ШЕРНИЯЗ БЕН ҚЫЗ

ШЕРНИЯЗ БЕН ҚЫЗ

Шернияз:
Жатады жайын шөгіп терең суда, Кейбірде желді жігіт шыдамайды Осындай алқалаған ұлы дуда.
Ақсұңқар асыранды құс алмаған, Қатқақты қалың ылай ылайлаған.
Біз-дағы топты көрген жүйрік едік, Намысқа, сөзге шыдап тұра алмаған. Жиналған ұлы, кіші, жақсы ағалар, Бір бала келді ортаңа сыналмаған.
Төменгі тоғыз арыс әкетеді, Қиырға жөн сілтейді жолын тауып.
Жүйрік ат сүре шабад жерді қауып,
Баласы – мен – Әлімнің ен-таңбалы, Барамын жөнге қарай жалғыз шауып.
Сөз айттың әңгімелей сөзді құрап,
Орамал жолдық алдың сөзбен сұрап.
Қызыл жел қыз аузында бар дегенмен,
Дауысым зордан шығад қорқыңқырап. Атағың алты алашқа жайылған қыз, Отырсың әлі күнге неғып шыдап?
Қыз:
Жігітсің өзің сері, елің алыс, Болыпсың серіліктен елге таныс. Манадан сөзге шыдап отыр едім, Намысқа шыдатпаған сөзің шалыс. Дұшпанға өзі ұрынған үндемесең, Кісіге үлкен аға болар намыс.
Қабығы қалың болар қара талдың, Қонысы су аяғы қара малдың.
Жырынды көпті көрген жүйрік жігіт, Сөз сөйлеп, бір-екі ауыз жолдық алдың.
Желденбе, желді жігіт, жел қабарсың, Сөзіне қыздың айтқан арланарсың. Бұл – Табын, өлең баққан ел болады, Пәлеге, аңдап сөйле, жолығарсың.
Шернияз:
Сен болсаң, пәлелі қыз, жолығайын, Несіне пәле екен деп қорынайын.
Сен емес менің жалғыз көрген жауым,
Құдайдан жолықтырған, айналайын, Ақырсаң, арқам қызар дауысыңа, Келген соң өзің іздеп дабысыма. Желсөзбен табанымды тайдырған соң, Жетіліп, жел аяңдай шабысыңа. Сырғисың аққан судай ағызам деп, Тұрайын қарсы қарап ағысыңа.
Қыз:
Құдеке, тағы келді кезек сөзге, Қиырдың қылаңындай келдік кезге. Сұраған аты-жөнің айыбы жоқ,
Айтсашы, ат-жөніңді енді бізге?
Шернияз:
Ауылдың ақсақалы батыр, бегім, Жаманға теңдік бермей, қағып жедім. Сұрасаң, аты-жөнім мен айтайын, Көшпелі руымыз Кете дедім.
Қыз:
Барады кешкі даусым жерді жарып, Бай болған біздің Табын, дуа дарып. Көшпелі көшіп жүрген, сорлы Кете, Қыс болса, күнелтесің қайда барып?
Шернияз:
Жоғары елдің көбі біздің Шекті, Көтібар, хан-төресі – Әлібек-ті. Сұрасаң, қыс қыстауым мен айтайын, Атырау біз қыстаймыз кең түбекті.
Қыз:
Қаз ұшса, үйрек қонар айна көлге, Қалады көл суалса, бақа шөлге. Қара өлең қайымдасып, айтысалық, Құрысын, ерегіс сөз қалсын енді.
Бір сөзді аңдаусыздан айтқан болсам, Аяғын қара өлеңмен өзің жөнде.
Өзің бай, ел сауырсы Кете болсаң, Қаңғырып, қайдан жүрсің біздің елде?
Шернияз:
Жеті айыр Жемнің бойы – жердің төрі, Жігітті шаршатады шымның өрі. Жас күннен тиянақсыз болып өстім, Зауықшыл дегенменен қыстау желі. Шығады ыссы ай жылда сағым белде, Табанды үй шыдайды дауыл, желде. Түбірсіз, тиянақсыз, жас құдаша, Сіңіп кет, қыз ойыңша біздің елге.
Жүрейін сіздің елге әзіл білсең,
Ауызбен әзілдесіп, ойнап-күлсең.
Жігіті сіздің елдің мен болайын, Құдаңның осы жерде жайын білсең.
Қыз:
Құдеке, жаратамын тап өзіңді, Тар жерде сала берме сен көзіңді. Берейін үйге жүрсең қонақасы, Қоя тұр, жай айтарсың бұл сөзіңді.
Шернияз:
Зергерлер шабады алтын қола, жезге, Қиғаш қас жарасады бота көзге. Қаңбақтай жел аударған Тәңірім айдап, Қиырдың қылаңындай келдік кезге.
Осы елге сөз айтам ба қадір білмес, Құрбыға базына айтам ба сенен өзге? Аузыңнан ризалық сөз шыққаннан соң, Ықылас мен риза айтқан сөзге.
Қыз:
Анттасқан айырмайды ақ батасын, Әуелі әзіл айттың сөздің басын.
Нанасың алдағанға Тәңір алғыр, Аламын таңдап өзім жігіт жасын.
Қасыңа жақындасам, исің жаман, Өртенгір, насыбайды неге атасың?
Есірме, есті жігіт, есің таңғыр,
От жанып, сақалыңнан күйіп-жанғыр. Сен өзің ел қыдырып жүргеніңде Сүйегің құба жолда қурап қалғыр!
Шернияз:
Өзіңе болсын енді қарғағаның, Жігіттен болсын сенің бір ажалың. Райдан тәуір көріп, қайтып едің,
Бояудай шамшыл өзің айнығаның…
Арқаның қалың болад қара талы.
Қара отқа семіреді қырдың малы.
Алашқа атың шыққан бір қыз десем,
Нағыздың өзі екенсің айнымалы,
Қызбын деп әлдеқандай бола берме, Сендей қыз қажеті жоқ қолаңсалы.
Қыз:
Шай, шекер – менің асым, жегенім – бал, Берейін бес қалампыр, аузыңа сал. Өзіңше сен де бізді кемітесің, Беу жігіт, теке сасып, әдіре қал?!
Шернияз:
Апырмай, сөзі қалай ақылсыздың, Ашуы жылдам келед жаман қыздың. Атағың алты алашқа жайылған қыз, Сен емес көрген жауы, сірә, біздің. Алашқа атың шыққан бір қыз десем, Нағыздың өзі екенсің көргенсіздің.
Қыз:
Жоғары көтерілген біздің талай, Әнекей, ашулансаң сөзің солай. Сөзіме ашулансаң, еліңе кет, Барында аттың қоңы еліңе жет.
Шернияз:
Мінгенім мен астыма қалың сауыр, Мінсем де, жайдақ ерсіз болмас жауыр. Кетермін, Тәңір айдаса, мен еліме, Бола ма атым өлсе, саған ауыр?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *