ҚАРАІШІК ПЕН ҚУБАЛА

ҚАРАІШІК ПЕН ҚУБАЛА
Қубала:
Осы жерге біздер келдік той бар-ау деп, Күреңді бос жібердік ойнар-ау деп. Бұ тойдан соң қалсам да, үмітім бар, Жолдықты бізге деген қояр-ау деп. Алдында есігімнің сыдырым тал,
Қабығын сыдырып жейді қой деген мал.
Біздерді көп сөйлетіп, не қыласың?
Әкел де, жолдығымды алдыма сал.
Қараішік:
Алдында есігімнің сыдырым тал,
Қабығын сыдырып жей ме қой деген мал? Тоқ бала біздің елде толып жатыр,
Әй, бала, жолдығыңды айтысып ал.
Қубала:
Кім еді айтып желсөз өңмеңдеген, Алладан келмей бұйрық өлмен деген.
Кешегі ел қыдырған есер күнде Қыз бар ма Байбақтыда мен көрмеген?
Қараішік:
Сен едің азбан Тана, азған Тана, Жығылсын атың жүрмей сазға жана.
Еш нәрсе өз еліңнен таппай келіп, Құдықты біздің елден қазған тана.
Қубала:
Мен едім азбан Тана, азған Тана, Жығылсын атым жүрмей, сазға жана. Қараішік, келген жерден құдықты айттың, Немене құдық деген, Құдай тоба!
Қараішік:
Тезегін таза көлдің термеймісің, Жүгіртіп, ат құйрығын өрмеймісің? Болмасаң, есің кеткен есер Тана, Құдықты мал суарған көрмеймісің?
Қубала:
Қараішік қызығарсың қылығыма, Келтірме бұндай сөзді бұлығыма. Жолаушы, атым шөлдеп келе жатса, Салайын тері қауға құдығыңа.
Қараішік:
Қубала, қызығарсың қылығыма, Келтірме бұндай сөзді бұлығыма. Жолаушы, атың шөлдеп келе жатса, Қояйын астау құрып құдығыма.
Қубала:
Өлеңге сен де жетік, мен де жетік,
Айтсайшы жетік болсаң, мендей етіп, Мінезі құнанымның тентек еді, Сындырмасын астауыңды қарғып кетіп.
Қараішік:
Қызды көрсең, япыр-ай, күлімдейсің, Өзіңе өз қылығың білінбейсің. Қызығып, қыз үйіне кіремін деп, Мұрының сағанаққа ілінгейсің.
Қубала:
Күлмеймін, ойнамаймын баламын деп, Ойнасам, бір пәлеге қаламын деп.
Неталы Бисалымен алып келді Бір тұқым осындайдан аламын деп.
Қараішік:
Келе жатқан мына жақтан жүз қарақшы, Ішінде жұртты құртқан бір қарақшы.
Тананың Қубаласын алып келіп, Неталы, Бисалымен сен қарақшы.
Қубала:
Келе жатқан мына жақтан жүз қарақшы, Ішінде жұртты құртқан бір қарақшы. Қалмақтан біз ұрласақ, жылқы ұрлаймыз, Өз бетін өз ұрлайтын қыз – қарақшы.
Қараішік:
Қубала, айта алмадың жардан ұшқыр, Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір. Үйіңнің барлық жаны қырылып қалып, Байларда малайлыққа күнің кешкір.
Қубала:
Қараішік айта алмадың, жардан ұшқыр, Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір. Қазақтай көп қарғысты мен білмеймін, Әкеңнің оң жағында ішің өскір.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *