. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың түпкі нəтижесі ретінде қатысымдық, ақпараттық жəне проблемалардың шешімін табу құзіреттіліктерін қалыптастыруға қол жеткізудің басты тетігі – оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Өйткені функционалдық сауаттылық оқушының белгілі бір мəдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын жəне оның əлеуметтік қарымқатынас жасауына пайдалы білім, білік, дағдылардың бірлігінен құралады. Қазақ тілі мұғалімі өз сабақтарын жаңа сатыға көтеру үшін шəкірттерінің білім – құмарлық қасиеттерін дамытып, білім алуға қызығушылығын арттыруды көздейді. Сол себепті мен өз сабақтарымды түсіндірген кезде оқушыға аса күш түсірмей жеңілден ауырға қарай, жалықтырмай, оқушының тиянақты білім алуына, мүмкіндіктер туғызуға тырысамын. Əрбір сабақтың мазмұнына сай əдістер мен тəсілдерді дұрыс таңдап, саралап, даралап оқытуды мақсат етемін, сонда ғана басқа ұлт балаларын қазақ тілін өз еркімен, ынтасымен қызыға, түсініп оқуға, қадірлеуге, бағалауға, жақсы меңгеруге, ауызекі дұрыс сөйлеуге үйретемін деп ойлаймын. Мен өз тəжірибемде көбінесе оқушылармен бірлесіп, ұйымдасып, топтасып жұмыс істеуіне көңіл бөлемін. Оқушылар бірлесіп үйренуде топпен, жұппен жұмыс жасауда ортақ проблемаларды талқылағанда жаңа пікірлерге шығармашылықпен қарау тұрғысында жаңалықтар ашу барысында жұмыс жасайды. Топ мүшелері өз ойларын ортаға салып жəне сол ойларды кесте арқылы көрсетеді. Шамалары келгенше қорғап шығуға тырысады.Оқу сауаттылығын қалыптастыру мақсатында мəтінмен жұмыс істеудің түрлі əдістерін ұйымдастырамын. Берілген тапсырма оқушылардың мұқият оқу, есте сақтау, талдау, жинақтау, мəтіндегі негізгі ойды анықтау, оқиға желісінің өрбуін, ондағы қайшылықтарды ажырату, дұрыс болжау жасай білу сияқты дағдыларын қажет етеді. 

Əр сыныпта əр деңгейдің мақсаты мен білім мазмұнына сəйкес оқытудың түрлі əдіс – тəсілдерін өз сабақтарымда тиімді пайдалануға тырысамын. Мысалы, «Ой шақыру», «Ассоциограмма», «Шаттық шеңбері», «Ыстық орындық», «Венн диаграммасы», «Куб», «Авторға сұрақ қою». Аталған əдіс-тəсілдерді пайдалана отырып көп жетістіктерге жетуге болады. Ең бастысы – оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, олардың бір – бірімен пікір таластырып ашық сөйлеу, еркін сөйлеу дағдылары қалыптаса бастайды. Өздеріне сенімсіздік білдіріп отыратын оқушылар өз ойларын аз да болса жүйелеп, еркін айта бастайды.  

Қорыта айтқанда, жаңа бағдарламаның мəні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пəнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін  ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Əрине, жаңа бастаманың қашанда қиындығы да қызығы да аз болмайды. Бірақ осы үлкен міндетті абыроймен атқарып, шəкірттерді бəсекеге қабілетті жеке тұлға дəрежесіне жеткізе білу əр ұстаздың міндеті. Сондықтан заман талабына сай болып жатқан өзгерістерден қауіптенбей, мақсатқа сай, нəтиже аламыз деп сенемін.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

1.Елбасы Назарбаев Н.Ə. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бəсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы, 31 қаңтар  2017.

2.  Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пəндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы МАН /Екінші Басылым/ 2016.

3.  Қазақстан Республикасы Білім Жəне Ғылым Министрлігі Ы. Алтынсарин Атындағы Ұлттық Білім Беру Академиясы «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» Дербес Білім Беру Ұйымы Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау басшылығы. – Астана, 2016.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *