СЕЙДӘЛІ, МОЛДА БӘЙІМ, ДІЛДӘ
Сейдәлі:
Иманбай, аңдамадым, сен не дейсің?
Аузыңнан шыққан сөзді сермелейсің.
Үстіңе мен қыдырып келгенімде:
«Түрегел, төрден орын бер» демейсің. Бетіңе «тіпә» күйе болсын сенің, Ұялмай, маған не деп сөйле дейсің? Бұл күнде сөз сенікі қалай десең, Жиналып би мен сардар отыр екен.
Қорқамын айбатыңнан сөйлемесем,
Бөркіңді баса киіп, етің жеген, Өзіңе құтты болсын мынау пешең.
Көріссем, үлкендерің қолын бермей,
Жастарың түрегеліп, орын бермей,
Бәрің де етке тойып алғаннан соң, Орданың жатсың көлбеп төрін бермей… «Аш Баубек – атаң сенің» деген сөз бар, Ешкімге жүр екенсің жолың бермей.
Мынау кім, жатқан төрде шынашақтай.
Көпшігін қойған бүктеп шиыршықтай? Мойнына әйкел тұмар тағыпты ғой, Күйеуі жаңа келген қызалақтай.
Ежелден Құдай тілді бергеннен соң, Мен неғып сөз сөйлейін өрісін таппай?!
«Жақсының алды – көпір» деген сөз бар, Ағалар, мен сөйлейін аузым бақпай.
Иманбай: – Әй, Табын, аңдап сөйле, жазада қаларсың! Бұл медаль таққан мировой судья, – дейді.
Сейдәлі:
Халқыңды құтты болсын меңгергенің, Кәнекей, еліңізді тең көргенің? Қолында ұсталардың балғасы бар, Көңілімнің өлеңнен арнасы бар. Осынша бір Табынды ортаға алып, Ойлап көр бүгінгінің таңдасы бар.
Судья отыр қарап, мұртын талдап, Басында ақ шарқаттан шалмасы бар. Кетпейтін өлгенінше сүйегінен,
Бетінде отқа күйген таңбасы бар.
Мынау кім жапсардағы мұрны пұшық? Су аққан танауында арнасы бар.
Үндемей, отыра қап мынау бала, Қалай да, кітап көрген молда шығар. Жүз басты Қанатбайдың тойханасы Ежелден дуа тиген орда шығар. Сөйлеген алдымызда Табын молда,
Тең басқан төрт аяғы жорға шығар. «Ит басты, сиыр аяқты» бұл ауылға, Біздерді душар қылған Алла шығар.
Сейдәлімен айтысатын ешкім жоқ. Әлімнің азаматы арланады. Сол кезде осы елдің жас ақыны Молда Бәйім деген табақ тартып жүр екен. Төрде отырған Иманбайдың: «Сейдәлімен айтысқа түс», – деген сөзін ести сала, бір табақ етті ала келіп, алдына қоя сөйлейді:
Молда Бәйім:
Бісмілда деп сөйлейін, Аша көр, Құдай, бағымды!
Сүрінте көрме жағымды!
Айт жөніңді, кім едің,
Отырған сөйлеп жаңылмай? Маған қарсы жауап айт, Болсаң жүйрік Табындай.
Танымайсың молда Бәйімді!
Ежелгі жұртқа мәлім-ді,
Шынымен келсе қаһарым,
Жайылып кетер заһарым, Сын тағасың Әлімге Білмейсің неге әліңді?
Әлім мен Табын болғанда,
Бір-біреуге мәлім-ді, Керегің ет пе, шырағым? Алдыңа табақ қояйын, Мінекей, жей ғой зәріңді.
Сейдәлі:
Бісмілдә деп, Бәйеке, Айтайын сөздің келгенін. Тәңрі қайтып алмаса, Тіліме менің бергенін. Естісем де атыңды, Жоқ еді бұрын көргенім.
Келтіре берме кәріңді, Тигізе берме зәріңді, Қорқатұғын мен бе едім? Көбең тайдай ұшымды, Көрген жауым сен бе едің? Әлім, Табын болғанда, Бір-біреуге мәлім-ді. Айта берсейші әзіргі Өз табыңа келгенін. Атаны қозғап нетесің, Бұ да сөгіс бергенің.
Жаратқан Тәңір, жан ие, Бақыт дария бергенің.
Өзің тойып болған соң Сарқыт алып келгенің. Келіні ме едім еліңнің, Қайда сенің көргенің?
Абайласам азырақ
Әйелше құлқың бар екен, «Зәріңді же!» деп бергенің.
Молда Бәйім:
Айтамын сөзді осындай,
Сөйлейсің неге шошынбай! Ойлап мұнымды қарашы. Әлім, Табын болғанда, Кім еді мұның ағасы?
Дүние іздеп, мал жинап, Жүргенің кімнің арқасы?
Қарның асқа тойған соң
Қаңғырып келген, қу Табын, Мас болғанын қарашы! Танымайсың ағаңды, Шақыртайын ба бабаңды?!
Әлім деген ағаң-ды, Ағаңның ісі жаман-ды!
Сейдәлі:
Мен сөйледім жақсымды-ай, Жақсыға қосып басымды-ай. Шабылып, талай сыналдым, Мен деген жүйрік асылға-ай. Тұлпардан туған жүйрікпін, Тартса тізгін ерік бермей. Атаны қозғап сөйлеме, Болса миың басыңда-ай. Айтып, сүйек тербетсе, Қала ма сүйек ашынбай?! Ата-бабаң қозғарға
Халқыңнан қорғалап отырмын,
Ағайыным жоқ қасымда-ай,
Көп аламан тап берсе, Қорғаймын кімге басымды-ай?!
Халқымнан жалғыз жүргенім, Әр жерде басқа тиеді, Егескен жерде осындай.
Жаңылсам тілден көрейін,
Сүрінсем көзден көрейін,
Құлағың сал, Бәйеке, Баяғы айтқан сөзіңе, Енді жауап берейін.
Басыңның болмас жаласы,
Жаманның қалмас табасы,
Әлім менен Табынның,
Ежелгі түп сағасы,
Қыруар батыр бабасы,
Әлім екен ағасы, Табын екен інісі,
Бір-бірінен кем емес, Екі атаның баласы.
Әлімнен Табын кем дейді, Ақылы жоқ әр елдің Сендей беті қарасы. Жасырмаймын, жүргенім – Сіздің елдің арасы. Жүргенім жоқ ашымнан Несібем бар шашылған. Тойдың деп, міндет қыласың, Күн көрдің бе қасыңнан?
Бердің бе зекет малыңнан? Алдың ба пітір басыңнан?
Қалай айтсаң, олай айт – Айбатыңнан шошынбан, Шақыртасың қалай бабамды?
Мен шақырғанда бабамды, Сен танымайсың атаңды, Ата дерсің бабаңды.
Бәйеке, болсаң ілімді,
Келтіре берме жынымды.
Неше түрлі сөз айттым,
Үлкендерден сұранып, Ойланып көр мұнымды.
Қалет болса айтқаным, Мойныма қой мінімді.
Шығармай отыр үніңді. Рас болса айтқаным, Бұзған екенсің дініңді. Шариғатқа лайық па, Бәйеке, қақпай қойғаның Мұртыңа шыққан түгіңді?..
Молда Бәйім: Молда екенсің жол жүрген, Хабар бердің әр жерден. Нағылып жүрсің бұл елде, Жөн сұраймын сіздерден? Айтшы маған жөніңді, Білдір ата-тегіңді? Білесің бе Бәйімді, Ежелгі жұртқа мәлім-ді?
Жасымда шықты дабысым,
Әлім менен Шөменге;
Неше жүйрік болса да,
Өткізбеймін тұсымнан,
Шығармаймын уысымнан, Сөйлеген сөзім от-жалын, Жүрегімде ұшынған. Бәйім десе тұрады, Алты алаштың баласы.
Біледі елдің арасы,
Табын – ағаның баласы, Неше түрлі сөз айттым, Енді ойланып қарашы!
Сейдәлі:
Мен сөйледім жасымнан,
Алдым неше асылдан,
Теріп жүрмін әр жерден, Несібемді шашылған.
Мені де халқым біледі,
Сөйлеп жүрмін бұрыннан, Буыршын қуған бурадай, Қарайсың неге қырыңнан? Талайы майып болып жүр, Сендей адам ұрынған. Құда болып, қыз бермей, Жөнімді сұрап нетесің?
Мен тастан аққан тас бұлақ,
Сен Борластан шыққан бекесің,
Ата-тегім сұрасаң,
Руым Табын ішінде,
Сүйегім шыны болатпын,
Білдіремін сөзбенен,
Ешкімге жөнім сұратпан,
Жазылған көңілім шежіре, Жеті атадан келе жатқан.
Және тегім сұрасаң,
Айдарбек дейді бабасы,
Бергі атасы Татыдан, Бітіген деп айтады, Елдің үлкен ағасы. Мен – сонан туған жиенмін, Неғылып менен озасың?
Ала берме, Бәйеке, Былшылдап жұрттың мазасын.
Айтсаң айт сөздің тазасын,
Мен – бір жарық шарайна,
Көргеннің беті шағылған,
Олжасынан аламын,
Өткізбейтін тұсыңнан.
Сен жөргекте ұшынсаң, Мен іште жатып қағынғам. «Іздегенге – сұраған», Осы бүгін табылған.
Айырмаса Тәңірім,
Өзі берген бағынан,
Шабысымды көргенде,
Сен ұсаған жүйріктің Нешеуі есінен жаңылған.
Молда Бәйім: Бір үйде көрдім төрт есік, Біле алмадым бұл нешік?
Әр есікте үш қыз бар,
Әр қыздың отыз ұлы бар,
Әр ұлының басында,
Шанышқан бес гүлі бар,
Мұны тапқан адамның
Айнымайтын діні бар,
Басында кетпес бағы бар, Жұмбағым айтсам, тағы бар.
Сейдәлі:
Бәйеке, үйің жыл болар,
Төрт есігің – төрт уақыт –
Баһары, қысы жаз болар,
Әрқайсысы үш айдан, Айың отыз күн болар, Отыз ұлы сол болар;
Әрқайсысы үш айдан,
Шанышқан бес гүлі сол болар.
Жұмбағыңды айта бер,
Таба алмасам, қалғаным, Тапсам шығар жалғаның. Қанатбайдың тойы емес, Бәйеке, менің жүйрік болғаным.
Біраз кідіріп болған соң, Сейдәлінің жеңгенін біліп, сол елдегі Асан батыр деген, киіп кетпе кісі, жиылған жұртқа: «Әй, Бәйім, көп оттамай, Табынның жолдығын беріңдер!» – деп, жолдығын бергізіпті.
Төр жақта отырады ақсары қыз, Ақ емес, көгілдірлеу, сап-сары қыз. Жасынан мерекеңді көрген талай, Бетінің қаны қашқан нақ сары қыз. Бәйімнің айтқан сөзі ұнамады, Болған соң ұлы жүйрік шыдамады. Ақынға өлең айтып қоя берді,
Аз емес, азырақ кем шыдағаны.
Бәйім кідіріп, самсөз болып, тынып отыр. Қарындасы Ділдә ол да ақын екен, жұрт: «Айтыс», – деп қоймапты. Қасына бір қызды ертіп алып, қосылып, ән салып, өлеңін қоя береді.
Ділдә:
Ағалар, сөз бастайын бісмілда деп,
Кешірген бір Жаратқан, кінәйім көп.
Айтекем еш еркіме қоймай отыр, Ақынға бір-екі ауыз сөз сөйле деп. Айтайын бес-алты ауыз мен де өлең, Молдекем біразырақ берсе кезек. Тақсыр-ау, құлағыңды бері маған сал, Алдыңда бұлаңдайын тілім безеп. Шалқыған жанған оттай сөз сөйлейін, Келеді сөздің өзі бөлек-бөлек. Молдеке, жұрттан озған болсаң жүйрік, Соңымнан жетші қуып, кеттім жөнеп.
Сейдәлі:
Япырм-ай, қандай бала ең шұбарланған, Мойныңа әйкел тағып, тұмарланған! Күн түскен Тербенбестің бауырындай, Қарасам, ақ жүзіңе мұнарланған.
Алмадай падишаның бағындағы, Сыртыңнан көрген адам құмарланған. Балқыған қорғасындай кеттім еріп, Даусыңды көп ішінде шығарғаннан. Сымбатың шын алтындай кір шалмаған, Түлкідей шын алтайы бұлаңдаған. Таң қалар көрген адам келбетіңе, Қасында адам шыдап тұра алмаған. Жақсы еді үйреніскен Бәйім ағам, Тұс болдым бір жүйрікке сылаңдаған. Табаным әлдеқайдан тиеді деп, Тіледім «Жәрдем бер» деп бір Алладан. Жоқ болсын неге менің мейлім сенен, Алтынды жолда жатса, кім алмаған?!
Шырағым, айбатыңнан жасқанбаймын.
Көтеріп үлкен таяқ ұра алмаған.
Сен қашсаң, мен соңыңнан қуар едім, Күлмесе сырттан дұспан көре алмаған.
Ділдә:
Замана түрленеді жылдан жылға, Қайрылмас ата ұлға, ана – қызға. Халқына ердің ері қоғам болар, Осында мейірі кеткен заман сұмға.
Молдеке, құлағың сал, сөзім тыңда, Болса да, сөзім жалған, мұным шын да, Меңзеймін хан-төреге келбетіңді, Ойлаймын болады деп халыққа тұлға. Айрылып халық, ағайын, қарындастан, Қыдырып не себептен жүрсің мұнда? Жүргенде өз еліңде, шыныңды айтшы, Назарың түсіп пе еді мендей қызға?
Сейдәлі:
Қашаннан сөйлеп жүрген мен бір жорға, Я, Жаппар, өткен бабам, өзің қолда! Адамның ала жібін алған емен, Рұқсатсыз иесінен, жатса жолда. Тең басқан төрт аяғың, Ділдә жорға, Отырмын ізіңе еріп зорға-зорға. Жас күнімнен бұл несібем шашылған соң, Жігітті тартады екен әрбір жолға.
Жүргенде өз елімде сендей қызды, Жүруші едім сатып алмай қара пұлға.
Ділдә:
Жат қандай, жақын қандай, жаман қандай!
Зат қандай, затсыз қандай, асыл қандай! Екі көз, екі аяғы болса-дағы, Арасы адамзаттың жер – аспандай. Өлеңге өзім-дағы сенгендіктен, Ду болса, көп сөйлеймін бір жасқанбай.
Жасымнан Ділдә сұлу өлеңші деп,
Дабысым шықты жұртқа, әне, сондай, Бүгінде пенделерде тазалық жоқ, Ішіне алтын зердің мыс қосқандай. «Алмаймын қара пұлға сендей қыз», – деп, Сөз болды бұл не деген, япырм-ай!
Тентіреп, Үргеніштен келген молда, Осы, шіркін, бай ма екен мақтанғандай?!
Сейдәлі:
Жаратқан жан біткенді Жаппар Құдай, Құдайым бар пендені өзі оңдағай. Аянба, қызыл тілім, барың болса,
Сөйлейтін келді кезің, сорлы таңдай.
Бай менен жарлылықты теңдестіріп, Нетесің сөзге қосып, сорлы маңдай? «Бай ма екен мақтанғандай» деп айтасың Жаман сөз айта ма екен қыз да сондай? Байманға сыбай болып әкең де отыр, Бай болса неге отыр жалғыз қонбай? Қанатбай керуенбасы той қылғанда, Өкпелеп әкең кетті етке тоймай.
Шырағым, бұл сөзіме ашулансаң, Жылай бер бетің жыртып, салып ойбай.
Ділдә:
Молдеке, «шіркін» десем, ойнағаным, Көңілде еш жамандық ойламадым. Қатты айтсаң, қатты – жай айтсақ, жай, Еркіңе, ашулансаң, қоймағаным. Халқына өкпелесе, бопса етеді, Әкемнің қайдан білдің тоймағанын? Сөз сөйле молда болсаң жөніменен, Ешкімнің көтермеймін ойнағанын.
Сейдәлі:
Қасыңа жаман көрсем келер ме едім? Сөзіңе айтқан жауап берер ме едім? Иманбай байталыңды ұрлап мініп, Мен көрдім ерте тұрып жібергенін. Ойыны еш адамның керекпесе, Сен сонда неге ашуланып, түнермедің?
Ділдә:
Аулымның ақсақалы Байкөп еді, Арқаның қу көдесін мал жемейді. Молдеке, ол сөзіңнің бәрі жалған, Көп жаман көре алмаған не демейді?
Сейдәлі:
Еліңе былтыр қонақ болғанымда, Үйіне молда Әйтім қонғанымда.
Шулады ел ішінде бала-шаға,
Оянсам түн ішінде болғаныңда.
Үйінде молда Әйтімнің қонақ едім, Қашан да өтірік сөзге олақ едім. Байқасам, сол бейхая сен екенсің, Әйтімнің қатынынан сұрап едім.
Ділдә:
Молдеке, айттың сөзді таң көрсең де, Өзіңде ықтиярың, шам көрсең де. Нанбайды ол сөзіңе біздің ауыл, Қатардан сегіз кісі жан берсең де.
Сейдәлі:
Бас болып би мен сардар аттанар қол, Қалады қол аттанса қазылып жол.
Мегежін иттен қорып аяйын ба?
Ықтияр, маған десең, қатыным бол.
Ділдә кідіріп отырғанда, шаптыға тұрып, молда Бәйімнің әйелі, қыздың жеңгесі сөйлейді:
Көрінер түлкі Алтайы іннен шыққан, Өсек сөз бұ секілді кімнен шыққан? Бикешім айдан ару, сүттен сұлу, Өзіңдей молда айтады діннен шыққан.
Сейдәлі:
Ей, жеңгей, бір мен емес өсек айтқан, Өсек пе өзіңдегі бешені айтқан? Бәйеке, жұрттан асқан керемет деп, Қатының осы ма еді кешегі айтқан?
Әй, жеңгей, меніменен ерегеспе, Лайық кісі емеспін ерегеске.
Аузынан әр түрлі сөз шығарады, Молдаңыз шыныменен ерегессе. Өтеғұл шешесіне ас бергенде, Бар едім сонда болған төбелесте. Билерден бір таяқ жеп қалмадың ба, Сен сонда сөйлеймін деп Елемеске? Жалпылдап арасында сен жүресің, Қай жерде екі кісі төбелессе.
Қашаннан атың шыққан бір әйелсің, Ұлы жүз, Арғын, Жаппас құн егессе.
Осынша бір қатынды тел өсіріп, Япырм-ай, Әлім деген ел емес пе? Әлі де айтар сөзім толып жатыр, Көре ғой қызығымды ерегес те…
Әйелді бір жігіт итермелеп, шығарып жібергенде, Ділда сөйлейді:
Ділдә:
Молдеке, шам көрсең де, осы сөзің, Өзіңе білінбейді өз мінезің. Әстемсіп маған не деп сөз айтасың, Келіп пе ең түзетуге сенің өзің? Болады біреу тентек, біреу мақұл, Пенденің Құдай сұрар әр мінезін.
Абайла, көпке тентек болып жүрме, Шарпыды от-жалындай айтқан сөзің.
Сейдәлі:
Қыз бала, әне, сондай менің сөзім, Ежелден Құдай берген бір мінезім.
Кісіге қарап тұрған өзің тидің, Сенің де мақұл емес бұл мінезің.
Ісіне өзі қылған өкінбейді, Сөйледім мақұл етіп көптің сөзін.
Ділдә:
Молдеке, көп күн болды келгеніңе, Қайтарсың аман болсаң елдеріңе. Құрбы деп құрбы ішінде айттым өлең Мас болма мендей қызды көргеніңе. Ашуым келе қойса, мен – бір тұлпар, Сөйлермін, қарамаспын өлгеніңе.
Сейдәлі:
Екі жыл болды мұнда келгеніме, Мен сені қуанбаймын көргеніме.
Айтысып, енді сені жеңбей кетсем,
Ризамын елді көрмей өлгеніме. Шайтаным сескенбейді сендей қыздан, Шыдасам, ере алмассың желгеніме.
Ділдә:
Молдеке, аш көзіңді, айт сөзіңді, Балайсың мың кісіге бір өзіңді. Сен неге жалқау тарттың ерінгендей, Құлқыңды біле алмадым, мінезіңді? «Бір күнгі шабысыма ере алмас», – деп, Сыртыңнан шамалайсың сен өзіңді. Ақын деп, жұрттан озған бір жүйрік деп, Біздің ел мақтайды екен құр өзіңді.
Сейдәлі:
Отырмын сөйлей алмай, ұйқым келіп, Азғана отырсайшы сөзді бөліп. Біреудің мен де өзіңдей баласы едім, Қаларсың обалыма кетсем өліп.
Теңселген торы жорға секілденіп, Тұрмайсың басың тартса кежірленіп. Мен сендей желпінгенге жеңсік едім, Тап болдың таланыма Құдай беріп. Сыртыңнан құмарланып жүрсем-дағы, Көрген соң өнеріңнен тұрмын жеріп.
Ділдә:
Молдеке, орын тауып жерінбейсің, Айтуға қаңқу сөзден ерінбейсің.
Қудалап, айып-шамды айта берсең, Шырағым, сен де мінсіз көрінбейсің.
Сейдәлі:
Айта бер, Ділдә сұлу, мінім болса, Шын сөйле, жалған айтпа, дінің болса. Бетіме қаратпастай қылар едім, Өзімнің елімдегі күнім болса.
Ділдә:
Жайлауға ел көшпейді жаз болмаса, Айналып көк аралға қаз қонбаса.
Тілінен жағы бұрын сөйлеп барад, Жақсы еді осы ақының таз болмаса?
Сейдәлі:
Әй, Ділдә, сен де тазсың, жеңгең де таз, Қышиды таздың басы көргенде таз.
Өзіңді өзің айтып, жұртқа жайдың, Таз болса, қыз болады шерменде таз.
Сау болсаң, орамалың қолыңа алшы?
Алады бас киімін өлгенде таз.
Үйіңде әкең де таз, шешең де таз,
Әкеңнің кенже інісі, жеңгең де таз, Үйіне сол жеңгеңнің бара қалсақ, Отының басы толған әпенде таз.
Қатыны Құрымбайдың Үрім де – таз, Өзінің жалғыз қызы Дүрім де – таз. Айтасың салық қылып оның несін, Шығады екі үйіңнің бірінен таз. Бәрі таз Қолбарақтың төрт баласы, Гулеген шыбын болад ел арасы.
Ішінде отыз екі таз бар екен, Бәрінен мынау пұшық отағасы. Құдайдың шүкір етемін бергеніне, Айналып, сөз өзіңе келгеніне.
Манадан айтпадым ба, Ділдә сұлу, Шындасам, ере алмассың деп желгеніме. Құйрығын жатқан жылан өзің басып, Мінекей, тиді шарпу елдеріңе.
Ділдәның, сірә, бағы ашылмады, Көрінді жағасынан жасырғаны.
Ду болды ұлы күлкі үйдің іші,
Бір шәйнек шай ішкенше басылмады.
Күлкімен отырғанда, бір шәйнек шай ішіліпті. Сейдәлі қалжыңдап, Ділданы тағы қағытты.
Қайдасың, Ділдә сұлу, ұрандасым?
Абайла, сырттан дұспан сыр алмасын.
Шай салып, ақ шәйнекке су құйсайшы, Қайтарып самауырынның бұрандасын.
Ділдә:
Бұл күнде көңілім қайғы, көзім сағым, Тәңірдің кім алады берген бағын?
Бір мүрде тауып бүгін осы жерден, Осынша құнығып туған неткен Табын?!
Сейдәлі:
Әркімге бір Жаратқан пана берсін, Ұзамай, Ділдә, саған бала берсін.
Сөйлей бер сөзің болса өз жөніңе, Орнында айтылған сөз қала берсін.
Ділдә:
Болады жылда осындай мерекеміз, Құрбыға жарасады не десеңіз?!
Молдеке, есітейік көрмесек те, Түрін айт, қандай адам жеңешеміз?
Сейдәлі:
Ділдәжан, жеңешеңіз, әне, сондай – Аршын төс, алма мойын, жазық маңдай. Үйіне қатар-құрбы бара қалса, Жүзіне кете алмайды мейірі қанбай.
Алаштан алдым таңдап, аты – Ханша, Болып тұр заманында қызға патша. Мен оны аса мақтап, не қылайын, Сен жоқсың, Ділдә сұлу, бір сынынша.
Ділдә:
Молдеке, айт өлеңді сөз келгенде, Тәңірдің берген сөзі кез келгенде. Жүргенде өзің мұнда, жеңешеміз Қайтесіз, айнып кетсе, сөз бергенге?
Сейдәлі:
Айныса, айни берсін сөз бергенге,
Ат майын кім мінбейді кез келгенде?
Құдайым бір тәубасын жаңылтпаса, Жоқ еді ондай мінез бір көргенде.
Ділдә:
Молдеке, айт өлеңді сөз келгенде, Аяйсың не жайыңды біз келгенде? Көңілің қорғасындай балқыды ма, Қасыңа біздей сұлу қыз келгенде?
Сейдәлі:
Мен, сірә, қызықпаймын қыз келгенге, Болса да қызыл алтын қыз бергенге. Ділдажан, ит мінезім келіп отыр, Қасыма сен ұсаған қыз келгенде!..
Ділдә:
Лашын сұңқар өлді де, басар қалды, Байлар көшіп кетті де, нашар қалды. Жиғанымның бәрі де сиыр еді, Жалғыз көні құрыған қашар қалды.
Сейдәлі:
Мал болмас жалғыз қашар қанша бақсаң, Тоңар деп күндіз-түні жабу жапсаң. Пұл беріп, қашарыңды мен алайын, Қайтеді қашарыңды маған сатсаң?
Ділдә:
Молдеке, қашарымды ала алмайсың, Алсаң да, келістіріп баға алмайсың. Қыдырып түнде тұрып, оттап кетсе, Іздесең, оны қайтып таба алмайсың.
Сейдәлі:
Өлеңді мен айтайын зордан ойлап, Екеуміз отырайық күліп-ойнап.
Кеткені түнде тұрып айып емес, Үйренер бір-екі күн қойсам байлап.
Ділдә:
Қашарым биылдан соң сиыр болар, Сиыр болса, ол өзі бұйым болар.
Молдеке, сол қашарды алмай-ақ қой, Сірә да, өз басыңа қиын болар.
Сейдәлі:
Атымды мініп шыққан қыр басына, Тұс болдым сауда білмес ұрғашыға. Сатпасаң, сатпай-ақ қой енді, Ділдә, От түссін қашарыңның жанбасына.
Алмаймын қашарыңды құнын беріп, Өзің-ақ қуана бер түрін көріп. Сатпаған сат дегенде қу қашарың, Ұрының кетер өзі соңына еріп.