Бақтыбайдың Жәлмендеге айтқаны:
Ассалаумағалайкүм, Жәлменде болыс, аман ба? Адамға адам сүйеніп, Жан бақпақ еді әманда. Әрбір ханның тұсында
Бір сұрқылтай деген ғой,
Қатарында Балпық би
Ескелдіге көз салған Қасына ерген заманда.
Жанақ, Түбек Найманда,
О да өзінің тұсында
Сүйенген досы бар еді
Байлығы дария Маманға
Ескелді, Балпық тұсында
Болған екен Қабаны,
Соларменен сөз алтын, Болған екен бағалы.
Шортанбай, Шөже, Орынбай,
Қаздауысты Қазыбек,
Құсбегі, Шыңғыс, Құнанбай – Солармен кірген ажары.
Екейден шыққан Сүйінбай,
Қасқарау Жайнақ, Сұрабай, Сарыбаймен құрдас боп, Кірген екен ажары.
Адамға адам себепкер, Қалған екен мұрасы. Біреу – жарлы, біреу – бай, Жаратып отыр құдасы.
Қара Бәйтік, Кенжебай,
Уағында шығыпты Қырғыздан асып расы.
Қатарымда сен шығар,
Саяңда мен бұлбұлдың
Алдыңа күнде сайраған, Топқа салған жорғамын,
Табаны мұзда таймаған,
Ақылға дарқан кемеңгер,
Ер мұқтажын ойлаған,
Алтын сөзді аға боп
Қабар менен Найманнан, Қара Балпық аруағы, Жәке, сізге айналған.
Лауқылмақфуз кәламда Жазылған артық ирегің.
Аруақтым Бәйшегір,
Жалайырдың аз елін
Андас пенен Мырзаға
Теңгеріп, өрге сүйредің. Үйсін, Найман баласын Ояз болып, биледің.
Сіз Жәлменде болған соң, Жалайырда белгілі Саяда мынау жүргенім. Ішім– ауру, сыртым – сау, Запырандай күйдемін.
Осы жүрген кезімді,
Айтпай-ақ өзің білесің Ойымдағы сөзімді.
Өлеңге жүйрік болсам да,
Жақтырмаса, айтады
Қайыршы деп өзімді,
Алтын жүнді сұр тоты,
Байланған шынжыр арқанмен Арманда боп тұр бір тоты.
Қызығамын түсіне,
Мойнындағы асыл ісіне,
Шынжырды егеп, қиятын
Асыл егеу және жоқ, Мен байғұста шама жоқ,
Осы құс түсті көзіме,
Қапаста бұлбұл сайрайды, Бұлбұлды көзім көргенде
Қазандай ішім қайнайды.
Сол бұлбұлды алам деп, Қайтейін, көңілім ойлайды…
Есігін ашып кірерге
Қолым қысқа, бұлым жоқ,
Ол қапастың ішінде
Мен байғұсқа орын жоқ,
Тілге келсе, бұлбұлмын,
Малға келсе, құзғынмын,
Бір шабар менің қоңым жоқ,
Егеуім жоқ қолымда,
Шынжырды егеп, кесерге
Аяқбауым қолым жоқ, Әдісін тауып шешерге. Таудан қашқан ол түлкі, Қайратым жоқ жетерге.
Осы қалған дүниеден Арманда басым өтер ме? Сыртым – бүтін, іш – түтін, Жолықтым мұндай кеселге.
Көрген күнім күн емес,
Және менің бұрынғы
Өзіңіз де білесіз,
Қалтамда жоқ бұлымды.
Айтайын деп келіп ем Алдыңызға мұңымды.
Ел мен ерді қуат қып, Бір сертке Бақаң ұрынды.
Ер жігітке серт екен,
Жете алмаса сертіне
Жазылмас ойдан мерт екен,
Өмірлік жолдас – ғашықтық
Жүректің жанған өрті екен.
Жақсы әйел мен жүйрік ат Жалғанның сондай көркі екен.
Жалайырдың ішінде
Ашты Құдай жолыңды.
Жеткізіп отыр қолыңды.
Әрі болыс, әрі ояз,
Төрден алдың орынды.
Нашарға көзің салатын,
Жосылып кеткен нашарлар Саяңда жаны қалатын. Арқаңызбен алатын.
Бақ орнаған кісі едің
Аруағыңыз толымды. Ақылға дария кен едің, Асқар таудай көбелі.
Алтын бұтақ бәйтерек,
Жәлменде би сен едің, Саялай келген мен едім.
Жәлменде:
Бақ қонбайды жасыққа, Көңіліңді, батыр, жасытпа!
Жігіт адам жетеді
Шын қамданса мақсатқа. Құмарлық іс ғашыққа.
Мен аянып қалмаспын
Келгенін саған қолымнан,
Байқоржын, Тарақ жалғассын, Туғызып Айды оңынан.
Мәйке кетпес еш жаққа,
Бұрылып сенің жолыңнан.
* * *
Екі ай жүрді Бақтыбай,
Мәйке қыздың соңында,
Сар домбыра қолында, Әркімге жүрді жай айтып, Жетсе деп ісім орнына.
Бас қосып, қалың ел келді,
Қол ақы жесір ұлықтан, Сөйлейтін сөздің өрнегі.
Біреуге біреу теңдік ап, Топтағы мақсат бермегі.
Кәрішал шыны, Байтұрбай,
Байқоржын, Тарақ Найманнан,
Жәлменденің үйінде
Бас қосып, солар кез келді.
Бақтыбайды көргенде, Иек қағып, Жәлменде Көз астымен меңзеді.
Сол уақытта Бақтыбай Жұмбақтай қылып мұң айтып, Біраз ғана сөйледі.
Бақтыбай:
Басында мына Алатау ойлаған жоқ,
Негізі, тамам таудың бел болам деп;
Негізі, мынау теңіз ойлаған жоқ,
Жетісу теңдей құйып, көл болам деп;
Ақ құмы Атыраудың ойлаған жоқ,
Тұз шығып, берекелі кен болам деп;
Қызылқұм Жетіжалмен ойлаған жоқ,
Дым тимес, жазды күні шөл болам деп;
Күйкентай бөктергімен ойлаған жоқ,
Қайратсыз, тамам құстан кем болам деп;
Кесіртке тышқанменен ойлаған жоқ, Күйкентай, жапалаққа жем болам деп.
Мен болдым сөйлер сөзге шапқан жорға, Дәулет жоқ сөзден басқа біздің қолда. Мен көрдім жібек баулы бір тоты құс, Қапаста байлаулы тұр темір торда. Күнқақты қаңғып жүрген мен – бір жазған, Орнымнан көтерем боп тұрған зорға.
Көзқұмар, көңіл ғашық, ә, дариға, Жетпейді созса қолым оң мен солға.
Сендерсің жел тимейтін орман-тоғай,
Ақ мылтық қиын-қыстау боран болса, Мұң айтам алдын ала, халқым, қорға. Айтқан серт мәртебеге жетемін деп, Келіп ем бір талаппен осы жолға. Жалғанда жақсы да жоқ, жаман да жоқ, Негізі, маңдай менен бақ пен сорда.
Бақтыбайдың кедейліктен тартқан тақсыретін, құлашын кең жаза алмайтынын терең түсінген, әрі оның адамгершілігі мен ақындық, азаматтығына сүйсінген, бір жағынан, Мәйке қыздың аянышты халіне, шын мәнінде, жаны ашыған Жәлменде Мәйкенің қайын жұрты Бектемір адамдарын дереу Жалайырмен бітімге келтіріп, Мәйкені Бақтыбайға алып беріпті.