ЖАҢЫЛДЫҚ ПЕН ҚҰДАЙБЕРГЕН

ЖАҢЫЛДЫҚ ПЕН ҚҰДАЙБЕРГЕН
Құдайберген:
Өлеңде бісміллә айтпақ, бұйырық жоқ, Азырақ өлең айтсам, көңіліме тоқ.
Алайын амандасып Жаңылдықпен, Біздерге рұқсат берсең, жиылған топ.
Ал енді, байдың қызы, жүрсің бе аман?
Сарғайып ашығылықтан болдым саған. Аулыңа үлкен-кіші мейман келді, Күтіп ал, мейманыңды келсе, шамаң.
Жаңылдық:
Құдеке, көп қуандым келгеніңе, Лұқпандай мың жасадым көргеніме. Әдейі арнап, маған келген болсаң, Жарармын бір күн, бір түн ермегіңе.
Құдайберген:
Біз келдік Әйтпенбет бай ауылына, Істің жеңіл көруші ем ауырын да.
Аулына Әйтпенбеттің барамыз деп, Кемпірдің* мәслихат қылдық бауырында.
Жаңылдық:
Кемпірдің мәслихат қыпсың бауырында, Белгісі шұбар аттың сауырында. Әдейі арнап, саған келдік дейсің, Бар еді не жұмысың ауылымда?
Құдайберген:
Біз келдік Әйтпенбет бай базарына, Көріндің сен базардан назарыма.
Өзіңді көрмесек те, естуші едік, Сыртыңнан құмар болып ғазалыңа.
Жаңылдық:
Қай өлең, мына өлең жиырма өлең, Шығады жиырмадан бұйырма өлең.
Тығармын екі аяқты бір етікке, Апырмай, жұтамаса биылғы өлең.
Құдайберген:
Қарағым, менде де бар елу өлең, Көңіліңді толтырармын елуменен.
Асықпын деп өзіңді көтермегін, Алу сенен болғанда, беру менен.
Жаңылдық:
Ауылым көшіп барады Өліктіге, Жаяу жолдас болмайды көліктіге.
Аталық*, еркексініп, сөз сөйлеме, Мен сендей қарамаймын бөріктіге.
Құдайберген:
Тоқсан түссе, қарайды мұз алғанға, Күйеу деп көп ойнайды қыз алғанға.
Егер де бөріктіден қаша қойсаң, Мен сендей қарамаймын қызарғанға.
Жаңылдық:
Өлеңге жас күнімнен өзім тоқпын, Сілтеген қараңғыда жалғыз оқпын.
Қалай айтсаң, олай айт, Құдайберген, Мал құдайы қылсаң да, саған жоқпын.
Құдайберген:
Өлеңге мен білемін үдеріңді,
Мен саған қайдан білдің не дерімді?
Аталық атастырған жұртың еді, Үзесің не себепті күдеріңді?
Жаңылдық:
Әуел айым, дегенде әуел айым, Сіздерден аямайын тілдің майын. Аталық, күдер үзбей, мен қайтемін, Бұрынғы атастырған өлген байым.
Құдайберген:
Байың өлсе, мұрасы бар емес пе, Ол да саған, қарағым, зар емес пе? Аталық атастырған жұртың еді, Кетем деген өзіңе ар емес пе?
Жаңылдық:
Рас-ау, кетем деген ар емес пе, Қолыма жетектеген нар емес пе? Аталық, мен қатарлың құрып қап па ед, Таңғаның маған бүгін шал емес пе?
Құдайберген:
Ағамды дұшпандықпен кәрі дейсің, Көзі көк, сақалы жоқ сары дейсің. Нәсіп болып, қолына тие қалсаң, Кәрі емес, мұның өзі дәрі дейсің.
Жаңылдық:
Күрең ала дегенде күрең ала Әркімге медет берер Алла тағала. Қу шандыр, қу ағаңды мақтай берме, Сүйретіп, не қылайын ағашты ала?
Құдайберген:
Ағама сөйтіп қана тиіскейсің, Ол жайын жүре-жүре біліскейсің. Қолына оңашада түсе қалсаң, Астынан тамағының иіскейсің.
Жаңылдық:
Бақыбай, Қуанышпен алдың қоныс,
Көп күліп, ыржаңдайды ана Толыш.
Намысқой, ондай жесір жібермесең, Қатыныңды неғып алды Бапал орыс?
Құдайберген:
Жаңылдық, бір қоймадың айтқаныңды, Білмей қалып жүрмеңіз қайтқаныңды. Кісінің ширек мінін сөз қыласың, Өзіңнің қоя тұрып батпаныңды.
Жаңылдық:
Қара керім, дегенде қаракерім, Еті бар қаракердің алым-берім. Өзің ширек, біздерді батпан қылдың, Сол батпанның мәнісін айтып берің.
Құдайберген:
Өлең қылып берейін аймағыңды, Пайда қылма, Жаңылдық, жайғаныңды.
Екі қызы орысқа бірдей тиген, Қайтесің бөлек тілеу Шайманыңды?
Жаңылдық:
Мен тұрған осы күні піскен алма, Құдеке, білгеніңнен айтпай қалма.
Екі қызы орысқа тиген дейсің, Олардың қайынжұрты бар ма сонда?
Құдайберген:
Біреуі Шуылдақтың қатыны еді, Ол, байғұс, қатынынан қапыл еді. Дінін бұзып, орысқа тигеннен соң, Соттасып, осы уақытта жатыр еді.
Жаңылдық:
Базардан алып келген қызыл алма, Құдеке, білгеніңнен қапы қалма.
Әшейін жала сөзді көп айтасың,
Мән-жайын білетұғын куәң бар ма?
Құдайберген:
Салайық айтқан сөзді осы көпке, Шығам дейсің, қарағым, өзің шетке. Сенің ағаң, Зәуірбек, мынау отыр, Куәма өткіземін Зәуірбекті.
Жаңылдық:
Сиыр сұлу көрінер тұқымымен, Қыздар сұлу көрінер мықынымен.
Бірің ақсақ болғанда, бірің – соқыр, Қисайтып, ұрған екен тұқымыңмен.
Құдайберген:
Қыз іздеген жігітке сұлу керек, Сылай төс, қырлауырақ мұрын керек. Әттең, сені замандас демеген соң, Шал да болса, біреумен құру керек.
Жаңылдық:
Ағаңыз мені алатын Құрманәлі, Қандай ед айтып бергін оның қалы? Алам деп иектерің қышымасын, Он шақырым аулақ жүр менен әрі…
Құдайберген:
Жаңылдық, келіп едім сені мақтап, Төрт арыс ауылыңа келді қаптап.
Бармасаң, ағамызға бармассың сен, Ауылыңда жүруші еді қойшың жақтап.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *